Күмән мен сыннан туындаған сауалдарға «Nur Otan» партиясының хатшысы жауап берді – Праймериз-2020
Күмән мен сыннан туындаған сауалдарға «Nur Otan» партиясының хатшысы жауап берді – Праймериз-2020
©А.Ахметқазы
320
оқылды
«Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында праймеризге қатысты туындап жатқан бірқатар сауалдарға нақты мысалдармен жауап берді. «Праймериздің үгіт-насихат кезеңі өтіп жатқанына бес күн болды. Алдын ала талқылап, ұсыныстар енгізу үшін өңірлердің сайлауалды бағдарламаларын қамтыған 216 жоба жарияланды. Үміткерлер партияластарымен онлайн және бетпе-бет кездесулер өткізіп, белсенді түрде өз бағдарламаларын ұсынуда. Мұның бәрі ел азаматтарының арасында ерекше қызығушылық тудырып жатқаны байқалады. Бірі үміткерлерге сәттілік тілеп, қолдау білдіріп жатса, енді бірі күмәнданып, сын айтуда» – деп жазды партия хатшысы. Әлібек Әлденей мұндай белсенділікті құптайтынын айтты. Праймериз «Саясаттың негізі – мәмілегерлік. Түрлі ой-пікірлердің тартысты бәсекесінде ғана келелі ой, кемел идеялар туындайды. Мұны саясаттың, демократияның шынайы қағидасы дер едім. Енді праймеризге қатысты туындап жатқан бірқатар сауалдарға жауап беріп өтсем деймін. Бірінші. Праймериз – партияның ішкі жұмысы және ол «Nur Otan» партиясының ішкі құжаттарына негізделген. Еліміздегі кез келген саяси партия осы секілді праймериз өткізуге құқылы. Қазіргі таңда праймериз өткізу тәртібі қазақстандық заңнамада арнайы бекітілмеген. Жалпы, бұл – кең таралған халықаралық тәжірибе. Айталық, Канадада, Францияда, Италияда, Оңтүстік Кореяда, Мексикада, Ирландияда партиялар праймериз өткізудің механизмін, қағидалары мен әдіс-тәсілін ішкі құжаттар негізінде өздері әзірлейді. Праймеризді қаржыландыру мәселесіне тағы да тоқтала кетейін. Барлық ұйымдастыру шығындарына партияның өз қаражаты жұмсалады, оның ішінде мүшелік жарнадан түскен. Ал үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын өз қаржысына ұйымдастырады. Екінші. Бүгінде «Nur Otan» партиясы еліміз бойынша 835 мыңнан астам адамды біріктіріп отыр. Партия ашық та жариялы бәсекеде нағыз жоғары деңгейлі кандидаттарды іріктеп алуға мүдделі. Біз партияластарымыз үшін праймеризге қатысты барлық рәсімдердің түсінікті әрі қолжетімді болғанын қалаймыз. Ең бастысы, қатысушылардың бәрінің мүмкіндігі тең болуы тиіс. Осы орайда, партияның жарғысы мен мақсат-міндеттеріне негізделіп праймериз өткізудің арнайы Ережелері әзірленген болатын. Ол аймақтық активтерде жан-жақты талқылаулардан өтіп, партияның Саяси кеңесінде дауыс беру арқылы бекітілді. Үшінші. Пандемияға байланысты праймеризде электронды дауыс беру тәртібі енгізілді. Барлық тәуекелдерді саралай келе партия құқықтық және техникалық мәселелерді оңтайландырды. Банктегідей ЖСН мен телефон нөміріне байланыстыра отырып СМС хабарлама алу арқылы тексеру жүйесі енгізілді.

Ақпараттық-коммуникация технологияларына басымдық беріліп отыр. Партияластармен кездесу, дебаттар көбіне онлайн форматта өтеді. Сақтық үшін күнделікті қолғап, маска, антисептиктер қолданылады. Іс-шаралар желдетілетін бөлмелерде, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау арқылы өтуде. Еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің мақұлдауымен тиісті регламент қабылданды.

Төртінші. Партияішілік іріктеу өткізу кезінде партияға үгіт-насихат жүргізуге қандай да бір басымдық беріліп, сайлау заңнамасына қайшы келетін жайттар жайлы пікірлер айтылуда. Бұл құқықтық жағынан жаңсақ пікір дер едім. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында көрсетілген нормалар, оның ішінде БАҚ-та үгіт-насихат жүргізуге теңдей құқық беретін талап мемлекет бекіткен сайлау науқаны кезінде ғана күшіне енеді. Әрі оның тәртібі заңда анық көрсетілген. Бұл мәселе жөнінде ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов 8 қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте егжей-тегжейлі түсіндіріп берген болатын. Ақпарат құралдары саяси партиялардың қызметі мен басқа да мәселелер жөнінде олардың саяси белсенділігіне, тақырыптардың өзектілігі мен өз аудиториясын қызықтыратын мәселелерге қарай ақпараттандыратыны анық. Сол үшін партиялар тек сайлау кезінде емес, барлық кезде де тұрақты әрі жүйелі жұмыс істеуі керек. Праймериз өткізу арқылы «Nur Otan» кең ауқымда қоғамдық дискуссия құра білді. Бүгінде биліктің заң шығарушы және өкілетті органдарының тиімділігін арттыру мәселесі өте өзекті болып отыр. Бұл тұрғыда еліміздегі жетекші саяси күш ретінде «Nur Otan» партиясының жаңа көшбасшыларды анықтап, тың идеяларды ұсынуға мүмкіндігі мол екені сөзсіз. Праймеризге қатысып жатқан адамның саны осыған нақты дәлел бола алады. Көптеген азаматтар осы үшін партия қатарына кірді, оның ішінде басқа партиядан ауысқандары да бар. Праймериздің үгіт-насихат кезеңі әлі үш аптадан астам уақыт өткізілетін болады. Олар мазмұнды өтіп, қоғам мен нақты өңірлер бойынша өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік туғызады деген сенімдемін. Сондай-ақ, Фейсбук арқылы баршаңызды өңірлердің сайлауалды бағдарламасын қамтыған 216 жоба бойынша белсенді түрде пікір білдіруге шақырамын (https://primaries.kz/page/programmy-regionov). Аталған жобалар әрбір аудан, қала, облыстың алдағы бес жылға жоспарланған даму бағытын айқындайды. Жұртшылықпен белсенді кері байланыс бұл жобаларды жан-жақты толықтыруға, қордаланған мәселелерді барынша қамтуға және ұтымды шешім қабылдауға мүмкіндік беретіні анық» – деді өз жазбасында. https://www.youtube.com/watch?v=Z3kxoEpdXlg&t=26s&ab_channel=NurOtan