Бүгінде велосипед көлігін жаппай қолданысқа енгізіп отырған мемлекет көп. Соның бірі – Нидерланды. Елдегі әрбір үшінші тұрғын күнделікті жұмысқа велосипедпен қатынайды.
Әдетте, Нидерланды мемлекеті туралы сөз бола қалса «голланд ірімшігі», «голланд раушан гүлі, голланд ауруы мен қызғалдағы» еске оралады. Себебі бұл елдің аты әлемдік нарықта гүлдің түрі мен сүт өнімдері экспорты арқылы танылған. Әлемнің көз жауын алған әсем гүлдерін айтпағанда «голланд ірімшігінің» дәмі талайдың таңдайында жүр. Бүгінгі күні Нидерланды сиыр мен ешкі сүтінен жылына 700 келі ірімшік өндіріп, оның төрттен үш бөлігін сыртқа сатуда. Сонымен қатар қазіргі күні Нидерланды халқын өзгелерден дараландырып тұрған тағы бір ерекшелік – велосипедке деген көзқарас. Шынында да голландықтардың велоспортқа, велосипед көлігіне құмарлығы кісі қызығарлықтай. Былтыр мемлекеттегі осы бір көлік түрінің саны тұрғын санынан асып кеткені (17 миллион адам, 23 миллион велосипед) белгілі болған.
Нидерландыда велосипед тебудің өзіндік мәдениеті бар. Өйткені осы бір шағын мемлекеттің халқы ХІХ ғасырдың аяғынан бері «великпен» жүруді дағдыға айналдырып, бүгінге дейін жалғасып отыр. Бүгінде әлемнің ең бай он елінің біріне жататын голландықтардың ұғымында автокөлікпен көшеде кептелісте тұрғаннан таза ауада екі дөңгелекті көлікпен жүрген пайдалы. Бұл денсаулыққа жақсы әрі қоршаған ортаға да зиян тигізбейсің. Керісінше, қоршаған ортаға тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Нидерланды көлік институты жасаған талдау бойынша, автокөліктен велосипедке жаппай ауысу үдерісі орта есеппен автожолдарда бір шақырымына 150 грамм көмірқышқыл газын шығаруды тежеуге қол жеткізген. Мамандар велосипед тепкен адам қант диабеті мен жүрек, қан тамырлары ауруының алдын алатынын айтады. 2015 жылы Нидерландыда жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, әр жыл сайын халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы алты айға ұзарғаны байқалған. Тұрғындардың жаппай велосипед көлігіне отыруы елдегі ірі компаниялардың еңбек өнімділігіне де оң әсер етуде. Себебі жұмысқа екі дөңгелекті көлікпен қатынайтын қызметкерлердің денсаулығы жақсарып, жұмысты жылдам әрі сапалы істейтіні анықталыпты. Сондай-ақ жұмысшылардың автокөліктен түсіп, велосипедке мінуі компаниялардың автотұрақ ұстауға кететін шығынын да үнемдеп отыр. Осылайша, «вело» көлік мінудің тиімділігінен ел бюджеті жылына 20 млн доллар үнемдеуге қол жеткізген. Рас, Нидерландыда велосипед тебу үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалған, арнайы инфрақұрылымы жұмыс істеп тұр. Елде велосипедке арналған 35 мың шақырымнан асатын арнайы жол салынған. Тіпті кейбір веложолдар қиылысына қауіпсіздік үшін бағдаршамдар қойылыпты. Қала көшелеріндегі арнайы жолдар мен жолақтар велосипедті өзге көліктерден оқшаулап, бөгеліссіз жүруіне жол ашып отыр.
Голландықтар екі ғасырдай уақыт велосипед көлігін пайдаланып келе жатқандарын мақтан тұтып, өздерін «әлемдегі ешкімге ұқсамайтын жалғыз ұлтпыз» деп санайды. Үкімет жыл сайын велосипед тебушілердің қатарын көбейту үшін түрлі шаралар ұйымдастырады. Мәселен, велосипедпен жүрген әрбір шақырым сізге 0,22 доллар қосымша табыс түсіреді, яғни бұл қаражат мемлекеттен берілетін әлеуметтік пакеттің ішінде қарастырылған. Неғұрлым жүретін жолыңыз алыс болған сайын, соғұрлым көбірек жеңілдік бар. Веложолдар тек ірі қалаларда ғана емес, елдімекендерді, қала мен қаланы жалғайтын да арнайы жолақтар бар.
Бүгінде дүниежүзі бойынша ең үлкен жерасты велопаркі де Нидерландыда салынған. Утрехт қаласындағы ірі велопаркке 12 500 велосипед сыяды.
Нидерландыда велосипед міну жас та, лауазым да талғамайды. Елдің қазіргі премьер-министрі Марк Рютте де жұмысына велосипедпен барады. Таяуда өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда баяндама жасаған 52 жастағы премьер аталған көлік түрінің тиімділігін айта келіп, «Мен соңғы екі жылда өзіме велосипед сатып алып, күн ашық кездері офиске велосипедпен баруға тырысып жүрмін. Нидерландықтар осы көлік түрін таңдау арқылы ұлт денсаулығын жақсартуға қол жеткізіп отыр» деді.