Ахмет Байтұрсынұлы – алты алаштың ұстазы
Ахмет Байтұрсынұлы – алты алаштың ұстазы
678
оқылды

Осындай тақырыппен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және №48 мектеп-лицейімен бірлесе отырып, «Алаш алқасы» ғылыми-танымдық интеллектуалды жастар клубының кезекті жиынын өткізді. Жиынның бұл жерде өтуі де тегін емес. Іргелі оқу ордасы атауын Алаш қайраткерінің есіміне ауыстыруды талайдан қозғап келеді. Сонымен қатар ұлт ұстазының шағын мұражайы да осы мектепте орын тепкен.


Кездесуде ғалымдар, атап айтқанда Ербол Тілешов, Бекжан Әбдуәлі, Сағымбай Жұмағұл, Ұлан Еркінбай сынды алаштанушы ғалым-зерттеушілер мен ақынның аталас ұрпағы Азамат Нұрланұлы оқушылардың көкейтесті сұрақтарына жауап беріп, ғылыми зерттеулерімен бөлісті. Өз кезегінде оқушылар ақын шығармаларын жатқа оқып, Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздері топтастырылған естелік сыйлықты мектеп мұражайына тарту етті. Ал, жас зерттеуші Базарбай Сымбат қайраткер шығаршылығын зерттеуді қолға алып, алдағы жұмыстары үшін аға буындарынан ақыл сұрай келіпті. Балғынның жас талабына риза болған ел ағалары ғылым жолына енді келген Сымбаттың қадамына құт тілеп, баталарын берді.

"Біз жыл сайын Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған шараларды дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Соның бірі Л. Гумилев атындағы ЕҰУ бірлесе өткізіп жүрген конференциялар, ақын шығармашылығына арналған байқаулар және осындай кездесулерді айта аламыз. Мектебімізде Ахметті тануға ұмтылып жүрген оқушылар көр. Олар жыл сайын республикалық деңгейдегі жарыстан орындар алып жүр. Ендігі арманымыз мектебімізге ұлт ұстазының есімі берілсе дейміз. Бұл арқылы біз балалардың бойына елжандылық пен ұлттық рухты сіңіргіміз келеді" №48 Мектеп-лицей директорының орынбасары Алтын МОМЫСҚЫЗЫ.

Осымен 3-рет өткізіліп отырған іс-шарамыздың негізгі мақсаты - ұлт мұраты, мемлекетті қалыптастыру жолында ерен еңбек етіп, қазақ руханиятының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің тағылымды жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жеткізу, дәріптеу. Жоба «Жастар жылы» аясында жүргізіледі. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» арқылы ел мұраты хақында, тұтастық пен бірлік арқылы ұлттық рухты жаңғыртуға үлес қосу. Бұған дейінгі өткен кездесулердің тақырыбын Әлихан Бөкейханұлына, Абай Құнанбайұлына арнадық. Соның нәтижесінде Ә. Бөкейхан атындағы мұражай ашылды, Абай атамыздың мерейтойы қарсаңында мектепке аты берілді. Бұл  бағындырған белестің басы ғана. Алдағы уақытта да осындай жиындар көбейтілмек. Бұл жайында «РУХАНИЯТ» КММ басшысы Ержан ЕҢСЕБАЙ хабарлады. 

ФАРХАТ ҚАНАЛЫ