Әлеуметтік желі: Қатесіз жазып жүрсіз бе?
Әлеуметтік желі: Қатесіз жазып жүрсіз бе?
380
оқылды

«Кеш жарық Сауаташу Матем Орыс тілі Факултатив» Биылғы оқу жылы бас­та­ла салысымен WhatsApp топтар мен өзге де әлеу­меттік желілерді аралап кет­кен «приколдың» бірі – осы. Шамасы мұғалім ата-аналар отыратын топқа сабақ кестесін осылай жаз­ған, ал кейбір ата-ана­лар оны түсінбей «кеш жа­рық деген не, оған да дәп­тер арнаймыз ба?» деп шу­лаған-мыс. Аяғында бұл «шу» WhatsApp-тағы басқа чаттарға салынып, одан өзге де желілер ар­қы­лы тұтас елге тарады.

WhatsApp демекші, қазір қал­та телефонындағы осы бір қосым­ша­сыз күніміз өтпейтіні рас. Та­ңертеңнен, түннің бір уағына де­йін sms хабарламалар, әзіл-қал­жың, бүгінгінің тілімен айт­қанда, небір «хайптар» үсті-үстіне келіп жатады. Қарым-қатынастың бір­ден бір құралы да осы – WhatsApp. Расында әлеуметтік желілер мен гаджеттердегі қосымшалар адам­ның көңіл күйін, айтар ойы мен пікірін білдіретін ашық алаңға айналған. Десе де, ашық алаңда «ашық боламын деп тантық кө­рініп», тым еркінсіп кеткеніміз сон­ша желінің «жұртқа жаяр» және бір функциясын ескере бер­мейміз. Мәселен, әлеуметтік же­ліде болсын, WhatsApp, Messenger т.б. қосымшаларда болсын әр жаз­­­бадан адамның деңгей, қабі­ле­ті анық білініп жатады. Оған қы­­сы­лудың орнына сауатты жа­зу­­ға құ­лық танытпайтынымыз бай­­­қа­лып отыр. Оған бір мысал – жо­ға­рыдағы сабақ кестесі. Ата-ана­лар тобына сабақ кестесін жол­даған мұғалімнің өзі айналдырған бес сөзде бір емес, үш қате жібер­ген. Яғни, «Кеш жарық» сөзінен кейін «!» белгісін қоймаған, «сауат ашу» пәнінің атауын қосып жа­зып, факультатив сөзінде жіңіш­келік белгісін қоюды ұмытқан. Мұғалім сабақ кестесін асығыс отырып жазды деп ақтап алуға да болар. Алайда әлеуметтік желіге жазба қалдырғанда сауатына нем­құрайлы қарап, қатемізді тү­зе­тудің орнына «етіміз өліп» бара жатқаны да шындық. Мұғалімнің сауаты демекші, жақында Алма­тыдағы бір колледжде тігін ісін үйрететін та­нысымнан мынадай әңгіме ес­тідім. Колледж дирек­торы мұға­лімдерге оқу барысында қолда­натын базалық материалдар тізі­мін «барқыт, атлас, сатин, велюр, хб...» деп ауызша айтып жаз­д­ырып жатса керек. Сөйтсе, жас мұға­лімнің бірі хб (хлоп­чато­бу­мажный, қазақша – мақта-ма­та) материа­лын алдындағы қағаз­ға «қыбы» деп жазып қойыпты дейді. Яғни, естуі бойынша жазып тұр. Десе де, оқу бітіріп, тігін сала­сынан кол­ледж оқушыларына са­бақ беруге келген жас маман «хлоп­чато­бу­мажный» сөзінің қа­лай дұрыс жазылатынын білмегені ғой. Ал ондай деңгейдегі ұстаз кім­ді оқытып қарық қылмақ?! Өкінішке қарай, сауатты жазу ісіне келгенде мұндай мысалдар көп кездеседі.

