Ұлттық валюта – өз үйіңнің кілті
Ұлттық валюта – өз үйіңнің кілті
471
оқылды

Еуразиялық одақ аясында ортақ валю­таны енгізу тақырыбын алпауыт көрші ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы басталғалы дүркін-дүркін көтеріп келеді. Жай ай­та сал­ғаны ма? Жоқ, қайта салмағы бар. Ре­сей осы арқылы ақпараттық, иде­оло­­гия­лық, психологиялық кеңістікті дайын­­дау­да. Әр мәлімдеме астарында ха­лықтар­дың қазірден бойы үйренсін, идея көз отықты, құлақ сіңісті болсын деген ниет жатыр.

Сонда саяси технологиялар тілімен айт­қанда, адамдар ақыры ортақ валютаны «қашсаң құтқармас зұлымдық» (неизбежное зло, inevitable evil) деп қабылдап, мойынсұнады. Бұл, әрине, елдік үшін қауіпті.

Ресейлік «Российская газета» басылымының таяудағы, 25 қыркүйектегі №216 федералдық шығарылымында жарияланған сұхбатында Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов қазақ елі тәуелсіздігінің символы – қаржылық-валюталық егемендігінің болашағына шүбә келтіргендей мәлімдеме жасады.

«Қалай ойлайсыз, ортақ валюта – рубль ме, әлде алтын ба?» деген журналист сұрағына Бельянинов мырза: «Ары қарай да ортақ валюта атауына қатысты қиялдай беруге болады. Бірақ оның қажеті қанша?! Менің ойымша, атауы рубль болады. Өйткені ол бес елдің эконо­мика­лық кеңістігінде кең қолданылады», – дейді.

Атап өткен жөн, ЕАДБ-ның құрылтайшысы ретінде Қазақстан халықаралық бұл ұйымға мол жарна аударып отырғандықтан, Андрей Бельяниновтің аста-төк жалақысы мен бонустары біздің елдің бюджетінен де қалыптасып отыр деуге толық негіз бар.

Бұл сорақылыққа салаға жауапты ведомс­твомыз қалай жауап берді? Ұлттық банк өз мәлімдемесінде ең сыпайы сөздерді тергені байқалады. Соған уақыт жоғалтты ма, кім білсін, әйтеуір, Қазақстанның орталық банкінің жоққа шығаруы тек екі күннен кейін, 27 қыркүйекте ғана жарияланды.

«Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес Еуразиялық даму банкі ЕАЭО-ның жұмыс органы болып табылмайды және оның қызметі шартта көзделмеген. ЕАДБ – ЕАЭО туралы шарттан тыс мемлекетаралық келісім негізінде құрылған. Қазіргі уақытта Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан – ЕАДБ мүшелері. ЕАДБ басшылығының пікірі шындыққа жа­нас­пайды және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қабылданған уағдаластықтарға қайшы келеді», – дейді қаржылық реттеуші.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сөзі одан өткірлеу болды. Ол мұндай мәлімдемелердің салмақты негізі жоқ деген ойда.

– ЕАДБ интеграциялық сипаттағы инвес­тициялық жобаларды қаржыландыратын халықаралық даму институты ғана. Сондықтан оның ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізу мәселесін талқылауға рұқсат-мандаты жоқ! Меніңше, бұл Андрея Юрьевичтің сарапшы ретіндегі жеке ұстанымы ғана, ал жеке пікірін білдіруге әркім құқылы, – деді Б.Сұлтанов.

Ол сарапшылар да, ақпарат құралдары да әртүрлі алаңдарда жиі-жиі әрі еш себепсіз ортақ валютаға көшу мәселесін көтере беретінін еске салды. Ал Еуразиялық одақтың барлық органдарының негізгі міндеті – елдер арасындағы сауда кедергілерін жою, бұл үшін үшінші елдерден келетін тауарларға бірыңғай талаптар мен ортақ стандарттарды енгізу.

– Азаматтарымыздың санасына мына жайтты мәңгілікке сіңіргеніміз маңызды: ЕАЭО нормативтік базасы әрбір мүшесінің егемендігін қатаң сақтайды. Валюталық реттеу және сауда есеп айырысуларын өткізу мәселелері де әр елдің өз құзырында. Қайталап айтамын: Еуразиялық одақта ортақ валюта енгізу жоспарланып отырған жоқ! – деді Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов.

Жалпы, ортақ валюта енгізу, соның ішінде Ресейдің ұлттық валютасын одақ елдеріне ортақ ету мәселесін солтүстік көршінің саясаткерлері мен сарапшылары жоғары деңгейлерде көтеріп ке­леді. Мәскеуде мысалы, РФ пар­ла­менті сенатының – Федерация кеңесінің спикері Валентина Мат­­виенко ортақ валютаның белсенді жақтаушысы саналады. Кезінде алтынды енгізу баста­ма­сын қызу қолдаған да сол болатын. Ал жақында Матвиенко ханым беларустік ОНТ телеарнасының эфирінен Ресей мен Беларусь тез арада ортақ валютаға көшуге тиістігін мәлімдеді. РФ Сенаты басшысының айтуынша, онсыз «бірыңғай қаржылық саясатты жүргізу қиын».

Мұндай бастамаларға Бела­русь президенті Александр Лука­шенко өз ойын білдірді: «Біз ор­тақ валютаға қарсы емеспіз. Бірақ ол Ресей Орталық банкінің бан­кноты емес, нағыз ортақ валюта болуы тиіс. Тиісінше, тең жағ­дай­да құрылған эмиссиялық орталық болуы шарт», – деді Беларусь көшбасшысы.

Ресейдің валюталық жоспары екі елмен шектелмейді, оның ың­ғайына жығылса, саясатын бұ­рынғы кеңестік республика­лар­дың бәріне жаймақ ниетте. Бұл үшін алдымен көрші екі ел ая­сында ендіру арқылы үлгісін көрсетпек.

РФ Қаржы министрінің орын­басары Алексей Моисеев өткен жылдың желтоқсанында 2020-2021 жылдары Еуразиялық эконо­микалық одақ аясында «ортақ цифрлық валюта» пайда болуы мүм­­кін екенін жариялады. Осы­лай­ша, оның жоспарынша, Қа­зақ­стан, Ресей, Қырғызстан, Ар­ме­ния және Белоруссия сонау 1979-1998 жылдары Еуроодақта және оның валюталық жүйесінде пай­даланылған ECU валюталық бір­лігінің баламасына көшуі қажет.


Алпауыт көршінің бұл жоспа­рының қазір орындала қоюы не­ғайбыл. Оған негіз де жоқ: Еуро­паның өзі ортақ валютаға ұзақ жүріп жеткен. Егер ЕО тарихы 1951 жылы алты мемлекет «Еуро­палық көмір мен болат бірлестігін» (ECSC) тағайындау туралы шарт­қа қол қойғаннан басталатынын, одақтың өзі тек 1992 жылғы Маас­трихт шартымен заңды түрде бе­кітілгенін ескерсек, ортақ валюта енгізілгенге дейін олар жарты ғасырдай уақыт жұмсаған болып шығады.

Ал Ресей ЕАЭО лидері ретінде ортақ валютаны онжылдық ішін­де енгізіп тастауға ұмтылатыны аң­ғарылады. Егер Батыс ауыр санк­цияларымен таптап жатқан рубль ортақ валютаға айналса, онда Ресей валютасы жарға жы­ғылғанда, барлық одақтас бес мемлекеттің қаржылық жүйесін өзімен бірге құрдымға ала кетпек.

Ортақ валютаға қатысты қа­уесеттер ара-тұра өз елімізден де шығып тұрады. Мәселен, биыл­ғы маусым айының соңында ­WhatsApp және әлеуметтік же­лілерде «2019 жылғы тамыз айы­нан бастап, тең­ге орнына «алтын» атты жаңа ва­лютаның енгізілетіні» айтылған хабарлама таралды. Мұны «эко­номикалық диверсия­ға шақыру» деп бағалаған Ұлттық банк оның авторлары мен тара­тушыларын қылмыстық қудалау үшін құқық қорғау органдарына жүгінгенін жариялады.

Мұндай өсектің тарауына қар­жылық реттеуші тарапынан тү­сіндірме жұмыстарының аздығы, барының мазмұнының таяздығы да ықпал ететіні құпия емес. Осы орайда, «неге одақтың ортақ ва­лютасы қолданысқа енгізіл­мей­ді?» деген сұраққа қаржылық рет­теушінің жауабындағы дәйек­терге тоқталсақ.

Бірінші дәлел – Ұлттық банк­тің байламынша, «бұл одақты құрған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қайшы». Бұл құ­жат ЕАЭО-ның құқықтық порта­лында (https://docs.eaeunion.org) мүше бес елдің мемлекеттік ті­лінде, соның ішінде қазақша орна­лас­тырылған. Расында, онда ал­тын не ортақ рубль туралы еш­теңе де айтылмаған. Бірақ ортақ валюта енгізуге тыйым салынады деген де сөз жоқ.

Одақ туралы құжат қатып қал­ған догма не қасиетті кітап емес. Оған 2014 жылдан бері талай өз­геріс енгізілді де. Демек, жылдар өте келе, осы бағытта да өзгеріс енгізілмесіне кепілдік бар ма?

Қаржылық реттеушінің тағы бір дәлелі – «Еуразиялық одақ елдерінің экономикаларының құрылымы мен мөлшері, жүргізіп отырған ақша-кредиттік және салықтық-бюджеттік саясаты, төлем балансының жай-күйі ара­сындағы елеулі айырмашылықтар бірыңғай валюта енгізуге мүм­кіндік бермейді». Бұлары теңелсе, айырмашылығы жойылса, теңге ысырылып, өз орнын ортақ валю­таға бере ме? Оған да жауап жоқ.

Қазақстандық экономист Ай­дархан Құсайынов болашақта Еу­разиялық одақтың ортақ валю­тасын құру әбден мүмкін екенін, бірақ оның қазақтарға еш қажеті жоқтығын айтады. Себебі кез кел­ген мемлекет үшін ұлттық валю­та – экономикалық тәуелсіздігінің рәмізі.

Бұл ретте АҚШ-тың эконо­микалық және идеологиялық экспансиясына, миграциямен күреске және басқа да жағымсыз құбылыстарға бұрыннан бірлесе қарсы тұрып келе жатқан әрі та­рихта біртұтас Рим империясының құрамында біріккен тәжірибесі бар Еуропаның үлгісі бізге кө­шіруге жарамайды.

– Кез келген егемен эконо­мика үшін егемен валюта қажет. Ал ортақ валюта – біртұтас саяси кеңістіктің ұстыны. Ресей­лік­тер­дің осы мәселені үнемі қаузай бе­ретіні де сондықтан. Бұған қо­са, эмиссиялық орталық қызметі қай елге берілетініне қатысты мәселе бас көтермек: яғни, ортақ валютаны қай мемлекет басады? Еуропа елдері өз егемендігінің бір бөлігін ұлтүстілік органға беру жөнінде саяси шешім қабыл­да­ғаннан кейін ғана евро пайда болды. Басқаша айтқанда, кез келген ортақ валюта іске қо­сы­лысымен, бұл тәуелсіздікті жоғал­туға әкеледі, – деген байлам жа­сайды сарапшы.

Экономист мейлі қалай атал­сын, ортақ валюта тек Ресейге тә­­уелділікті күшейтетінін және бо­­лашақ үшін қауіпті екенін айтады.

«Ресей – үлкен экономика, іргеде отырғасын онымен тарихи және географиялық байланыс­тымыз. Әйткенмен келешекте де тек солтүстік көршімізге бағдар­лана беруіміз керек дегенді біл­дір­мейді. Қазақстан өзге мемлекет­термен ықпалдастығын күшейтіп, өз экономикасын тәуелсіз сце­на­рий бойынша және төл қағидат­та­рына сай өркендеуіне қол жет­кі­зе алады», – дейді А.Құсайынов.

Әлемдегі осы саладағы бір әрі бірегей үлгі ретінде дәріптеліп жүр­ген евроның тағдыры да бұ­лыңғыр. Мәселен, 2019 жылғы 23-26 мамыр аралығында өткен Еуропалық парламент сайлауында ресми Брюссель аса ауырсына қабылдайтын тақырып – евродан бас тарту мәселесін ілгерілетіп келе жатқан Италияның оңшыл-популистік «Лига» партиясы ба­сым дауыспен жеңіске жетті. Осылай еуропарламенттен орын алған Eurexit италиялық қауым­дастығының президенті Фран­ческа Донато тоқырауға ұшыраған «еурозонадан» шығу және евродан бас тарту Италия экономикасын жандандыратынын жариялады. Донато евродан бас тарту – «де­мократияны қалпына келтірумен» барабар екенін уағыздауда.

Тағы бір еуродепутат, Рим университетінің экономика оқы­тушысы Антонио Ринальди ұзақ жылдар бойы еуропалық сан түрлі телевизиялық ток-шоуларға жиі қатысып, «Өз үйіңнің кілтін қай­тарып ал!» науқанын жүргізді және қазір ең танымал еуропалық саясаткердің бірі саналады. Ендеше тәуелсіздік тақырыбы Қа­зақстандай мемлекетке ғана емес, «кәрі құрлық» мем­ле­кеттері үшін де қазір көкейкесті.

Халықаралық валюта қоры­ның бұрынғы директоры, Еуро­палық орталық банкінің қазіргі төрағасы Кристин Лагард биылғы мамыр айында Нұр-Сұлтан қа­ласына келген сапарында, ортақ валютаны қолданысқа жіберу жайында өз пікірімен бөлісті. Оның пайымдауынша, ондай валюта күйзелістерге төтеп беруі үшін лайықты шарттар түзілуі керек. Әйтпесе, Кеңес Одағының рублі секілді дағдарыс жағдайында күйреп қалмақ.

– Ортақ валюта жақсы жұмыс істеуі үшін оның жүйесі орнықты, жақсы ұйымдастырылған болуы, валюталық аймақтың барлық ұс­тындары қалыптастырылуы тиіс. Яғни, ұйымға мүше мемлекеттер арасында банктік одақ, бюджеттік одақ жолға қойылуы қажет. Сонда ғана олар қолайлы заманда да, дағдарысты кезеңде де ортақ ва­лю­таның ұзақмерзімді тұрақ­ты­лығын қамтамасыз етеді, – деді К.Лагард.

Ол осындай жүйелері өзара бір­лесе әрі үйлесімді жұмыс істей­тін елдер арасында ғана валю­та­лық одақ құру орынды екенін нық­­тады. ЕАЭО елдері арасында мұн­­дай тығыз ынтымақтастық жоқ.

Кез келген тәуелсіз мемле­кет­тің бірнеше символы болады. Территориясы, мемлекеттік Туы, Әнұраны, Елтаңбасымен қа­тар, төл ұлттық валютасының бо­­луы да елдік пен мемлекеттілікті паш етеді. Ұлттық валютадан айы­­рылған ел өз тәуелсіздігінің, саяси егемендігінің жартысынан айы­рылған «жарым-жарты елге» ай­налмақ. Теңге қанша құнсыз­дан­са да, «іштен шыққан» төл ва­­­лю­тамыз, ата-бабамыз ға­сыр­лар аң­саған азаттықтың бө­лінбес бөл­шегі. Демек, оны сақтау әрі келер ұрпаққа табыс ету – мем­ле­кеттік органдардың да, барша қазақ­­стандықтардың да ортақ парызы!