Кәсіпкер коронавируспен күреске 101 миллион теңге берді

Кәсіпкер коронавируспен күреске 101 миллион теңге берді

Үкімет қалтасы қалың  азаматтарды жақсылық жасауға үндесе, кәсіпкерлер барымен бөлісіп  кеңдік танытты. Міне, сондай атымтай жомарт жанның бірі Жамбыл облысы Жуалы ауданының тумасы Талғат Турумбаев 101 миллион теңгеге елді мекеннің ауруханасына қажетті құрал-жабдық сатып алып берді. Жалпы, Талғат сингапурлық   Kusto Group компаниясының басқарма мүшесі. Ол аудандық аруханаға жалпы сомасы  101 миллион теңгеге бағаланатын коронавируспен күреске арналған медициналық заттарды сыйға тартып отыр.  Оның ішінде  1,5 миллион  теңгеге жұқпалы аурулар бөліміне оттегі жүйесі мен 30 оттегі баллоны, 39 миллион  теңгеге жаңа реанимобиль, 3000 дана жеке қорғаныш киімдері,  5000 дана №95 респираторлар және  10 дана оттегі концентраторлары бар.   Сонымен қатар, қосымша жылжымалы рентген аппараты мен өкпені жасанды жеделдету құрылғысы әкелінеді деп күтілуде. Осындай кең жүректі азаматты Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков зор ықыласпен  қарсы алып, туған өлке  үшін жасап жатқан жақсылығына алғысын айтты. Қиындықта қол ұшын  созатын Талғаттай азаматтар көп болсын деп тілейміз!

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы