Ел бірлігі – ең асыл қасиет

Ел бірлігі – ең асыл қасиет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолда­уын­да «Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақ­тылық негізі. Ел­басымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қа­сиет» қанатты сө­зі – біздің айнымас қағи­дамызға айнал­ды» дей келе, береке мен бірлік, ақыл мен парасат хал­қы­мызды үнемі алға бастап келетінін жеткізген еді. Міне, ­соған орай Қызылор­да қаласының Достық үйін­де облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассам­блея­сының төра­ғасы Қуа­нышбек Ысқақовтың төра­ғалығымен «Бейбіт­шілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғырту» атты Қазақстан халқы ассам­блеясының XXII сессиясы өтті.

Сессия жұмысына облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бір­лестіктердің жетекшілері мен белсенділері, облыстық және қа­лалық мәслихат депутаттары, жо­ғары оқу орындары мен кол­ледж оқытушылары, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиналғандардың алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Қа­зақ­стан халқы ассамблеясының XXVII сес­сиясында Тұңғыш Пре­зи­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қоғамда тұрақтылықты сақтауға және нығайтуға бағытталған барлық тетіктің одан әрі үйлесімді және тиімді жұмысын қамтамасыз ету міндетін қойғанын атап өтті. Қарқынды өзгеретін әлемде бір тұрақты, іргелі құндылық – қоғам бірлігі мен ұлтаралық келісім бар. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында ауқымды өзгерістер өткізіліп жатқан жаңа тарихи кезеңге кірді. Сондықтан ҚХА XXVII сессиясы екіжақты, өзара байланысты міндеттерді шешуге назар аударды. Бұлар әлеуметтік бірлікті қамтамасыз ету және жаңғыртуды табысты жүзеге асыру қажеттігін жеткізді.

Елбасы еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі Қазақстан халқы ассамблеясының маңызды рөлін атай отырып, «Жаһандық әлем күшті трансфор­мацияны бастан өткеріп отыр. Біз мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технология түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей аламыз. Бірақ бұл құбыл­малы әлемде бір ғана мәңгі әрі ке­шенді құндылық бар. Ол – қо­ғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім», – деді.

– Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясы орасан зор біріктіру­шілік және зияткерлік әлеует жинақтап, еліміздегі бірліктің ұйыт­қысы, берекенің бастауы бо­лып отыр. Сондықтан аймақ­тың соңғы жылдар ішінде қол жеткізген барлық табысы облыс­ты және жергілікті ассамблеяны басқарған Қырымбек Көшер­баевтың есімімен тікелей бай­ланысты. Біздің ортақ міндет – осы жетістіктерді еселеп, бастал­ған жобаларды одан ары жал­ғас­тырып, облыстың дамуына жаңа серпін беру. Ортақ мақсат жолын­дағы бірлескен жұмысымыз та­бысты әрі жемісті болатынына сенемін, – деді облыстық Қазақ­стан халқы ассамблеясының төрағасы Қуанышбек Ысқақов.

Аймақ басшысы атап өткен­дей, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен әртүрлі форматтағы жүзге жуық іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді. Наурыз, Құрбан айт, Рождество, Сабантой, Сольналь, Остерн, Песах, Масленица, Пас­ха ұлттық мейрамдары мен этно­мәдени бірлестіктердің мәдениет күндері кеңінен аталған. «Сыр елі – достық мекені» жобасы аясында этномәдени бірлестік­тердің қатысуымен 30-дан астам іс-шара ұйымдастырылған. Қа­зақ­стан халқы ассамблеясының бастамасымен өңірде «Қазақтану» республикалық мәдени-ағарту­шы­лық жобасы Қызылорда облы­сынан басталған еді. Сонымен бірге облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен Байқоңыр қаласының әкімдігі «Халықтар достығы» ұлттық мәдени фестивалін ұйымдас­тыр­ды. Бұл – халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту мақ­сатында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өткізген ауқым­ды жұмыстың аз ғана бөлігі.


Қызылорда облыстық Қазақ­стан халқы ассамблеясының XXI сессиясында берілген тапсыр­ма­ларға сәйкес, қайырымдылыққа ерекше көңіл бөлінуде. Атап айт­қанда, жыл басынан бері меце­наттардың қолдауымен 798 қайы­рымдылық іс-шара ұйымдас­тырылып, 25 мыңға жуық адам 270 миллион теңгеге көмек жа­салды. Мысалы, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымын­дағы қоғамдық келісім кеңестері маңызды буын. Қазір облыста облыстық, екі қалалық, 7 аудан­дық, 155 кенттік және ауылдық қоғамдық келісім кеңесі бар. Олар өз отырысында жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді қарастырып, қоғам­дық бақылау функцияларын орын­дайды. Атап айтқанда, қайы­­рым­дылық, меценаттық, ерікті­лік, медиацияны дамытуға бағыт­талған қоғамдық маңызы бар іс-шаралар мен игі істерді ұйым­дас­тыру. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін қамта­ма­сыз ету бойынша Жол картасын әзірлеп, жүзеге асыруда. Ал қо­ғамдық келісім кеңесінің жұмы­сын қолдау, жергілікті қоғам­дас­тықтардың өзекті мәселелерін ше­шуде олардың рөлін арттыру – аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдерінің назарында.

