Джон Уильямс, ВВС Global News-тің жарнама сату жөніндегі вице-президенті: ВВС рейтинг қумайды
Джон Уильямс, ВВС Global News-тің жарнама сату жөніндегі вице-президенті: ВВС рейтинг қумайды
205
оқылды

– Бүгіндері интернет өміріміз­ге етене кіріп, ойымызды жаулап алды. Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін те­ледидардан гөрі ин­тернетті қол­данады. Осыған қарап келешек­те газет пен телевидение медиа­нарықтан біржола ығыс­тырылады дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?

– Рас, осы күні теледидар мен басылымнан гөрі интернетке сұраныс жоғары. Бұл тенденция жақын арада өзгермейді. Өйткені бүгінгі аудитория бүкіл ақпаратты мобильді құрылғы арқылы алады. Мейлі ол бағдарлама көрсе де, газет оқыса да ұялы телефон не компьютер арқылы оқиды. Осыған қарап-ақ медианы тұтыну нары­ғында газет пен теледидардың үле­сі күн сайын азайып жатқанын байқайсың. Соған қарамастан, га­зет пен теледидар өз аудиториясын жоғалтқан жоқ. Ол аудитория тө­мендесе де, түбегейлі жойылады деп ойламаймын. Дегенмен сұра­ныс пен технологиялық өзге­ріс­терге сай, сұраныс азая беретіні айдан анық.

– Бұқаралық ақпарат құрал­дарының негізгі табыс көзі – жар­нама. Мұны бәрі біледі. Қай жерге қарасаң да, айналаң жарнамаға толы. Қазір адамдар содан зәрезап болды. Осы жерде таразы басын тең ұстау үшін не керек?

– Әрине, қызықты дүниені жар­намамен бөле бергенді ешкім ұнатпайды. Тіпті сандық бұғаттау технологиясының өзі бұған көз жет­кізген. Бірақ ВВС сияқ­ты БАҚ контенттің ішін жар­на­мамен толтырып, аудиторияны көруге міндеттемейді. Онда жар­нама көлемі мен жиілігі реттелген. Ал коммерциялық басылымдар жазылушылар мен жарнама беру­шілердің қолдауына мұқтаж. Олар­дың өздері де аудиторияны жа­лықтырып алмау үшін жарнаманы жиі бермейді. Бірқатар басылым жарнамаға тәуелді болмаудың жолын тауып, оқырманға жарна­масыз контенттің жолын ұсынды. Ол үшін оқырман басылымға ақылы жазылуы тиіс. Нәтижесінде, жақсы көрсеткішке жетті.

– Соңғы 4 жылда жарнама нарығында газеттің үлесі 13 па­йыздан 6 пайызға төмендеп кетті. Осыны қалыпқа келтіріп, газетті қалай аяққа тұрғыза аламыз?

–Қазақстандық медианарықты жіті зерттемеген соң, ол жайында дөп басып ештеңе айта алмаймын. Алайда әлемдік басылымдар сандық технологияның мүмкін­дігін барынша пайдалану арқылы бүкіл қиындықты еңсермесе де, аздап жеңілдеткен сияқты. Себебі, сапалы контентті тарата отырып, аудиторияның біраз бөлігін сақтап қалған. Бастысы, оқырманның талғамы мен талабын ескере отырып, жұмыс істеу керек.

– Мәселен, ВВС ауди­торияны қалай тартып жатыр? Қандай әдіс­терді қолданған жөн?

– Біздің бірден-бір миссия – аудиторияны ақпараттандыру, оқыту және көңіл көтеру. Осы қағиданы жаңалықтардан бастап, балаларға арналған бағдарламаға дейін барлық контентте ұстанады. Тіпті шынайы оқиғалар мен драмалық сценарийлер де осы ұстанымға сай жазылады. Мысалы, BBC News обьективті, оперативті, нақтылықтың арқасында әлемдік БАҚ-тың алдына шықты. Сон­дықтан да шындықты іздеген адам бізге жүгінеді. Қазір дүниежүзі BBC Global News-тің контентін платформаның барлық түрінде ең көп тұтынады.

– Біздің телеарналар стри­мингтік сервис не болмаса ютуб арналармен қалай бәсекелесе алады?

– Ютуб – ең табысты плат­форма. Ол ауқымды аудиторияны өзіне қаратып алған. Басқа арналар ютубпен бәсекеге түсу үшін өз артықшылығын ойлап табуы ке­рек. ВВС контенті кәсіби, сапалы болғаны үшін жоғары бағаланады. Сондықтан біз сапаға жұмыс істейміз. Айтар кеңесім, өз кон­тентін барлық платформада, әлеу­меттік топта, кез келген құ­рылғыға қолжетімді етіп дайын­дай білуі керек. Жақында BBC Global News өзінің арнайы бейне сай­тын қосты. Онда онлайндағы ауди­торияға ең қызық жа­ңа­лықтың үзінділері жарияланып отырады.

– Біздегі телеарналар жоғары рейтинг жинау үшін жеңіл-желпі, көңіл көтеретін шоуларға басымдық беріп кетті. Осыны сынайтындар да көп. Адамның танымын, талғамын көтеретін интеллектуал жобалар жоқтың қасы. Осы жағдайдан шы­ғудың жолы бар ма?

– Коммерциялық телеар­налар негізінен жарнамаға сенеді. Өздеріне қолдау табу үшін де рей­тингісі жоғары болуы керек. Ал бүгінгі көрермен ақпарат алып қоймай, көңілі көтерілгенін де қа­лайды. Телеарнаның сұранысы да осыған сай жасалады. Себебі танымдық дүниеге емес, ток-шоу­ға сұраныс жоғары. Қазір негізгі аудиторияны қамтып отырған да ток-шоулар. Одан шығудың бір ғана жолы бар: онлайн арқылы көрерменге не қажет екенін, сұра­нысы қандай екенін біле отырып, нақты фактіге құрылған ақпа­ратпен де қамтамасыз ету керек. BBC рейтинг қумайды. Басты мақсаты – Ұлыбрита­нияның бүкіл аумағын қамтитын ақпаратты тарату. Себебі BBC Ұлыбритания халқының жыл са­йынғы лицен­зиялық төлемі ар­қылы қаржы­лан­дырылады.

– Орталық Азияның біраз елін­де ВВС-дің бөлімшелері бар. Қазақстанда әлі ашылмаған. Не­ліктен? Әлде біздегі халықтың са­ны, медианарық, саяси өзгеріс­тердің әсері бар ма? Жалпы, алдағы уа­қытта бөлімше ашыла ма?

– ВВС-дің жалпы әлем­дік қызметінде жұмыс істемеген соң, олардың жоспары жайында ештеңе айта алмаймын.

Әңгімелескен Нұрмұхамед БАЙҒАРА