Тунбергтің талабы орындала ма?

Тунбергтің талабы орындала ма?

Ол небары 16 жасында әлемге танымал болды. Бүгінде оның есімі айтулы мемлекет басшылары мен мүйізі қарағайдай менмін дегендердің аузында жүр. Швед қызы Грета Тунбергтің Нью-Йорктегі Біріккен Ұлт­тар Ұйымының 74-сес­сия­сындағы жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі туралы айтқан сөзі көпшілікті бей-жай қалдырмады.

Әрине, бұл – бұдан бұ­рын да үлкенді-кішілі талай мін­берлерден айтылып жүр­ген мәселе. Үлкендердің салқынқан­ды қалыппен салмақты ой айтуы бөлек әңгіме де, балалықтың ауы­лынан енді өтіп, ересектердің қатарына әлі қосылып үлгер­меген жасөспірім қыздың шы­рылдап айтқан шынайы пікірінің үлкен мінберден естілуі әсерлі қабылданып жатқаны рас. Әйтпесе Тунбергтің сөзін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутериш жиын басында-ақ айтқан. Ол «Климатқа қатысты төтенше жағдай – біз әзірше қалыс қалып отырған жарыс, бірақ бізде озып кетуге мүмкіндік әлі де бар. Бұл климатты талқылайтын жер емес – талқылауға уақытымыз көп болды. Бұл климаттық ке­ліссөз жүргізетін орын емес – табиғатпен келісуге бол­май­ды. Бұл нақты шешімдер қабыл­данатын саммит» деген болатын. Әрине, ол бұл сөздерді ешқандай эмоциясыз, жинақы, сабырлы қалыпта айтқаны анық.

Алдымен Грета не айтты? Соған тоқталайық. Ол «Біз сіз­дердің әр қадамдарыңызды бақылап отырамыз!» деп бастап келе жатыр еді, саммитке қа­тысу­шылар ду күлді. Бұл кіш­кен­тай белсендінің ызасын кел­тірді. Ол көзіне жас алып, ашумен сөзін жалғастырып «Мен мұнда келмеуім керек еді. Мен мұхиттың арғы жағын­дағы елімде, мектебімде оты­руым керек болатын. Сіздер бос уәделеріңізбен менің арма­ным мен балалық шағымды ұр­ла­дыңыздар. Мүмкін жолы болған жан шығармын. Алайда, күйреген экожүйеден әлемде қаншама адам зардап шегіп, қаншасы қайтыс болды. Біз жаппай қырылу алдында тұр­мыз. Ал сіздер үнемі ақша мен экономикалық өсім туралы ер­тегі айтасыздар. Неткен арсыз едіңіздер? Жас ұрпақ сіздерден үміт күтеді. Ал егер сіздер сол сенімді ақтамасаңыздар, біз сіздерді ешқашан кешірмейміз. Жазадан құтыла алмайсыздар!» деді. Осылайша оның эколо­гиялық апат жайлы жанұшыра айтқан сөзі бүкіл әлемге тарады.

Грета биік мінберге бір­ден көтерілген жоқ. Оның белсен­ділігі осыдан біраз бұрын бас­талған. Тіпті сол белсенді әре­кеті үшін Нобель сыйлығына ұсынылған.

Әлемді ауызына қаратқан қыздың толық аты-жөні – Гре­та Тинтин Элеонора Эрнмен Тунберг. 2003 жылдың 3 қаң­тарында Стокгольм қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген. Анасы Малена Эрнмен опера әншісі болса, әкесі Сванте Тунберг – актер. Ол Швед елін былтыр мойындатып қойған. 15 жасында швед үкіметі ғимараты алдында «Климат үшін мектеп ереуілі» деген жазуы бар үн­қағазбен шығып БАҚ-тың на­з­а­рын аударды. Дегенмен Грета климаттың бұзылуы жайы­на тіпті бұдан ертерек алаң­дай бастаған. 8 жасында кли­мат­­тың өзгеруі жайлы естіп, со­ған амал қолданбай отыр­ған­дарға түсінбейтінін жеткіз­ген. Бұл жайлы өткен жылы TEDx конференциясында мәлім­де­ген. Ол былтыр Швеция­ның Svenska Dagbladet газеті ұйым­дастырған климат ту­ра­лы мақа­лалар байқауында жеңім­паз атанды. Осы оқиғадан кейін оған Fossilfritt Dalsland эко­логиялық ұйымынан Бу Торен хабарласып, оны өздеріне тартып, ұйымның бірнеше кез­десуіне қатысқан. Торен мек­теп оқушылары климаттың өзге­руіне қарсы ереуілді бастай алатынын айтқан. Гретаның TEDx конференциясындағы мәлімдемесінен кейін әлемнің бел­сенді жастары «Климат үшін мектеп ереуілі» немесе «Жұма болашақ үшін» шерулерін ұйым­дастыра бастады. Бұл қоз­ғалыстың негізгі идеясы – жұма күндері сабақ оқудың орнына оқушылар көшеге шығып, сая­саткерлер мен қоғамның назарын климат дағдарысына аудару.

