Әмірхан әлемін зерттеу басталады
Әмірхан әлемін  зерттеу басталады
473
оқылды

Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті ақын, әдебиет сыншысы, журналист Әмірхан Балқыбектің көзі тірісінде тұрған, ғаламат еңбектерін дүниеге әкелген үйге ескерткіш-тақта орнатылды.

Ол – арқалы ақын еді. Оның білімі телегей-теңіз болатын. Ол өз қатарынан озып туған арда азамат еді. Жаратылысынан өте қарапайым-тұғын. Иә, ол туралы әңгіме, өкінішке қарай, бүгінде тек өткен шақта айтылады. Өмір­ден ерте озған ақын тірі болса, биыл ердің жасы елуге толар еді.

Біз Әмірханмен 90-жылдары ҚазМУ-дың журналистика факуль­тетінде бірге оқыдық. Ол студент кезінің өзінде асқан бі­лім­дарлығымен көзге түскен бола­тын. Қолынан кітабы түс­пей­­тін, жұқалтаң келген сары жігіт үнемі ой үстінде жүретін. Кейде көктен түскендей тарс еткі­зіп бір сұрақты қойып қала­ты­ны бар-ды. Енді бірде өзі айт­қан сөзіне өзі мәз болып, балаша қуанатын-ды.

Университет бітіргеннен кейін де ол өзінің қаламының қан­шалықты қарымды журна­лист екенін танытты. Респуб­ли­калық басылымдарда еңбек ете жүріп, зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Мықты әдебиет сыншысына айналды. Өлең топ­­­та­малары алғашында ұжым­дық жыр жинақтарына енсе, кейін­нен «Метаморфоза», «Сын­ған сәуленің шағылысуы» жыр жи­нақ­тары, тарихи эсселер мен әдеби мақалалардан тұратын «Қасқыр Құдай болған кез», «Ақын апо­ло­гиясы» кітаптары жарық көрді.

– Әмірхан Балқыбек – 90-жыл­дары әдебиетке жарқ етіп келген жарық жұлдыз. Ол нағыз тәуелсіздіктің ақыны. Еге­мен ел болған аумалы-төкпелі күр­де­лі кезеңде әдебиетті, өлеңді тас­тамады. Ол – көп оқыған, кө­кейіне көп тоқыған, әдебиетке жаңа леп, жаңа үрдіс алып келу­ге жол ашқан жігіттердің бірі. Кезінде алтынкөпірліктер деп оларға пікірімді білдірдім. Әмір­хан­ның өмірден өте ерте өтіп кет­­кені өкінішті бола тұра, бір жа­­ғынан бүгінгі шараға құтты бол­­­сын дейміз. Өз қатарластары қа­­­­лалық әкімшілікпен біріге оты­рып, үлкен сауапты іс жасады, – де­ді ақын, Мемлекеттік сый­лық­­­тың лауреаты Темірхан Ме­дет­­бек. – Әмірханның жазып кет­кен шығармалары ел есінде. Ол еш уақытта ұмытылмайды.

Әмірхан өзінің әдебиетші болуына әкесі Жұмабектің көп ықпалы тигенін жиі айта­тын. «Әкемнің кітаптары көп және оны жүйелі түрде қа­лай оқу ке­ре­гін үйреткен де сол еді» дей­тін. Қазақ-өзбек ақын­да­ры­ның өлеңдерін жатқа оқи­тын әке зерек ұлының құлағына да ер­те бастан асыл сөздің қа­зы­на­сын құя білді. Зерде­лі жан сол өңірден шыққан, қолына қалам ұстағандарды үйіне жиі қонаққа шақыратын. Әңгіме арасында олардан «Осы баладан бірдеңе шыға ма?» деп жайлап сыр суыртпақтап қоюды да ұмытпайтын. Ақын Қазыбек Иса – солардың бірі.

– Осыдан бес жыл бұрын жай­барақат жүрген бәріміздің төбе­мізден жай түскендей бо­лып, ол өмірден құйрықты жұл­­­дыздай ағып өткенде «Ел сені ен­ді іздей бастайды» деп жа­зып едім. Міне, Әмірханды із­деу енді басталды. Түркістан об­­лы­сын­да Әмірхан атындағы жас ақын­дардың үлкен жыр мүшәй­расы, Шардара ауданында бір ай бойы Әмірханның оқулары өтті. Оның әкесі Жұмабек аға­мыз өте білімді кісі еді. Ол кісі­ден туған ұлдың телегей-теңіз білімнің иесі болуы тегін емес. Әмірхан кейде ақындарды баға­ла­са «Оны менің әкем жақсы көре­ді» дейтін. Жұмабек ағамыз әл үстінде жатқанда «Ақын бо­лам деп Алматыға соңыңнан еріп келген ініңе бас-көз бо­лып жүр» деген болатын. Біз Әмір­­ханды сақтай алмадық. Қа­пы­да қалдық. Сол жылы өзі де «Қыз­ғалдақтар өскенде ауыл­ға барам» деп айта беріп еді. Өкі­нішке қарай, қызғалдақтар өс­кен кезде біз Әмірханды қызыл кілемге орап алып бардық... Мен дәл сол кезде көршілес мем­ле­кет­ – Бішкекте болып едім. Шекарадан өткен кезде қара­сам, Әмірхан бес рет телефон соғыпты. «Не боп қалды екен?» деп қайта хабарласқанымда, теле­фон көтермеді. Алматыға кел­ге­німізде суық хабарды естідік. «Шырылдап сонда неге іздеді екен?» деп әлі күнге дейін ойлай­мын. Өзекте өкініш қалды. Сол кезде Алматыда болсам, Әмір­хан­ды қасыма шақырып алсам, оны шақырып жүрген өзге әлем­нің құшағынан құтылып, құрақ ұшып келгенде аман қалар ма еді, бауырым. Әйтсе де, адам­ның дегені болмайды, Алланың де­гені болады. Өмір өз дегенін істей­ді, амал бар ма? – деді ақын Қазыбек Иса.

Енді Әмірхан Балқыбектің екін­ші өмірі басталды. Биыл ақын­­ның 50 жылдығына бай­ла­ныс­ты өзі туып-өскен өңірде де бір­қатар іс-шаралар өтті. Түр­кіс­тан облысының Шардара ау­данындағы өзі оқыған Мұх­тар Әуезов атындағы орта мек­тепте оның атына арнайы сы­­нып ашылған. Өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатуда ақын­­ның досы Маралтай Ра­йым­­бекұлының еңбегі зор бол­ғанын көпшілік қайта-қайта ай­тып жатты. Алдағы уақытта да оны мәңгілік есте қалдыру шара­лары жалғасын таба бермек. Өйткені көзі тірісінде қамқор болған ізбасарлары, қалың оқырманы барда оның аты өшпек емес.