Қазақта «қатын өтірік айт­пай­ды, қағыс естиді» деген сөз бар. Қазір көбіміз қағыс есті­ге­німізді ақ-қарасын тексермей же­ліге жүктеп, жария­лау­ды әдет қылып алдық. Жақында WhatsApp-тағы чаттар арқылы тағы бір әзіл та­рады. Мұғалім оқушыларға тап­сырма беріп, сөз орайы келгенде, «барлықтарың­ның «құлақтарыңа алтын сырға» деген тұрақты тір­кесті айтса ке­рек, сөйтсе балалар дұрыс түсін­бей үйге барғанда «мұ­ғалім бізге алтын сырға тағып келіңдер деді» деп жеткізген. Оны естіген кейбір ата-аналар «алтын сырғаны қай­дан тауып берем?» деп бірден шу шығарып, мектеп директорына дейін барыпты деп естідік. Міне, байыбына бармай, байбалам са­лудың мысалы.

Ресми деректерде ел тұрғын­дарының компьютерлік (цифр­лық) сауатының деңгейі 76,2% деп көрсетілген. Бұл – үлкен көр­сет­кіш. Рас, цифрлық техно­логия түр­лерін жедел мең­геріп жатыр­мыз. Бүгінде еңбек­те­ген баладан еңкейген кәріге де­йін қолымыздан гаджет түспейді, күніне бірнеше рет бармағымыз телефонның ба­тырмасын баспаса, байыз таппай­тын әдет таптық. Қазақстандық BRIF Research Group компаниясы 2018 жылдың қазан-қараша айларында сауалнама түрінде жүр­гізген зерттеудің нәтижесі бо­йын­ша, елімізде WhatsАpp қосымшасы – ақпарат алмасудың ең танымал көзінің бірі. Сауал­намада облыс орталықтары мен үш ірі қаладан барлығы 2 500 рес­понденттен жауап алынған. Бел­гілі болғандай, жауап берген қа­зақ­стандықтардың 77%-ы күнде­лікті өмірінде жоқ дегенде бір рет WhatsАpp қызме­тіне жүгінетінін айтса, 68%-ы оны күні бойы қол­данамыз деп жауап берген. Кең қолданыстағы әлеу­меттік желінің бірі – Instagram, сауалнамаға жауап берген әр үшінші адам (34%) Instagram-ды үнемі қолда­натынын айтқан. Зерт­теу нәти­жесі көрсеткендей, тұр­ғындардың дені негізінен ойын-сауықтық, көңіл көтеретін кон­тентті тәуір көреді, көбі «хайп» жаңалық­тар­ды оқып, бір-біріне қосым­ша­лар арқылы «лақ­тыруға» бейіл.

Сондай-ақ елімізде ресейлік әлеуметтік желілер де кең қол­даныста. Біздің азаматтардың 40%-дан астамы «ВКонтакте», 30%-ы «Одноклассник» желісіне тіркел­гені анықталған.

Ал Facebook мен Telegram желі­сі алдыңғыларына қарағанда азы­­рақ көрсеткішке ие. Алғашқысын отандастарымыздың 20%-ы қол­данғанымен күн сайын 8%-ы ғана кірсе, Telegram пайдаланушы қа­зақстандықтар саны 10%-дан аса қоймайды.

Иә, әлем қазір төртінші өнді­рістік революцияға аяқ басты. Ға­ламтор, технология дәуірі. Бұл жаңалықтан біздің мемлекетіміз де тысқары емес. Елімізде 2018-2022 жылдарға арналған мемле­кеттік «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарла­масы жұмыс істеп жатыр. Бұл ақ­параттық-коммуника­ция­лық ор­таны дамытып, IT инкуба­тор­лар, электронды мемлекеттік қыз­мет, киберқауіпсіздік, сандық кітап­хана, блокчейн технология және басқа да цифрландыру ­са­лаларын қамтымақ. Прогрес­сивті қоғам дамуының алғашқы шарты – жақ­сы білім, сауаттылық десек, әлеу­меттік желіге сауатты жаза білу де заман талабы екені анық.