Нұр-Сұлтан қаласы спикерлер саммитінің қатысушыларын қарсы алуда. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесіне қатысуға келген әріптестерімен жеке кездесті. Н.Нығматулин Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен келіссөз жүргізді.
Қазақстандық-қытайлық қарым-қатынастардың стратегиялық сипатына тоқталған палата спикері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшылығы негізін қалаған елдеріміз арасындағы сенімді саяси диалогке, тығыз экономикалық байланысқа айрықша назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде көрші қос мемлекеттің өзара іс-қимылы ҚХР-ға тұңғыш мемлекеттік сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтар арқасында тың серпінге ие болды. Қорғас құрғақ порты, Ақтау теңіз айлағы, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» жаңа теміржол дәлізі, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі секілді аса ірі жобаларды жүзеге асыру бүкіл Еуразия құрлығы үшін стратегиялық маңызға ие.
Өз кезегінде Ли Чжаньшу қазақ-қытай ынтымақтастығы деңгейіне жоғары баға бере келе, Қытайдың көрші елдермен дипломатиялық қатынастарында Қазақстанда ерекше орын бөлінгенін жеткізді.
Мәжіліс төрағасы республикамызға алғаш ресми сапармен келген Словакияның Ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Данкомен кездесуінде мемлекетаралық, соның ішінде парламентаралық әріптестіктің негізгі бағыттарын талқыға салды. Елдеріміз арасында сындарлы саяси диалог орнап, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар жүйелі жалғасын тауып келеді. Осы жолда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың дипломатиялық миссияны елшілік түрінде қайта құру туралы шешімі – өзара ықпалдастықты қолдаудың айғағы.
Н.Нығматулин өзара іс-қимылды дамытудың барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажетін білдірді. Мысалы, еліміз өнеркәсіп, инновация, балама және жаңғыратын қуат көздері саласында жоғары технологиялы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынталы.
Ал Андрей Данко словак елі екіжақты, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін мәлімдеді.
Н.Нығматулин мен Ресей Мемдумасының төрағасы Вячеслав Володиннің жүздесуінде парламентаралық ықпалдастықтың өзекті бағыттары, сондай-ақ спикерлер саммитінің маңызды мәселелері талқыланды. Олар бұл парламенттік форум қатысушылар саны және ынта-ықылас білдірген елдер саны бойынша да теңдессіз болып отырған атап өтті. Мәжіліс басшысының мәліметінше, Қазақстанда алғаш рет өтетін еуразиялық жиынға 65 ел мен 14 халықаралық ұйымнан делегациясы қатысады.
Нұрлан Нығматулин Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоп бастаған түркиялық делегация өкілдерімен кездесті. Мәжіліс төрағасы Түркияның Қазақстан үшін тарихы, мәдениеті, рухани құндылықтары ортақ, бауырлас мемлекет болуымен қатар, стратегиялық әріптес ел екенін тілге тиек етті. Ол Тұңғыш Президент Н.Назарбаев пен Түркия президенті Р.Ердоған арасындағы өзара түсіністік пен достыққа негізделген саясат арқасында екі ел жоғары деңгейдегі жан-жақты ынтымақтастыққа қол жеткізілгеніне екпін түсірді. Бүгінде осы бағытты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жалғастыруда.
Өз кезегінде Мұстафа Шентоп Қазақстанның даму қарқынына жоғары баға берді және Түркия көшбасшысының қазақ елімен әріптестікке зор көңіл бөлетінін, Қазақстанның әрбір жетістігін мақтан тұтатынын айтты.
Бұдан бөлек, Мәжіліс спикері Беларусь парламентінің өкілдер палатасының спикері Владимир Андрейченкомен келіссөз өткізді. Н.Нығматулин өз сөзінде Беларусь – Қазақстанның маңызды саяси және сауда-экономикалық серіктесі екенін білдірді. Екі ел парламентаралық деңгейде де конструктивті және жемісті ынтымақтастық үлгісін паш етуде.
В.Андрейченко Қазақстанның Еуразиялық кеңістікте әрі бүкіл әлемде бейбітшілік, достық пен келісімді нығайту үшін көп еңбек сіңіргенін атап өтті. Ол Елбасы Н.Назарбаев, Президент Қ.Тоқаев және Беларусь президенті А.Лукашенко арасындағы ерекше қарым-қатынастарға назар аударды. Мәжіліс төрағасы спикерлер саммитіне қатысуға келген өзге де мәртебелі меймандармен жеке жүздесті.