Атырауда поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына арналған әдеби-мәдени апталық өтті. Облыс орталығының ең көрнекті жеріне орнатылған ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алған шаралар легі төрт күн бойы ақынның туған жерін сағыныштың самалына сіңіріп алды. Бір апта бойы мектеп оқушылары мен студенттер, жас ақындар ақын ескерткіші алдында жырларын оқып, көргенді тебірентіп, тыңдағанды жылатты.
Ғұмырында бүкілхалықтық махаббатты сезініп өткен ақын тойында облыс әкімдігінің қолдауымен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша «Бірегей» қоғамдық қоры шығарған «Ар мен ақын» деректі фильмі, «Жыр – менің жалғыз тарланым» аудиоөлеңдер жинағы таныстырылды.
Поэзия падишасы білім алған Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар мен жастар қатысқан республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
– Фариза Оңғарсынова – Атырау топырағында дүниеге келген талант иесі. Өзі барда лайықты бағасын алған ақын шығармашылығының ерендігін айту күрделі. Бүгінгі конференцияда Фариза әлеміне терең үңілген жандардың еңбектерімен ғылыми тұрғыда бағасы берілетініне сенім білдіріп, сәттілік тілеймін, – деді конференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағыты аясында ұйымдастырылған «Фариза Оңғарсынова – көрнекті ақын, қоғам және мемлекет қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда алғашқы баяндаманы филология ғылымдарының докторы, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыр Жүсіп жасады.
– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяқ кезінде қазақтың поэзия әлемінде бір жарқылдаған найзағай ойнады. Бағзы бұйығылықты жойып, ақын қыздар арасында поэзия аспанына сол жарықты алып келген Фариза болатын, – деп атап өтті ғалым.
Конференцияда «Ф.Оңғарсынова және қазақ поэзиясының көркемдік әлемі», «Ақынның азаматтық ұстанымы және қоғамдық қызметі», «Ақын шығармашылығын оқытудың өзектілігі және тәрбиелік мәні» секциялары бойынша баяндамалар тыңдалды.
Поэзия падишасына арналған тағылымды шарада Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, көрнекті жазушылар Әнес Сарай, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, белгілі ақын Светқали Нұржан, филология ғылымдарының докторлары Амантай Шәріп, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы қатысып, Фариза ақынның адами қасиеттері мен шығармашылығы туралы тебірене сөйледі.
– Фариза ақынның поэзиясы өзінің туған жерінің табиғатымен мінездес, тектес, өрістес, – деген белгілі ғалым, ақын Оңайгүл Тұржанның пайымы көңілге қонды. Ақиқатында Фариза Оңғарсынқызының өрлігі өлеңдерінен де айқындалып, сонысымен оқырманын өзіне магнитше тартып тұрды.
Ақын қызға арналған апталықта көрерменге «Ар мен ақын» спектаклі ұсынылды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әлия Дәулетбаеваның драматургиядағы алғашқы қадамы көрерменнің көңілінен шықты. Талантты режиссер Жанат Телтаев, талғампаз суретші Темірбек Мұхтаров, елге белгілі композитор Болат Қохаманов, хореограф Анар Есенғалиевалар бас қосқан шығармашылық ұжымның еңбегі өз бағасын алды.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әнес Сарайдан «Ар мен ақын» спектаклінен алған әсері туралы сұрадық.
– Жан дүниемізді қозғады. Ақынның туған жері Атыраудың сахналық қойылымдарында Фариза туралы дүние болғаны бізді қуантады. Бұл спектакльдің көрермені көп болып, әлі де бағасын аларына сенемін, – деді Ә.Сарай.
Фариза ақынға арналған апталықта аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен құрылған «Фариза жұлдыздары» атты жас ақындар клубының да игі шарасы өтті. Атыраудың мәдени-көпшілік шараларына белсенді қатысып жүрген талантты жастар ақын тойына да үлкен дайындықпен келді. Апталық аясында ұйымдастырылған «Асқақтық пен нәзіктік» атты поэзия кешінде клуб мүшелері өнер көрсетті. Жас ақындардың талабына сүйсінген қарымды қаламгерлер оларға батасын беріп, бірегей болуға тілектестік білдірді.
«Жыр жұлдызы – Фариза» республикалық айтысы да Атырауға еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас ақындарды жинады. Екі күнге жалғасқан жыр аламанының бас бәйгесін батысқазақстандық Талғат Мықи жеңіп алды.
Поэзия падишасы – бояулар тілінде
Қазақтың арда қызы Фариза Оңғарсынқызына арналған апталық аясында облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінде «Поэзия падишасы – бояулар тілінде» атты республикалық суретшілер симпозиумы өтті. Симпозиумға Қазақстанның әр өңірінен 14 суретші қатысты. Нұр-Сұлтан қаласынан Сейсенхан Маханбетов, Алматыдан Серік Тайнов, Шымкенттен Айнабек Оспанов пен Ерғали Палымбетов, Қарағандыдан Ерлан Айтуаров, Павлодардан Өсербай Шуранов, Тараздан Дастан Оразаханов, Атыраудан Қамбарбек Аманов, Әділқайыр Жантасов, Манарбек Дәулетияров, Айса Отаралиев, Бақтыгерей Телеубай, Еркін Қоянғалиев, Нұрлан Бермағамбет секілді суретшілер симпозиумның тақырыбы аясындағы жаңа туындыларын жазып, көрмеге ұсынды.
– Қылқалам шеберлеріне симпозиум туралы алдын ала хабарланып, олардың шығармашылық ахуалда, еркін жұмыс істеуіне уақыт берілді, – деді көрменің ашылу салтанатында Атырау өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы. – Ал соңғы күндері суретшілер бірімен-бірі етене араласа отырып, музей студиясында жұмыстарын тиянақтады. Студияда қанаттас отырып жұмыс істеу олардың өзара шығармашылық лабораториясымен қызыға танысуларына мүмкіндік туғызды. Сөйтіп, қазіргі ашылғалы отырған көрмеге шеберлер кем дегенде екі картинадан қойып отыр. Бұл жауһар дүниелерді аз уақыттан соң тамашалайтын боласыздар.
Осыдан кейін музей басшысы симпозиумға қатысушы суретшілерге түгелдей облыс әкімі атынан алғысхат пен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Өзге өңірлерден келген суретшілер де өз лебіздерін білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті. Шараны ұйымдастырған Атырау облысы әкімдігіне, Атырау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейі ұжымы мен басшысына шын жүректен алғысын білдірді.
Композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақанов поэзия падишасы туралы тебірене сөйледі.
– Фаризаның өзі енді мәңгілік сағынышқа айналды... Міне, мына алдымызда тұрған қылқалам шеберлері сол сағынышымызды, махаббатымызды кенепке түсіріп, бояудың мың құбылған тілінде жеткізіп отыр. Бұл жігіттерді жақсы білемін. Бұлар бүгінгі заманда қорғансыз жандар. Өздерінің творчествосымен ғана өмір сүріп жүрген, ешкімге зияны жоқ адамдар. Ендеше бұл симпозиум олар үшін рухани серпіліс болды. Шабыттарың сарқылмасын, қылқаламдарыңның бояуы кеппесін жігіттер! – деп ризашылығын білдірді.
Суретшілер ақын бейнесін ғана емес, оның туған жері мен жырларын да кенепке өрнектеген екен. Сайып келгенде, көрмеге келушілерге поэзия мен көркемсуреттің үндестік тапқаны ерекше әсер қалдырды.
Ән әуелеген кеш
Фариза Оңғарсынова жан-жақты талантты болды. Өлеңді қалай жазса, күйді де солай орындады. Оркестр құрамында өнер көрсеткен Фариза ән де шырқайтын. Оның өлеңдеріне жазылған әдемі әндерді Мақпал Жүнісова, Нұржамал Үсенбаева, Ақмарал Машимова, Гүлмира Ақүрпековалар еліміздің сахналарында шырқап, құрметке бөленіп жүр. Республикалық эстрада әншілерінің байқауына қатысқан өнерпаздар ақын туған жеріне келіп, елдің ризашылығына бөленді. Байқаудың бас жүлдесін Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі Айбар Ғаниұлы иеленді.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен қорытынды кешке Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәулешов, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және еліміздің әр өңірінен келген зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараға арнайы келген Нұрқиса Дәулешов Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау лебізін жеткізді.
– Қасиетті Атырау жерінде кешелі бері шоқтығы биік, мағынасы терең үлкен шара өтіп жатыр. Асқақтатып жыр, күмбірлетіп күй төккен тамаша кешті ұлт рухының мерекесі деуге болады. Осылайша, ақын қызға арналған мәдени шаралар өз мәресіне жетті, аздаған қимастық сезімі де жоқ емес, – деді ол.
Апталықтың әр шарасын қалт жібермей, ақынның жыр-шумағын жатқа оқыған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ел рухын асқақтатар мұндай іс-шаралар жалғасын табады деген сенім білдірді.
– Фариза апамызға айтылар теңеу көп. Дегенмен оның шыншылдығы мен жолдасқа, досқа адалдығы бір бөлек. Бүгін, міне, соның куәсі болдық. Өйткені апталық аясында өткен әр шараның басы-қасында елдің арда азаматтары болды. Олар бұл шараның мәртебесін көтергені сөзсіз. Фариза поэзиясы – өскелең ұрпақты батылдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін қуатты поэзия. Алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын тауып, Фариза апамыздың шығармашылығы кеңейіп, елдің дамуына, өскелең ұрпақтың рухы биік болып қалыптасуына сеп болатын тәрбиелік шаралардың қатары артсын, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.
Фариза Оңғарсынова – көркемсөз майданында ақын мен жазушыға тән адамгершілік, батылдық, адалдық, ерлік, намысқойлық, ұлтшылдық секілді қасиеттердің биігінен көрінген ақын. Ақынның өлеңдері кейінгі ұрпақты ерлікке, туған жер мен адамзатты сүюге арналғандықтан да өміршең болатынын туған жерінде өткен тағылымды шаралар айқындап берді.
Атырау облысы