Белгілі болғандай, Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерін аккредиттеу жүр­гізіледі. Әділет органдарында тір­келген 11 этномәдени бірлес­тіктің 6-ы аккредиттелген. Екі этномәдени бірлестік аккредиттеу рәсімінен өтуде. Өкінішке қарай, қалған бірлестіктер белсенділік танытпаған. Осыған байланысты облыстық Қазақстан халқы ассам­блеясының хатшылығы мен облыс әкімі аппаратының «Қо­ғамдық келісім» КММ этномә­дени бірлестіктерге ұйымдас­тырушылық және әдістемелік көмек көрсетеді. Өз тарапынан облыс әкімдігі облыстық Қазақ­стан халқы ассамблеясының Дос­тық үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар мен жобаларды өткі­зуге қаржы бөлуге қолдау көрсе­туде. 2020 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы 25 жылдығын атап өтеді. Бұған ең жақсы сыйлық – ел қамы үшін жасалған игі істер мен жетістіктер.

Облыс әкімі Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2019-2022 жылдарға арналған Қы­зылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешен­ді жоспары сол өңірдегі дамыту­дың негізгі мәселелерін қамти­тынын жеткізді. Соның ішінде, «Байқоңыр» кешенінде арнайы эко­номикалық аймақ құру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау, эко­логия, су шаруашылығы, көлік, тұрғын үй инфрақұрылымы бар. Оған қоса, өңірдегі құрылыс қар­қыны екі жарым есе өскен. Нә­тижесінде, облыста 10 жаңа ша­ғынаудан пайда болды. Халыққа 361 тұрғын үй мен бес тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Сөй­тіп, 8 мыңға жуық қызылордалық тұрғын үй алды. Болат Өтемұра­товтың қайырымдылық қорының қолдауымен «Бала мекен» жобасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға үй салынды.

Сессияда одан басқа Жалағаш ауданының әкімі, облыстық ҚХА мүшесі Қайратбек Сәрсенбаев, Шешенстан Республикасы Сер­но­вод аграрлық-техникалық коллед­жінің оқытушысы Ислам Губанов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этногра­фия» ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның жетекшісі, тарих ғылымда­ры­ның кандидаты Әзілхан Тәжи­кеев сөз сөйледі. «Жомарт» қо­ғам­дық бірлестігінің еріктісі, ағыл­шын тілінің оқытушысы Оль­га Сивцова еріктілерді даяр­лау орталықтарын құру, әлеумет­тік желілерде во­лонтерлік инфра­құрылымды құру қажеттілігі, азаматтардың, әсіресе, студенттер мен оқушылардың ерікті қыз­метке қатысуын кеңейту қажеттігі туралы айтты.

Спикерлер бейбітшілік пен ке­лісімді нығайту, ұлттық құн­дылықтарды сақтау, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, қоғамдық даму мәселелері бойынша өз пікірімен бөліскен. Мысалы, Ислам Ғұбанов атап өткендей, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолда­уы­мен шешен халқының жер ауда­рылуының 75 жылдығына орай Шешенстан Республикасымен достық қарым-қатынасты нығай­туға бағытталған «Батыс ағын» бірлескен жобасы жүзеге асыры­луда. Исламның әкесі Вахид Ғұ­банов 1932 жылы Шешен-Ингуш АССР-де дүниеге келген, 1944 жылы жерлестерімен бірге Қазақстандағы Жосалы кентіне жер аударылған. Вахид Ғұбанов Жосалы механикалық зауытында алпыс жылға жуық жұмыс істеген. «Жосалы – менің екінші Ота­ным» деген Вахид ата: Мұнда ме­нің ата-анам жерленген» дейді. Ислам Ғұбанов қазақ халқына қиын жылдары әкелері мен ата­ларына көрсеткен жылы қабыл­дауы үшін ризашылығын білдірді.

Сессияда облыстың этномә­дени бірлестіктері белсенділерінің тобына облыс әкімінің алғыс­хаттары табысталған еді.

     

Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы