Түйе балуан «Нексия» мінді
Түйе балуан «Нексия» мінді
388
оқылды

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихи тереңде жатыр. Ахметше айтсақ, 1924 жылдан бері жарық көретін басылым бүгінге дейін халықтың көзі, құлағы һәм үні болып келді. Газет тек ақпарат құралы ғана емес, қазақ күресінің жанашыры ретінде танылып келеді. Яғни, 95 жылдық тарихи бар облыстық газет 57 жылдан бері қазақ күресінен турнир өткізуді қолға алған.

Биылғы жылы қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің  жүлдесіне арналаған дәстүрлі 57-ші турнир Кентау қаласында өтті. Айта кетейік, бұл дәстүрлі спорттық дода Түркістан облысы құрылғалы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылған байрақты бәсекеге облыс аумағынан 80-нен астам спортшы қатысып, бақ сынады.

Сайыстың салтанатты ашылуында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасы басшысының орынбасары Данияр Исабаев, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Жүнісов, Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, белгілі жаттықтырушы, ұстаз Жарылқасын Оңалбек, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Самат Расул сөз алып, қара шаңырақ басылымның қолға алған бастамасын әрдайым қолдайтындықтарын атап өтті. Сондай-ақ, спортшыларға сәттілік тіледі.

Алғашқы күні салмақ өлшеген балуандар, екінші күні шаршы алаңда күш сынасты. 60 келі салмақ дәрежесінде ордабасылық Мадияр Жамбыл жеңімпаз атанса, екінші орынды Сәулет Мырзахан жеңіп алды. Ерсұлтан Түзел  мен Бағдаулет Қасымханұлы қола жүлдені қанағат тұтты.

66 келіде Тәуіржан Серікханның алтын алса, Бауыржан Қияс күміс, Мұса Мекембай мен Бағдат Исаға қола жүлдегер атанды.

74 келіде Дулат Хамза жеңіс тұғырна көтерілді. Екінші орынды Әбу Мұстафа місе тұтса, үшінші орынды Бауыржан Әбілқас пен Төребек Молдаш  өзара бөлісті.

82 келіде  Тоқтарбек Айдарбек бірінші орын, Бақытжан Әлімжанұлы екінші орын, Бекболат Жұмат пен Еркеғали Қуандық үшінші орынды иеленді.

90 келіде Мейірбек Байжігіт жеңімпаз атанды. Енат Мырханов екінші орынды иеленсе, үшінші орындар Айбек Садықов пен Дархан Жамалханға бұйырды.

90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Қайсар Шамшидиннов қарсылас шақ келтірмеді. Ерлан Нұрманов екінші орынның иегері болса, Ербол Абдуаханов пен Жолдасбек Бектұрсынов қола жүлдегер атанды.

Командалық есепте Түркістан қаласының командасы топ жарды. Екінші орынды Ордабасы ауданының спортшылары иеленсе, Шардаралықтар үшінші орыннан көрінді.

Әр салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

«Түйе балуан» сайысы да тартысты өтті. 22 балуан қатысқан сайыста шардаралық Қайсар Шамшиддиновтың мерейі үстем болып, «Нексия» автокөлігін иеленді.

Жеңімпазға «темір тұлпардың» кілтін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан тапсырды.