Еуропаның исламға қарсы қозғалыстары нені көздейді?
Еуропаның исламға қарсы қозғалыстары нені көздейді?
438
оқылды
 

Швеция мешіттерінің біраз бөлігі Түркияға бағына ма?

Тарихқа сенсек, Швецияға мұ­сыл­мандардың иммиграциясы 1960 жылдардан басталып, бүгінде жалпы халықтың 8 пайыздан астам үлесін құрайды. Бұл Скандинав елін­де негізінен Ирак, Иран, Бос­ния мен Герцеговина, Косово, Си­рия, Сомалиден келген мұсыл­мандар тұрады. Сондай-ақ соңғы онжылдықта Түркия мен Ливан­ның азаматтары да тұрақтап жатыр. Швецияның демографиялық ахуалы мәз емес. Халық саны 10 млн-нан асса да, елдің 22 пайызын не иммигранттар, не олардың ұр­па­ғы құрайды. Кезінде Pew Research Center Швециядағы мұсыл­мандар санын 810 мың адам деп анықтап, 2050 жылға дейін мигра­цияның үш түрлі сценарийін бол­жаған еді. Оған сәйкес, нөлдік миг­рация жағ­дайында 30 жылдан кейін Швеция мұ­сылмандарының саны – 1 130 000 адам (халықтың 11,1 пайызы), орта миграцияда – 2 470 000 адам (халықтың 20,5 пайызы), жоғары миг­рацияда 4 450 000 адам (халық­тың 30,6 пайызы) болады деп дабыл қағады. Швеция билігін алаңдатқан тағы бір мәсе­ле – жергілікті мұсыл­мандар­дың діни білімді исламның уаһһа­биттік бағытын ұстанатын Медина уни­вер­ситетінен алуы. Бұл универси­теттерде әйелдер мен мұ­сылман емес азаматтарға оқуға тыйым ­са­лын­­ғандықтан, швед билігі оларды демократиялық құнды­лық­тарға қарсы деп, шетелдік грант­тарға тыйым салды. Бұдан тыс Шве­ция­ның онға таяу мешітінің имам­дарын Түркияның дін істері жөнін­дегі басқармасы тағайын­дайтыны белгілі болған. Бұл мешіттерде діни уағыздан бөлек, түрік президенті Эрдо­ған­ның да саясаты насихат­талады екен. Бүгінде Еуропада мұсылман әйелінің туу көрсеткіші – 2,2, ал еуро­палық әйелдікі – 1,4-1,5. Демо­графтар мұсылмандардың туу көр­сеткішінің демографияға тұ­рақты түрде оң әсер ететінін алға тартады. Еуропаның «кәрі құрлық» деп ата­л­­уының тағы бір астары – байырғы халықтың тез қартаю процесі. Есе­сіне, Еуропадағы мұ­сылман­дардың төрттен бір бө­лігін 15-29 жас аралығындағы жастар құрайды. Болжам бойынша, алдағы жылдары Франция, Германия мен Нидер­ландыдағы 11,3 млн мұсыл­ман 16,4 млн адамға дейін артуы мүмкін. Еуроодаққа Түркияның кіруіне рұқсат бермеуінің бірден-бір себебі – исламизация үрдісінің күрт артуынан сескенуі. Егер 82 млн азаматы бар Түркия Еуро­палық Одақтың мүшесі атан­са, ол хал­қы­ның саны бойынша ең ірі еуро­палық мемлекет – Герма­­ния­дан кейін 2-орынға көте­ріліп, тіпті ел­дегі мұсылмандану процесін жыл­дамдатып, еуропалық құнды­лық­тар – демократия, сөз бостан­дығы, гомосексуалды некелердің құлауы­на әкеп соғады деп қорқады сарап­шылар. Америкалық ғалым­дардың есебі бойынша, 2030 жылы Фран­цияда – 6,9 млн, Германияда 5,5 млн мұсылман тұруы ықтимал. Мұсыл­мандары ең көп еуропалық қала­ларға – Париж бен Лондон жатады. Париж мұсылмандары 2 млн адамға таяса, Лондонда 1 млн-нан асқан. Еуропалық сарап­шы­лар әлем аста­наларының мұ­сыл­­ман­дануынан да қауіп көреді.  

ПЕГИДА қозғалысы – фашизмді қайта түлете ме?

Еуропаның мұсылмандануына қарсы қозғалыстар күн санап ради­калды идеологияға бой алдырып жатыр. Оның ішінде ең ірі қозға­лыс – ПЕГИДА, яғни Батыстың мұсылмандануына қарсы патриот еуропалықтардың қозғалысы. 2014 жылы Германияның Дрезден қала­сында пайда болған ұйым неміс үкі­метінің иммиграциялық сая­сатына қарсы шығып, радикалды үндеулер таратып келеді. Негізін қалаушы Лутц Бахманның үндеу­лері 2016 жылдан бері Германияның аясынан шығып, еуропалық дең­гейде насихатталып жатыр. Өз үндеулерінде олар христиандық Гер­манияны босқындардан «таза­лау» қажетін талай мәрте көтерген. Бұл қозғалыс немістің көші-қон сая­саты Нидерланды мен Швей­царияның босқындарды қабылдау бағдарламаларынан үлгі алуы керек деген пікірде. Бұл елдерде сырттан келген босқындардың жергілікті мәдениетке сіңісуі, интеграциясы қатты қадағаланады. Сондай-ақ бұл қозғалыс өкілдері өз елдерінде қылмыстық жазаға тартылған им­мигранттар мен босқындарды елге кіргізбеу керек деп санайды. Eyropa-Islam 2015 жылы Лутц Бахман Facebook парақшасында жазба жария­лап, онда иммигранттарды «хай­уан­дар», «оңбағандар» деп атаумен қатар, Гитлерге ұқсап түскен суре­тін жариялаған. Сурет­тің төбесіне «Ол оралды!» деп жаз­ған. Тіл ма­мандары Бахманның лекси­ко­нында қолда­нылған сөздердің 1930-1940 жыл­дардағы үндеулерге тән бол­ғанын әшкерелесе, қоғам Ку-клукс-клан қозғалысының киі­мін киіп суретке түскен радикалды азаматты сын тезіне алған. Вице-канцлер Зигмар Габриэль «Міне, ПЕГИДА-ның нағыз беті ашылды!» деп мәлімдесе, Германия канцлері Ангела Меркель: «Германияда им­миг­ранттарға қарсы үгіт-насихатқа жол жоқ» деген. Өкінішке қарай, кезінде ПЕГИДА қозғалысының өкілдері аккре­дитациядан өткен журналистерге де қарсы шығып, тіпті қол көтерген фактілері де тір­келген. Бұл қоз­ғалысты Герма­ниядағы еврей қауым­дастығы қолдамайды. Тіпті, ев­рейлердің орталық кеңесінің тө­рағасы Йозеф Шустер: «Гер­манияны ислам жау­лап алады деген ой – Германияда асыра ұлтшылдық қайта жанданады деген сенім сияқты негізсіз» деген еді. Тағы бір белсенді ұйым – «Еу­ропадағы исламды тоқтамыз» қоз­ғалысы. Данияда карика­туралық даудан кейін іле-шала пайда болған қозғалыс Англияда да наразылық акциясын өткізіп үлгерген. Ең қы­зығы, бұлардың идеологиясын жер­гілікті тұрғындардың қолда­майтыны байқалады, мәселен 2012 жылы Орхус қаласында «Джиһадқа қарсы еуропалық кеңес» атты нара­зылық акциясына небәрі 200 адам барса, солшылдар мен фашизмге қарсы «Орхус көптүрлі болуды қолдайды» шарасына 2,5 мыңнан астам адам жиналған. Ақыр соңын­да екі топ жанжалға бой алдырып, 83 адам қамауға алынған. Әдетте, мұндай қозғалыстардың заңсыз әрекетін араб елдерінен гөрі, Түркия билігі қатаң әшке­ре­леп, СІМ тарапынан тиісті мәлім­демелер жариялап отырады. Тіпті, елдегі исламофобияға ЕО-дағы экономикалық дағдарыс себеп деп санайды, себебі билік өз қателік­терін исламға қарсы насихатпен жапқысы келеді деген ойда. Еуро­паны жайлаған исламо­фобияның негізгі себеп-салдары әлі де өзекті. Зерттеулерге сенсек, Еуропадағы мұсылмандар қауымы «екі қолына бір күрек» таба алмай отыр. Мәсе­лен, Британияда пәкіс­тандықтар мен бангладештіктердің жұмыс­сыздық деңгейі – 20 пайыз, ал Британия бойынша жалпы жұмыс­сыздық көрсеткіші – небәрі 6 пайыз. Германияда жергілікті тү­ріктер арасындағы жұмыс­сыз­дық – 21 пайыз, ал жалпыұлттық көр­сеткіш – 8 пайыз. Францияда иммигранттар арасындағы жұмыс­сыздық – 22 пайыз, ал ел ішіндегі бұл көрсеткіш – 13 пайыз. Кезінде BBC журналистері елдегі 50 кәсіп­орынға ақ, қара нәсілді және мұ­сылман азаматтарының резю­месін жіберіп, зерттеу жүргізген. Нәти­жесінде, жұмысқа қабылдану мүм­кіндігі ақ нәсілді азамат­тарда – 25 пайызға, қара нәсілді аза­маттарда 13 пайызға жоғары болса, мұсыл­мандарды жұмыс берушілердің 9 пайызы ғана қабылдауға дайын болған. Көп­теген еуропалық мұ­сылмандар әлеу­меттік тұрғын үй­мен қам­тылмаған. Статистика бойынша, еуропалық мұсылман жастарының 70 пайызы жоғары білімге қол жеткізе алмайды. Са­рап­шылар маргиналды жастар экстремистік ұйымдардың оңай жемтігіне ай­на­­лады деп ескертеді.  

KamshatКәмшат ТАСБОЛАТ