Қазақстан әлем елдерінің бақыт деңгейін өлшейтін рейтингте 60-орынды иеленді. Әлемдегі ең бақытты мемлекет – Финляндия. Финдер былтыр да бақытты елдердің көшбасшысы атанған-ды. Мұндай мәліметтер халықаралық World Happiness Report (WHR) ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болып отыр.
Сонымен, бақытты елдер рейтингінің алғашқы бестігіне Финляндиядан кейін Дания, Норвегия, Исландия және Нидерланды кіріпті. Жалпы рейтинг әлемнің 156 мемлекетін қамтыған. Яғни, осы 156-ның ішінде Гондурас (59-орын) пен Боливияның (61-орын) ортасында тұрған Қазақстан өзімен одақтас ЕАЭО елдерін артқа тастапты.WHR жүргізген «бақыт рейтингінде» Ресей 68-орында болса, Беларусь – 81, Қырғызстан – 86, Армения 116-орында. Ең төменгі сатыда – Оңтүстік Судан, Сирия, ОАР мемлекеттері орналасқан. Иә, әдетте бақыт туралы пікірталас бола қалса, классик жазушы Лев Толстойдың «Барлық бақытты отбасы бір-біріне ұқсас, ал бақытсыздарының тарихы әртүрлі» деген пайымын көлденең тартатынымыз бар. Ал жеке адам, отбасы емес, жалпақ ел, тұтас мемлекеттің бақытын анықтаудың жолы қандай? Бүгінгі күні түрлі критерийлерді басшылыққа алып оның өлшемін жасайтын ұйымдар бар. Мысалға, БҰҰ жыл сайын әлем елдерінің бақыт өлшемі жайында арнайы баяндама жасайды. БҰҰ баяндамасында бақыт алты көрсеткіш бойынша бағаланады: ЖІӨ, өмір сүру ұзақтығы, әлеуметтік көмек, адамның бас бостандығы және елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі. Бір қызығы, бақытты мемлекеттер рейтингінің басында тұрғанның барлығы бірдей бақуатты, алпауыт ел емес. АҚШ, Ұлыбритания секілді саяси аренада салмағы басым мемлекеттер тізімнің орта тұсында тұр. 2006 жылы New Economics Foundation (NEF) халықаралық ұйымы жүргізген бақыт индексінде (The Happy Planet Index) әлемдегі ең бақытты ел деп Тынық мұхитындағы Вануату аралы аталған. Вануатудың халқы миллионға жетпейді (2016 жылы – 277 554 адам), жер көлемі 12 190 шаршы шақырым. Одан кейінгі орынға Колумбия мен Коста-Рика кірген. NEF жүргізген рейтингте осынау шағын мемлекеттердің халқының өмір сүру ұзақтығы мен экологиясының жайлылығы есепке алынған.
1970 жылдары экономистердің назары алақандай ғана Бутан корольдігіне ауады. ЖІӨ-нің көрсеткіші, ұлттық кіріс, экологиялық тепе-теңдік және басқа да ерекшеліктері арқылы аталған мемлекет дамудың өзіндік жолына түсті. Былай қарағанда, Бутан жер көлемі шағын (38 394 шаршы шақырым), халқының саны аз (2016 жылы – 750 125 адам) көп елдің бірі. Дегенмен ол елде туризм, ауыл шаруашылығы және гирдроэлектр өндірісі жолға қойылған. Үндістан мен Қытайдың (Тибет) арасында орын тепкен мемлекет экспорттан пайда көруде. Бутан электр энергиясы мен ауыл шаруашылығы өнімін Үндістанға экспорттайды. Бірақ неге екенін, солтүстік шығысындағы екінші алып мемлекет Қытаймен сауда байланысы мүлдем жоқ деуге болады. Әйтсе де, осы шағын ғана корольдік 1971 жылдан бері әлемде даму көрсеткіші жөнінен рейтингтің басын бермей келеді. Оның себебі 70-жылдары корольдік халқының әл-ауқатын, мемлекеттің қуатын жалпыұлттық бақыт өлшемімен таразылау туралы шешім шығарған және әлі күнге «жалпыұлттық бақыт» ұғымы басшылыққа алынып отыр. Әлемдік сарапшылар Бутанның бақыты да осында деп біледі. Корольдік мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржының елдегі бай мен кедейдің арақатынасын реттеу үшін жұмсалуын қатты қадағалайды деседі. 2005 жылы халықаралық сауалнамаға қатысқан бутандықтардың 3 пайызы ғана өзін бақытты екенін сезінбейтінін айтса, халқының жартысынан көбі бақыттымыз деп жауап берген.
Айтқандай, осы тектес сауалнама біздің елде де өткізіліп тұрады. Статистика комитетінің тұрғындар арасында «Халықтың өмір сүру сапасы» көрсеткіші бойынша жүргізген (2018 жылы) сауалнамасына орай, респонденттердің 60%-ы өз өміріне қанағаттанатынын айтқан. Былтырғымен салыстырғанда (2018 жылы – 56,6%) барға қанағат деушілер саны артыпты. Айта кету керек, «осы күніме шүкір» дейтіндер саны қала тұрғындарына қарағанда (54,4%) ауылда көбірек кездескен (69,3%). Сауалнамаға жауап берген ер азаматтардың 61,8%-ы өз өміріне қанағаттанатынын айтса, әйелдердің үлесі – 8,5%. Сондай-ақ респонденттердің 59,7% -ы «тұрмыс жағдайым бұрынғыдан түзелді» деп, 3,9%-ы «төмендеп кетті» деп жауап берген.
Ескере кететін жайт, 2009-2019 жылдар ішінде Қазақстаннан 310 мыңнан астам адам шетелге кеткен. Дегенмен дәл осы кезеңде елге 237 мыңға жуық адам келіпті. Ресми мәлеметтерге сүйенсек, сыртқа кеткендердің 70%-дан астамы – еңбекке қабілетті, жоғары білімді азаматтар. Алайда шетелге кеткендердің есебінде нақтылық жоқ. Ашық ақпарат көздерінде де дерек әртүрлі. Мәселен, АҚШ-тың Migration Policy Institute мекемесінің дерегінше, 2010-2017 жылдары Қазақстаннан Америкаға 7 634 адам келді деп көрсетсе, еліміздің Статистика комитеті аталған кезеңдегі көрсеткішті 1 643 адам деп есептеген. Әрине, қазіргі күні бір елден екінші мемлекетке кету үдерісі әлемде қалыпты жағдай саналады. Бірақ жақсы жер, жайлы өмір іздеп шетел асқандардың барлығы бірдей іздеген бақытын тапты ма? Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайды.