«Борат» фильмінің мұраты не?
«Борат» фильмінің мұраты не?
282
оқылды
 

Ескі жараны тырнаған деректер

Әуелі «Борат 2» фильмі түсіріліп жа­тыр деген ақпараттың түп-төркіні қайдан шыққанына зер салсақ. Жақында Аме­рика­дағы апталық Newsweek журналы «@alexandheir атты TikTok қолданушысы Са­ша Барон Коэннің «Борат 2» фильміне түсіп жүрген сәтін видеоға түсіріп алған» деп жазды. Қысқа видеоға қарасақ, Бо­ратқа ұқсас қара мұртты, сұр костюмдегі ер адам көлік жүргізіп бара жатыр екен. Алдыңғы көліктегі түсірілім тобы оны түсіріп келеді. «Бірақ көлік рөліндегі адам Коэн бе, әлде каскадер ма, оны анық біле алмадық. Ал түсірілім тобы пандемияға байланысты бетперде тағып алған», – дейді Newsweek журналында. Ал көңіл көтеру үшін құрылған IGN сайты «Борат 2» фильмі Лос-Анджелесте түсіріліп жатқанын жазды. Бірақ «фильм жайлы әлі ресми ақпарат жоқ» депті. YouTube желісіне «Борат» түскен кадрлар қайта салына бастағанына қарап комедия жалғасын табуы мүмкін деп болжаса керек. Алайда расымен, «Борат 2» Лос-Анд­желесте түсіріліп жатқандай. Себебі жуырда YouTube желісінде бірнеше жаңа кадр пайда болды. «Борат» фильмі 2006 жылы комедия ретінде шыққанын жақсы білеміз. Ау­диториясын тапқан фильмді әлі күнге дейін айтып отыратындар бар, онымен қоймай, жалпы көрермендердің 87 пайы­зына ұнаған фильмді қайта ора­лтуға Саша Барон Коэннің талпынуы мүмкін. Британдық комик актер Саша Барон Коэн 2006 жылы фильм түсіріп, ансе­миттік көзқарастағы қазақстандық тіл­шіні ой­наған. «Қазақстанды жабайы, нәсілшіл және сексист ел ретінде көр­сетті» деп айып­­талған фильм көрер­мен­ге ұнаға­нымен, кинотанушылар тарапынан біраз сынға ұшыраған болатын. – Жалпы, бұл мәселеде сөзді көп со­зудың қажеті жоқ. Өзге елдегі кино­та­ну­шылар да мұны өнер ретінде мойын­даған жоқ. Көңіл көтеруді ғана қа­лай­тын кө­рерменге ұнаса шара бар ма?! Сұранысқа ие дүниені құрта алмай­тынымыз анық. Белгілі бір ұлтты кемсіту өнер атау­лыға тән құбылыс емес. Мейлі, біздің орнымызда басқа мемлекет бол­сын, бұл фильм­ді өнер деп тани алмас едік, – дейді кино­танушы Назира Мұқы­шева.  

«Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат?»

Абайдың осы сөзі көп жайтты еске түсі­ретіндей. Қазақстанда, сонымен қатар Ресейде «Борат» фильмін көрсетуге тыйым салынған. Алғашында Қазақстан билігі бұл фильмді ұлтты қорлау деп қабылдап, бір­неше наразылық нотасын жолдаған бо­латын. Бірақ сол күйі қайта үнсіздік ор­нады. Заң жүзінде атқарылатын қар­сы­лықтың да бір ғана түрі – наразылық но­тасын жолдау болып отыр. Ал қарсы тарап әлі күнге жауапсыз. Бір қызығы, Саша Барон Коэн Борат образымен фильм түсірілместен бұрын да халық алдына шыққан. 2005 жылдың қарашасында Португалияның МТV Europe Music Awards хабарына жүргізуші ретінде қазақстандық журналист кейпінде шыққан ол Қазақстан билігіндегі шенеуніктерді сайқымазаққа айналдырыпты. Артынша Қазақстанның Сыртқы істер министрінің сол кездегі ресми өкілі Ержан Ашықбаев баспасөз мәслихатын өткізді, онымен қоса көрсетілімге байланысты британдық әр­тіске ресми наразылық хат жолданғанын хабарлаған болатын. Бірақ бұл қадам да сәтсіз аяқталды. Демек, билік өкілдері де бұл тұста үнсіз қалды деп айта алмаймыз. Фильм көрерменге жол тартқаны сол-ақ, бірден әлемге әйгілі болды. Фильм ғана емес, Қазақстанның да атағы «асқақтады». Түсінбейтін тағы бір жайт бар, 2012 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрі қыз­метін атқарған Ержан Қазыханов фильм түсі­рушілерге алғысын білдіріпті. Министр киноға философиялық тұрғыдан қарау керек деп санайтынын айтқан. Тіпті, «Осы фильмнің шығуымен Қазақстанға берілген визалар саны 10 есеге өсті. Мен бұл біз үшін үлкен жеңіс екенін айттым. Мен Боратқа Қазақстанға туристерді тартуға көмектескені үшін ризамын» деп лебізін де білдіріпті. Қош, фильм уақытша көрермен жинап, артынша бәрі басылды делік. Бірақ бір фильмнің зардабы көпке дейін сүйекке түскен таңба болып, қайта-қайта шу шығарды. Мысалы, 2009 жылы Алматыда футболдан әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде стадионның мінбелеріне Бо­раттың суреттері ілінгенін британдық Gulf Times онлайн басылымы жазған еді. Сонымен қатар басылым «Бораттың» Қа­зақстанға зор танымалдық әкелгенін де тілге тиек еткен. 2017 жылдың қараша айында елордалық полиция EXPO көрмесі өткен аумақта Борат бейнесінде суретке түсіп жүрген Чехияның алты азаматын ұстады. Кейін басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн шетелдіктер үшін айыппұл төлегені белгілі болды. АҚШ пен Британияда оқитындар Бо­рат фильмі туралы сол жақтағы дос­тарының барлығы дерлік білетінін айтады. Атақты боксшы Геннадий Голов­киннен де «Қазақстанда шынымен Борат фильмін­дегідей ме?» деп сұрағандар да болғанын білеміз. Көптеген елде «Борат Сағдиевтің» бейнесі арқылы тек Қазақ­стан емес, Өз­бекстан мен Тәжік­стандағы тұрмыстық жағдай, әйелдердің мәртебесі жылқы мен иттің дәрежелерінен төмен, саяси еркін­діктің жоқтығы келе­междеп көрсе­тіледі деген пікір де қалып­тасыпты. Қайткен күнде де фильмді сөгіп, на­­­разылығын білдіріп жатқан жұрт­­шылықты кінәлай алмаймыз. Өнер атаулы адамзатты қорлауға, мазақ етуге жол бермесе керек-ті. Ал «Борат 2» фильмінің түсірілімі жайлы ресми дерек жоқ. Бола қалған күннің өзінде ел билігі наразылық нотасымен шек­теле ме, ол жағы тағы белгісіз.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