Отандық қару: садақтан SKYLARK-қа дейін
Отандық қару: садақтан SKYLARK-қа дейін
437
оқылды

Үңгірден шыққан әлдебір тайпа жолай кезіккен екін­ші­­сімен тамақ үшін таласып, қыр­­қысқанда, ол адамзат та­ри­­­хындағы тұңғыш «прото­со­­ғыс­қа» айналса керек. Одан кейін пенде қауымы қан­­ша рет бірін-бірі қанға бөк­ке­ні бел­гісіз. Сарапшылар есеп­­теуін­ше, ғаламшардағы ал­ғаш­қы мем­­­­лекеттер тарихы хат­қа түсе бас­тағалы әлемде 17 мыңнан ас­там соғыс тірке­ліп­ті. Бұқара үшін бұл – қасірет қайнары, ал қару өндірушілер үшін – қа­ражат көзі.

Қару экспортынан көптеген ел­дер қырып табыс табуда. Сток­го­льм ха­лық­аралық бейбітшілік мә­­­селелерін зерттеу институтының (SIPRI) мәліметінше, бұл нарық­тың ауқымы 2024 жылы 2 трил­лион АҚШ долларына дейін ұл­ғая­ды деп күтілуде. Өткен жыл қо­рытындысында төрткүл дүниедегі тәуел­сіз елдердің қарулануға бағыт­та­ған шығындарының жалпы көлемі 1,8 триллион долларға жетті. Қалай бол­ғанда, Қазақстанға қару-жарақ экс­портынан түсіп жатқан түсім ша­малы. Республикамыз бұл салада «аут­сайдер» саналады. Неге олай жә­не ол тұйықтан Үкіметтің қалай шы­ғуды жоспарлап отырғаны жайында сәл кейінірек.

Қазіргі заманда қару – қымбат та­уар. Ал кез келген тауарға, әсіресе жаңа­сына жарнамасы ілесе жүреді. Бұл ретте қару-жарақ пен әскери тех­никаның пиары – халықаралық ар­найы көрмелерде, халықаралық әс­кери жаттығуларда, сондай-ақ майдан даласында жүзеге асырыла­ды. Іргедегі держава Ресей мысалға, Си­риядағы соғысты өзінің жаңа қару өнімдерін сынайтын және оның қуатын жаһанға паш ететін по­лигонға айналдырып алды. Оны өз­дері жасырмайды. Ресей Қорғаныс ми­нистрлігі Сирияда 600-ден астам ре­сейлік қару-жарақ пен техника түрі сы­нақтан өткенін мәлімдеді.

Солтүстік көршінің ісін ақта­ға­лы отырған жоқпыз. 2015 жылдың қыр­күйегінен бастап, Ресей оппозиция мен заңсыз қарулы топтар қолына көш­кен Сирияның экономикалық ас­танасы, халық саны жөнінен ең ірі қа­ласы – Алеппоны авиациямен және ар­тиллериямен аяусыз бомбалағанда қан­шама бейбіт тұрғынның қаза тап­қанын халықаралық ақпарат құрал­дары ашық жариялады.

Бірақ алпауыт өз дегеніне жетті. Орыс қаруының Сирияда 2011 жыл­дан бері үстемдік еткен лаңкестік топ­тарды дәп бір табаға түскен еттей қуы­рып, отқа орап, шырқыратқанын көр­ген өзге мемлекеттердің оған де­ген құмарлығы артқаны құпия емес. НАТО мүшесі болып табылатын Түр­кия басшысы Реджеп Тайып Ердо­ған­ның АҚШ-тың қарсылығына қа­рамастан, Ресейдің қорғаныс жүйе­сін – С-400 зениттік-зымыран ке­ше­нін сатып алуға кірісуі осыған дәйек болса керек.

SIPRI дерегінше, 2017 жыл­дың қорытындысында Ресей ал­ғаш рет ірі компаниялар арқылы қару сату жөнінен 2-орынға шық­ты­. Қазір оған жаһандық на­рық­тың 22%-ы тиесілі. Ресей осылай Ұлыбританияны өз тұғырынан тайдырды. Баянжазбада айтыл­ғандай, әлемдік рейтингке ре­сейлік 10 компания кіре алды: ішінде «Алмаз-Антей», «Бір­лес­кен қозғалтқышжасау корпо­рациясы», «Высокоточные ком­плексы», «Тактическое ракетное вооружение» корпорациясы және басқасы бар.

