Өнім түрі – тері, көрсеткіші – кері
Өнім түрі – тері, көрсеткіші – кері
660
оқылды

Елімізде тері өндірісінің тынысы ашылмай тұр. Теріні илеп, қайта өңдеп, дайын өнім шығару ісіне қарағанда, шикі күйінде сыртқа сату саудасы жылдам жүруде. Ал отандық кәсіпорындар тарапынан «шикізаттан қағылып отырмыз» деген шағым жиі естіледі. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы осындай мәселелерді ескере келе, еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) наурыз айында ірі қара малдың терісін экспортқа шығаруға шектеу қойды.

Министрлік тарапынан жарты жылға қойылған (2019 жылдың 10 наурызынан 10 қыркүйекке дейін) тыйым мерзімі ары қарай жалғаса ма, әзірге белгісіз. Белгілісі – бұл шектеу мал шаруашылығы ие­ле­ріне айтарлықтай шығын әкелген.

Айта кету керек, ИИДМ-ның тері саудасын шектеуі тек өзі­міз­дің өндірушілерді қорғау ма­қ­­­сатынан туып отырған жоқ. Кеден­нен кедергісіз өтіп жатқан шикізат саудасында шикілік бар. Бұл туралы 2018 жылы Мәжіліс депутаты Владислав Косарев сол кездегі бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың атына жолдаған сауалында мәселе кө­тер­ген. Депутат жыл сайын өңдел­меген терінің сыртқа кетіп жат­қа­нынан аса пайда жоғын, оның үстіне, шикізат көбіне кеден­нен баж салығын төлемей заңсыз өтіп кететінін айтқан. В.Косаревтың есебінше, сыртқа кеткен теріні өзіміз өңдеп, дайын өнім түрлерін (етік, бел­дік, сөмке, т.б) шығаратын бол­сақ, 1 млрд 800 млн евро қазына­ға құйылар еді. Яғни, алып сатар­лар­­дың Қытай мен Түркияға шикі күйін­де өткізіп жіберуінен республи­ка­мыз екі миллиард евроға жуық қар­жыдан қағылып отыр. Мәжілісмен келтірген дерек бойынша, шетелде қазақ­ста­н­дық теріге сұраныс жоғары. Сон­дықтан шикі тері көп мөлшерде контрабандалық жолмен жө­нел­ті­леді. Киіннен ол тері Түр­кия мен Қытайдан дайын өнім болып өзімізге қайта келеді. Бірақ бірнеше есе қымбат бағаға сатып аламыз...


ҚҰЛДЫРАҒАН БАҒА

Отандық кәсіпорындар үкіметтен экспортқа шектеу қоюды сұрап алғанымен, ішкі нарықтағы теріні сатып алуға инфрақұрылымы дайын емесі көрініп қалды. Нәтижесінде, ауылдарда күресінге лақтырыл­ған терінің көлемі артып, қау­дыр­лаған кепкен теріден қора салуға болатындай жағдайға жетті. Күресіндегі көп теріден қауіп­ті ауру тарамасына кім кепіл? Экспортқа салынған тыйым бірден терінің құнын түсірді. Мәселен, еліміздегі ірі кәсіпорынның бірі «Ақтөбе ет кластері» компаниясы былтыр 140 тонна өңделмеген теріні көрші Ресей нарығына шығарып, тауар айналымынан 38 млн теңге түсіріпті. Мекеме басшыларының айтуынша, ол кезде терінің бір келісінің орташа құны 272 теңге ( ҚҚС есептемегенде) болған. Алайда биылғы шектеуден кейін баға 10 есеге құлдыраған. Яғни, былтыр Ресей нарығына шыққан бір сиырдың терісі 5 000 теңге деп бағаланса, биыл ары кетсе 500 теңге ғана. Шаруашылық иелері терінің 500 теңгеге түскені өзін-өзі ақтамайды дейді. Себебі, сойылған малдың терісіне тұз себу, сату үшін орталыққа жет­кізу – қосымша шығын. Бұл – бүгінгі ірі шаруашылықтарға тән проблема. Ал мал ұстайтын кішігірім қожалықтар, ауылдағы әр отбасының мәселесі қалай ше­шіліп жатыр? Хабарласып біл­геніміздей, ауылда бір сиырдың терісі келісі былтыр 50 теңгеден деп бағаланса, биыл бір келі – 10 теңге. «Қойдың терісін келісін бір теңге деп бағалап отыр. Адамның күлкісін келтіретін баға. Тұздың бір қорабы – 50 теңге. Үлкен өгіздің талыстай терісіне бір қорап себу керек. Одан кейін ол теріні сату үшін аудан орта­лығына жеткізуің керек. Тасымал құны бар. Ақтамайтын болған соң лақтырамыз. Жалғыз біз емес, барлық ауылда жағдай осы, малдың терісін ит сүйреп, далада жатыр», – дейді біз тілдескен Аягөз ауданындағы «Дәулет» шаруа қожалығының иесі Ербол Сәкенұлы.

