Түркістан облысында сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары жандана түспек және мұның бәрі облыс басшысының бақылауында тұр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басқаруымен өткен жиында айтылды. Сондай-ақ облыста «Ашық бюджеттік интерактивті картасы» жүзеге асып, мемлекеттік мекемелерде «Халықтық кеңсе» ашылмақ.
Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесі талқыланған басқосуда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі өкілдері, аудан мен қала әкімдері және басқарма басшылары қатысты.
Transparency International үкіметтік емес халықаралық ұйымы жүргізген зерттеу нәтижелері Қазақстанда жемқорлықпен күресте оң өзгерістердің байқалғанын көрсеткен. Бұл еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күреске қарсы бағытталған нәтижелі жүйелі жұмыстың бар екенін тағы да дәлелдейді. Тақырыптың өзектілігіне тоқталған аймақ басшысы маңызды мәселенің жеке бақылауында екенін айтты.
Жиында Мемлекет басшысының 2019 жылғы 13 маусымдағы шешіміне сәйкес, қайта құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басты миссиясы ел игілігі үшін сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу екендігі атап өтіліп, барлық бастама әділдік, парасаттылық, сенім құндылықтары негізінде жүзеге асырылатыны жеткізілді.
«Біз ең таза өңір болуымыз керек. Осы бағытта жұмыс істейік. Басшылықта отырған азаматтар бұл мәселені өз бақылауында ұстап, күнде қадағалап отыратын болсын. Сұрау сіздерден. Біз нағыз еңбекқор, таза ниетті жандар мекен еткен қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жемқорлықпен күресу үшін әркім өзі таза болуы керек. Оған жол бергендерге қатаң шара қолданатын боламын. Ашықтық – басты міндет, басты ұстаным. Осы тұста мемлекеттік мекемелер арасында «Ашық бюджеттік интерактивті картасы» жобасын да қолға алу керек» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Бұл жоба – бюджеттен бөлінетін қаражатты жариялау және бақылау, шағымдарды, пікірлерді жинау және ақпаратты талдауға арналған жалпыға қолжетімді сыртқы ресурстағы сервис. Сондай-ақ карта нақты уақыт режимінде әлеуметтік нысандарды салу, жөндеу және күтуге бөлінген бюджет қаражаты туралы толық мәліметті көрсетеді. Жемқорлықтың тамырын жойып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру – қоғамның өзекті мәселесі. Бұл тұста облыс әкімі өңірде атқарып жатқан жұмыстардың бірі – «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын атап өтті. Тиімділігін көрсеткен жоба аясында нәтижелі жиындар өткізіліп, мыңға жуық мемлекеттік қызметкерге, 8 мыңнан астам тұрғынға құқықтық кеңес берілген. 40 ауылдық округтерде «Қауіпсіз аймақ» бұрыштары ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында облыс көлемінде 1700-ге жуық шара ұйымдастырылған. «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселері облыстағы 29 мемлекеттік және 19 жекеменшік колледжде ашылып, жұмыс істеп жатыр. Полицияда фронт-офистер ашылып, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және мемлекеттік мекемелерде сатушысыз өз-өзіне қызмет ету форматында 818 «Адалдық дүкені» ашылды. «Түркістан қалалық емxанасы» пилоттық үлгіде жобалық кеңсе іске қосылды. Алдағы жартыжылдықта барлық емхана мен аурухана автоматтандыру мен цифрландыру процесінен өтеді.
Комиссия мүшелеріне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірегей коммуникациялық формалық стилі, яғни аталған үш құндылық негізінде әзірленген агенттіктің елтаңбасы мен логотипі таныстырылып, олардың мән-мазмұны кең көлемде түсіндірілді.
Сондай-ақ бүгінгі күні басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге емес, алдын алуға аударылып жатқандығы ескертіліп, аталған бағытты күшейту мақсатында агенттікте үш жаңа департаменттің (Превенция, Парасаттылық, Серіктестік) құрылғандығы хабардар етілді.
Жиын соңында комиссия мүшелері мен оның отырысына қатысқан барлық мекеме басшыларына арнайы әзірленген агенттіктің жаңа имиджі туралы ақпараттық кітапшалар таратылды.
Түркістан облысы