Бірақ ресейлік қару өнді­рушілердің барлығы біріккеннің өзінде америкалық жалғыз Lockheed Martin көрсеткіштеріне жете алмайды. Нарық көшбасшы­сының жылдық айналымы – 44,9 мил­лиард доллар.

Қару-жарақ саудасының дү­ниежүзілік лидері есептелетін АҚШ-тың нарықтағы үлесі 36%-ға тең. Әлемдік қару экспорт­тау­шылардың «бестігіне» сондай-ақ Франция, Германия және Қытай кіреді. Осы 5 ел 2014-2018 жылдар аралығында қару саудасының 75%-ын иемденген.

Енді Қазақстандағы қару-жа­рақ өндірісіне келсек. Қару-жа­рақ жөнінен қазақтар қайтадан не­гізінен шетелдік жеткізі­лім­дерге қарап қалған жайы бар сы­ңайлы. Мысалға, аталған сала­дағы біраз отандық және бірлес­кен кәсіпо­рын­дардың бірінен соң бірі жа­былып жатқаны анық­талды.

Еліміздегі қорғаныс өнер­кә­сібі кәсіпорындарын біріктіретін холдинг – «Қазақстан инжини­ринг» ұлттық компаниясы» АҚ-ның 2020-2029 жылдарына ар­налған Даму стратегиясының жа­ңа жобасында да «дағдарыс» де­ген сөз қолданылады.

Холдинг ел Үкіметінің 2003 жыл­ғы 13 наурыздағы №244 «ҚР қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кейбір мәселелері туралы» қаулы­сына сәйкес құрылғалы бері қол­дан қолға көшті. Оның акцияла­рының 100% пакеті 2006 жылғы қа­занда «Самұрық» қорына бе­ріл­ген. Артынша 2009 жылғы қыр­­күйекте Индустрия және сауда министрлігінің басқаруына тапсырылды. 2010 жылғы маусым айынан бастап, Қорғаныс ми­нис­тр­лігінің сенімді басқаруына ауыс­тырылды. 2016 жылғы 23 жел­­тоқсанда Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі­нің қанатының астына кірді. Ал 2019 жылғы 17 маусымда «Мем­лекеттік басқару жүйесін одан ары жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығына сәйкес, бұл компания акция­ла­рының мемлекеттік пакетін ие­лену және пайдалану құқығы Ин­дустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігіне табысталған.

Сарапшылардың байла­мын­ша, бүгінде Қазақстанның қор­ғаныстық-өнеркәсіптік ке­ше­нін­де «арнайы өнім өндірісі құры­лы­мының ұлттық армияның қажет­тіліктеріне сәйкес келмеуі, еңбек өнімділігінің төмен болуы, негізгі қорлардың үдемелі түрде тозуы, кәсіпорындардың жалпы тех­никалық және технологиялық көнеруі» секілді кесір құбылыстар белең алуда.

Kazakhstan Engineering Даму стратегиясы жобасында айтыл­ғандай, өнеркәсіптік ұйымдардың көбі жаңа өнім шығаруға емес, тек қару-жарақ пен әскери тех­ни­каның жекелеген түрлерін ағым­дағы және күрделі жөндеуге ғана мамандандырылған. Оның үстіне олар ұзақмерзімді келісім­шарт­тармен қамтамасыз етілмеген.


Құжатта көрсетілгендей, хол­динг­тің «Камаз-Семей» ЖШС (он­дағы ұлттық компания үлесі – 49%) және «Батыр инжиниринг» ЖШС (100% тиесілі) кәсіпорын­дары жойылған.

Тағы біраз қорғаныстық кә­сіпорын «ликвидация» сатысын­да тұр. Бұлар – «Талес Қазақстан ин­­жиниринг» бірлескен кә­сіпорны (50%), «Қаз-СТ Инжи­ниринг Бастау» ЖШС (49%), «Спецмаш Ас­тана» ЖШС (35%), «Индра Қа­­зақ­стан инжиниринг» ЖШС (49%), «Қорғау инжи­ни­ринг» ЖШС (100%) бірлескен кә­­сіпорны.

Бір топ кәсіпорнын сатуға мәж­бүр болған. Арасында шаң­сор­ғыштан да (қате естіген жоқ­сыз) арзанға кеткені бар: SMP Group ЖШС (26%) 115 мың тең­геге өткізілгені көрсетілген. Бір­қатар зауыт-кәсіпорын жер талға­майтын жап-жақсы көлік баға­сына ғана бұлданған.