 


КЕРІ КЕТКЕН САЛА

Сонымен тері өндірісінде қайта өңдеу ісінің жағдайының жақсаруын күту қаншалықты сенімді. «Атамекен» ҰКП кел­тір­­ген дерек бойынша, еліміз­дегі терімен айналысатын 13 кәсіп­орын­ның сегізі көп мөлшерде қар­жы (5 млн-нан 12 млн дол­лар­ға дейін) құюды қажет етеді. Отандық өнеркәсіптің көбіне тән проблема оларда да бар. Жабдықтары ескі, кейбірінің не­сиесін қайта қаржыландыру қажет. Оның үстіне, жоғарыдағы 13 кәсіпорынның алтауы ғана теріні өңдеп, илеп, дайын өнім­ге айналдырады. Өзге­сі жар­ты­лай фабрикатқа не­гіз­дел­ген, жүктемесі төмен (5% және 20% қуатта) шағын меке­мелер. «Атамекен» ҰКП тал­дауына сәйкес, өңдеуші кәсіп­орын­дар­­дың жүктемесінің төмен болуы­ның негізгі себебі ши­кі­зат­ты сатып алу жүйесі жоқ.

Не­гізі отандық былғары өңдеу кәсіп­орын­дарына теріні ірі мал шаруа­шы­лығы компанияларынан сатып алған тиімді. Ауылдардан, кіші­гі­рім фермерлерден жинап әкетуі – шығын. Сол себепті ұсақ шаруа қожалықтары мен жеке отбасында сойылған мал­дың терісі қаншасы күресінге тас­талды, оны есептеу мүмкін емес.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі мал шаруашылығы саласындағы бұл проблемаларды «ҚазАгро» АҚ бағдарламалары арқылы көмек көрсетуге бола­тынын мәлімдеген. Бірақ хол­дингтің өзінің қаржылық жағдайы аса мәз емес, ұлттық компания өзі дефолттан шығуы қажет. Шілде айында Президент Қ.Тоқаев «ҚазАгро» АҚ жобаларының көп бөлігі жұмыс істемейтінін сынап, холдингтің 2018 жылғы жалпы жинақталып қалған шығындары 120 млрд теңгеге жеткені мәлім болған. Одан бөлек, биылғы егіс науқанында астық сатып алу үшін «ҚазАгро» холдингіне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 8,3 миллиард теңге бөлінгені хабарланған. Ол туралы 3 қыркүйекте үкіметтегі баспасөз жиынында холдинг құрамына кіретін «Азық-түлік келісімшарт корпарациясы» ҰК төрағасы Ринат Ақбердин мәлімдеген.

Мал шаруашылығында қай­та өңдеу саласын әбден жолға қойып алған мемлекеттер бар. Мәселен, Қытайда бір бас мал­дың өнімінен 15 мың доллар түседі, оның 2 мың доллары ғана етінің құны болса, қалғаны – терісі, сүйегі, мүйізі, ішек-қарын, қан-жыны қысқасы түгел ақша. Бір сөзбен айтқанда, қытайдың ет комбинатында сиырдың «бауыз­дағанда шығарған соңғы демі» ғана қалады, өзгесі түгел іске жаратылып, пайдаға асады. Біз сондай терең өңдеуге, қал­дықсыз өндіріске қашан жетер екенбіз дейсің іштей. Әлде мем­лекетіміздің маңдайына тек шикізат сату жазылған ба?!

Сөз соңында айтарымыз, мал баққан жұртты қиын жағдайдан шығарудың бір жолы тері баға­сына белгілі бір сомманы белгілеу қажет. Айталық, 1 келісі – 235 тең­ге. Сонда үлкен малдың терісі орта есеппен 15 келі тартады деп алсақ, құны – 3 525 теңге. Он келі тері – 2 350 теңге. Сондай-ақ экспортқа тыйым салудың да аса қажеті шамалы. Неге десеңіз, біздегі кәсіпорындардың қазіргі жағдайында 600 мың бас малдың терісі жеткілікті. Ал Қазақстанда ішкі-сыртқы нарыққа сауда­лан­ғаны бар, соғымға сойып жегені бар жылына кем деген­де екі ми­лионның үстінде мал сойылады екен. Демек, экспортқа шектеуді алмасақ, елдегі тері бағасын ішкі нарық мүмкіндігімен көтереміз дегеніміз бос сөз болмақ.