Counter Strike, Dota, Tank... Microsoft Windows-ке лайықталған осындай көпқолданбалы компьютер ойындары қазір кең таралды. Тіпті аталған ойындарды ойнай алудың өзі шеберлік саналып, оған «киберспорт» атауы берілді. Киберспорт қазіргі заман тинейджерлері үшін таңсық емес. Ойынға тек жастар ғана емес, тіпті ересектер де қызығушылық танытып келеді.
Қазақстанда соңғы уақытта киберспорттың даму тенденциясы байқалуда. Осы бағытта Киберспорт федерациясы мен альянсы қызмет етеді. Киберспорт федерациясының өкілі Талант Рамазан «Хабар-24» телеарнасына берген сұхбатында «киберспорт Қазақстанда кеше пайда болған жоқ» деген пікір айтты. Оның дамығанына 20 жыл болды. Компьютерлік ойынның түбін түсіретін жастар «Гамбите спортс» деген топ та құрған. Кейіннен киберспортқа қызығатын қыз-жігіттер бірігіп, федерация құрып, өз ұсыныстарын министрлікке жеткізеді. Өткен жылдың 25 маусымынан бастап елде киберспортпен шұғылданатындар ресми спортшы ретінде танылды.
Қазіргі уақытта киберспортта Dota-2, Counter Strike, Liga of ligens ойындары танымал спорт қатарына енді. Осы тұрғыда «киберспортшы кім?» деген заңды сауал туындайды. Федерация өкілі Талант Рамазан «тек бір тетікті басып қойып, бос уақытында ойынның қызығына берілетін адамды киберспортшы деп атай алмаймыз» деген пікірде. «Оны тек өзінің сүйікті ісімен, яғни хоббиімен айналысатын жан деп қарау керек. Киберспорт дегеніміз – белгілі бір құраманың құрамында бар немесе жаттықтырушысы бар азамат. Оның алдына белгілі бір талаптар қойылады. Мысалы, алты ай ішінде менің көрсеткішім 10-деңгейден 15-деңгейге жетуі керек деген сияқты. Мен сол үшін нақты жоба бойынша жұмыс істеуім керек. Ал біз федерация ретінде осыған тағы қосымша талап қойып отырмыз» дейді ол.
Ал Киберспорт альянсының жетекшісі Ержан Оңалбаев бұл пікірмен келіспейтінін айтады. Оның сөзінше, киберспортшыларға ең басты қойылатын талап – жаттығудан бұрын мықты концентрация және жылдам реакция. Ол «Киберспортты міндеттеу дұрыс емес» деген пікірде.
Федерация өкілі Талант Рамазан киберспортқа қолдау танытуда мемлекеттен жәрдем күтпейтіндерін алға тартады. Себебі киберспорт олимпиадалық спорт түрлерінің санатына кірмейді. Дегенмен федерацияның жақын арада киберспорттың да өзге спорт түрлеріндей әлеуеті барын, спортшылар да арнайы регламент аясында жұмыс істеп, жаттығатынын әрі айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жатқанын таныту ойда бар. Мәселен, осы жылдың қыркүйегінде Қазақстанда киберспорттан онлайн-лига өтті. Киберспорт федерациясының басшысы Қуанышбек Есекеев өзінің Facebook-тағы парақшасында ойынға бүкіл республикадан 1 500 киберспортшы қатысқанын жазды. Федерация 12 аталым бойынша ірі онлайн-лига өткізе алды. Ал шетелдік сарапшылар Қазақстанда киберспорт экожүйесінің жылдам дамып келе жатқанын айтады. Бұл сөзді федерация да растап отыр.
«Киберспорт түріне миллионнан астам, көбіне 15 пен 45 жас аралығындағы ер адамдардың 85-90 пайызы, ал қыз балалардың 5-10 пайызы қызығады. Қазақстанда компьютерлік ойындарды ойнамайтын жас азамат жоқ. Жүз адамның 98 пайызы киберспорттың қандай да бір түріне қызығады, ойнайды. Соның ішінде, жүз адамның 30-40 пайызы компьютерлік ойындарға аптасына 2-3 сағаттан көп уақыт бөледі. Сондықтан біз бір жағынан киберспортшылардың мүддесін қорғауымыз керек. Екінші жағынан мемлекеттің, қоғамның мүддесін ұмытпауымыз керек. Өйткені киберспортпен айналысатын азамат оқуын тастап кетпеуі қажет. Спортпен шұғылданып, отбасын құрып, кәсібін алуы, ЖОО-ға түсуі керек. Яғни, киберспорттың дұрыс жолмен дамығаны жөн», – дейді Т.Рамазан.
Киберспортты қолдау бойынша өткізілетін чемпионаттар мен арнайы лигаларға шет елдерде ауқымды қаражат бөлінеді. Мәселен, АҚШ-та 2017 жылы өткен International Dota-2 киберспорт ойынының жүлде қоры 24 миллион долларды құраған. Бас жүлдені жеңіп алған құрама жүлденің 50 пайызын қанжығасына байлап, 12 миллион АҚШ долларын еншілеген.
Ал Қытай 2018 жылы бұл спорт түріне бюджеттен 14 миллион долларға жуық инвестиция бөлген. 2018 жылға дейін Қазақстанда киберспорттан шағын ғана турнирлер өтіп, оларға бөлінген жүлде қоры 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықты құраған. Дегенмен киберспорт өкілдері соңғы жылдары қаржы бөлу жағының да оңтайланып келе жатқанын алға тартады. Оған өткен жылы «Транстелеком» ұйымдастырған, жақында ғана өткен киберспорттан онлайн-лиганың өтуі дәлел бола алады. Федерация мен альянс өкілдері спорт түрін қолдауда отандық кәсіпкерлермен де келіссөздер жүретінін алға тартады.
Компьютер мен технологияның дәуренінде заман спортқа да өз ықпалын тигізді. Бүгінде алдыңғы қатарлы мемлекеттер ресми спорт түрі деп қарайтын киберспорт Қазақстанда жаңа даму жолына түсті. Оның қаншалықты әлеует беріп, спортта елдің бәсін басым ететіні уақыттың еншісінде. Дегенмен тек компьютерге телміртіп қоймай, күшті ми еңбегі мен логиканы қажет ететін спорт түріне қолдау танытып, оған спорт аренасында жол ашудан ұтылар тұс жоқ секілді.