Бұдан бөлек, холдингтің бір­неше кәсіпорны саудаға қойылды. Соның ішінде «С.М.Киров атын­дағы машина жасау зауыты» АҚ (51%), «Тыныс» АҚ (51%), «Семей машина жасау зауыты» АҚ (51%) бар.

2018 жылы «Қазақстан ин­жиниринг» ҰК» АҚ-ның жалпы шоғырландырылған табысы, со­ның ішінде сатудан түскен түсімі 107 млрд 969 млн теңгені құрады. Алайда Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі келтірген мәліметте компания шы­ғысқа ұшырап жатқаны хабар­ланады: былтыр холдингтің таза шығысы (убыток) 2 миллиард 565 млн теңгені құрады. Барлығы 30 миллиард 203 млн теңге (соның ішінде ұзақмерзімдісі – 12 402 млн теңге) қарызы бар.

14 инвестжобаны нәпақа етіп жүрген компания құрамында 4 511 адам жұмыс істейді екен. Еңбек өнімділігі 8 460 мың теңге немесе 21,9 мың доллардай ғана.

Ең көп табысты «Қазақ­стан­дық авиациялық индустрия» ЖШС әкеледі. Алайда компания­ның операциялық шығындары сол табыстың 97%-ынан асып түскен, нәтижесінде бұл шығысқа соқтырды.

таблица1.JPG

Рас, табысты жобалары да бар. 2013 жылы «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ортақ қазақ-түрік зауыты іске қосылды. Зауыт АҚШ, Еуропа және Израиль өндірушілерімен тең бәсекелесе отырып, жоғары технологиялық электронды-оптикалық аспаптар шығарады. Негізгі өнімдері – күн­дізгі және түнгі көздеуіш, түн­де көретін аспаптар, тепло­ви­зорлар, байланыс жүйелері, бар­лау аспаптары.

2011 жылдан бері «Киров атын­дағы зауыт» өзі әзірлеген ұя­лы және стационарлық байланыс жүйелерінің оннан астам түрін және олардың компоненттерін, сон­дай-ақ полигондық жабдық­тардың 5 түрін күш құрылым­дарына жеткізуде.

«Гидроприбор» ғылыми-зерт­теу және тәжірибелік-конс­трук­торлық институты жоғары жыл­дамдықты «Сағым» катері, өзді­гінен жүретін және қарапайым паромдар, «Қажымұқан» мұз­жар­ғыш-сүйреу катері, мобильдік контейнерлік сүңгуір кешені өн­дірісін игеруде екен.

Холдингтің басқа да жоба­­ларының жетістіктері бар.

Сондықтан ел Үкіметі қару-жарақ өндірісі саласынан бас тарт­пайды. Қайта дәрменсіз жағ­дайға жетіп барып, қайта түлеген әлемдік ірі компаниялар үлгі­сінде «Қазақстан инжинирингті» қайта өрлету мақсат етілуде. Осыған орай жаңа Даму стра­тегиясына сәйкес, өндірісті әр­тараптандыру; қорғаныс өнім­дерін және қыз­меттерін кеңейту; қосарлы және аза­маттық өнім­дерді сатуды ұл­ғайту арқылы тұрақтылықты қам­тамасыз ету; маркетинг және экс­портты алға жылжыту функ­ция­сын дамыту; өндірістің өзін­дік құнын тө­мендету; иннова­циялық даму стратегбағыттарын іске асыру көзделіп отыр.

Нәтижесінде, он жылда ком­па­нияның өнімді сатудан түсетін кірістері 2 есе артуға, кәсіпо­рын­дарының еңбек өнімділігі кемінде 2 есе ұлғаюға, еншілес және тә­уелді ұйымдардағы машиналар мен жабдықтардың тозу деңгейі 50%-дан аспайтындай деңгейге жетуі тиіс.

«Киров атындағы зауыт» – ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын, қорғалған телефон аппараттарын өндіруді, «Қазақстандық авиациялық ин­дустрия» ЖШС – Skylark I-LEX ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаруды, «Тыныс» АҚ – жы­лы­на кем дегенде 20 мың керамо­ком­позитті бронеплиталар және басқа да жауынгерлердің жеке қор­ғанысы құралдарының өнді­рісін жолға қоймақ.