Мемлекеттік хатшы алматылық зиялы қауыммен кездесті
Мемлекеттік хатшы алматылық зиялы қауыммен кездесті
292
оқылды
Алматыда дөңгелек үстел өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» Жолдауы талқыланды. Кездесуді ашқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Президенттің биылғы Жолдауы іс жүзінде пандемия мен әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанды дамытудың жаңа әлеуметтік-экономикалық кезеңі екенін атап өтті. Алдағы барлық жаңа өзгерістер мемлекет жұмысының тиімділігін арттыруға, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталатынына  тоқталды. Қазіргі күрделі жағдайда зиялы қауым өкілдерінің дағдарыс көріністерін жеңуде, халықтың жаңа жағдайға бейімделуде үлкен рөл атқаратынын айтты. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Президент Жолдауына сәйкес мегаполисті дамытудың таяу арадағы басты бағыттарын атап өтті. Мұнда денсаулық саласын модернизациялауға және пандемиямен күреске, барлық саланы, оның ішінде білім беру жүйесін кеңінен цифрландыруға баса назар аударылатынын айтты. «Қала оқушыларына қашықтан білім берудің жалпықалалық «Сфера» платформасы құрылды. Жаңа цифрлық білім контенті әзірленді, оқытушылар тиісті даярлықтан өтті. Барлық балалар, оның ішінде аз қамтылған отбасылардың балалары үшін қажетті көлемде ноутбуктер мен планшеттер сатып алынды», – деп хабарлады Б.Сағынтаев. Қала басшысының айтуынша, жастардың бойында инновацияның ашықтығын қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Цифрландырудың 2025 жылға дейінгі қолданбалы стратегиясы әзірленіп, қаланың АТ-кеңесі құрылды. Студенттер мен оқушылардың АТ-дарын пулы жасақталды. Бұдан өзге, Жолдаудың міндеттеріне сәйкес қала балаларын спортпен, мәдениетпен және мектептен тыс қосымша білім берумен кеңінен қамту үшін барлық жағдайлар жасалатыны да айтылды. Қала әкімі өскелең ұрпақтың бойында дұрыс рухани құндылықтарды қалыптастыруда және оларды тәрбиелеуде шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Кездесу барысында ұлттың рухани жаңғыруы туралы мәдениет пен ғылымның танымал қайраткерлері Оразалы Сәбден, Смағұл Елубай, Мұрат Әуезов, Төрегелді Шарманов, Мұрат Жұрынов, Рахман Алшанов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Досанов, Кенжехан Матыжанов және басқалары өздерінің ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.