Грета 11 жасында қатты күй­зеліске түсіп, сөйлеуден қалады. Ас ішпейтін халге жеткен. Соның салдарынан 10 келіге дейін сал­мақ тастайды. Дәрігерлер оған Аспергер синдромы деген диаг­ноз қойған. Медицина тілі­мен айтқанда бұл обсессив-ком­пульсив күйзелісі және селек­тив мутизмі деп аталады. Бұл не­ні білдіреді? Психология ғы­лым­да­рының кандидаты Бақыт Жігітбекованың айтуына қара­ғанда, бұл синдром – психоздың бір түрі. Оған шалдыққан адамдар үнемі үреймен жүреді. Мұндай адамдардың миы алда бір апат күтіп тұрғандай сезінеді, оны жан-жағындағыларға ескертеді. Бұл синдромға шалдыққандардың ми жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Нәтижесінде үнемі апаттар, сәт­сіз жайттар күтіп тұрғандай күй кешеді. Бұл нақты бір үреймен байланысты емес, тіпті бірнеше үрей қатар жүруі мүмкін. Мы­салы, үйден шығып кеткен соң «Осы мен газды өшірдім бе, жоқ па?» деген сияқты ой мазалайды. Кейбір жағдайда ол айналасындағы адамдарға, қоғамға қауіп төндіреді. Науқас агрессияшыл болып кетуі мүмкін. Оларға тек қана кәсіби мамандар ғана диагноз қояды. Мұндай диагнозбен ауыратындармен психотерапевтер жұмыс жа­сайды. Оның емдеу курсы өте ұзақ жүреді.

Грета әлем назарын өзіне ау­дарғалы сый-сияпат пен мара­паттан да кенде қалып жат­қан жоқ. Алайда біз оларды сана­малап жатуды артық көрдік. Ең бастысы ол қоғамға ой сал­ды және ауызы дуалы мем­ле­кет басшылары мен қоғам қайраткерлерінің де назарына ілігіп, қоғамда өзі туралы пікір қалыптастырды. Бір қызығы, оны қолдайтындар да, тым әсіребелсенді деп онша ұнатпаған сыңай танытып жатқандар да бар. Бір сөзбен айтқанда, Гре­таның әрекетіне пікір біл­дірушілер көп. Кейбіреулер оның шынайылығына күмән келтірсе, енді біреулер оның артында әлдекімдердің тұрғанын айтады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter-дегі парақшасында «Өз жарқын болашағын тағат­сыздана күтіп отырған өте бақыт­ты жас қыз. Мұны көрудің өзі – тамаша сезім!» деп мысқыл аралас ойын білдірсе, америкалық сая­саткер Баффи Уикс «Әлем өз кейіпкерін тапты, оның есімі – Грета Тунберг» дейді.

Ол 2019 жылдың мамыр айында Голливуд жұлдызы Арнольд Шварценеггермен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттерришпен, Австрия прези­денті Александр Ван дер Бел­ленмен кездескен. Бұл кездесу Шварцнеггердің Париж келі­сімін орындауды жеделдету мақсатында ұйымдастырылған конференциясында өткен. Ол өз идеяларын АҚШ-тың экс-президенті Барак Обамаға да жеткізген. Грета Давос фору­мында, Страсбургте Еуро­парламентте сөз алған. Осындай белсенділігіне қарағанда әлі де біраз биікті бағындыратын түрі бар.