Байлар мен кедейлердің әлеуметтік жағдайы арасындағы алшақтық – қалыпты құбылыс. Коммунизм орнатамыз деген Кеңес өкіметі де әлеумет теңдігін қалыптастырған жоқ. Статистика болса, еліміздегі кедейлер санын 5-6 пайыз ғана дейді. Еуропа елдерінің ең кедейі 9 пайыз болса, Үкіметтің есебіне қарағанда, біздің халық бай. Осы рас па?
Жақында ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2 миллион қазақстандыққа АӘК тағайындалғанын, оның 40 пайызын көпбалалы отбасылар құрайтынын мәлімдеді. Осыған қарап-ақ елдегі кедейшілік деңгейін бағамдауға болады. Демек, АӘК тағайындалғанға дейін 1,7 миллион немесе 9,3 пайыз қазақстандық кедейшілік шегінен сәл ғана артық, мөлшердегі күнкөріс минимумынан аз ақшаға күн көріп келген. Азаматтың табысы Үкімет бекіткен ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерлемесіне жетпесе, онда ол кедей статусын иеленеді. Кезінде Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун БҰҰ бекіткен стандарттары негізінде Қазақстанда кедейлер үлесі 19 пайызға жетті деп дабыл қағып еді.
Статистика комитетінің дерегі бойынша, Қазақстандағы 18 447 628 адамның 1 733 000-ының айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз болған. Яғни, ресми есептегі 3 пайыздық кедей контингенттен бөлек АӘК тағайындалғанға дейін 2 миллионға жуық немесе 9,3 пайыз қазақстандық күнкөріс минимумынан 6 мың теңгеге аз ақшаға күнелтіп келген. Ал енді айына бар-жоғы 15 мың теңге жаратқан адамды кедей демей көр.
Әзірге Статистика комитеті Қазақстандағы әл-ауқаты төмен аймақтарды атап отыр. Рейтингте Түркістан облысы көш бастаса, екінші орында Жамбыл облысы тұр. Солтүстік Қазақстан облысы елдегі әл-ауқаты төмен аймақтардың қатарында үшінші орынға табан тіреді. Статистика комитетінің ақпарынша, аймақта осы жылдың екінші жарты жылдығындағы орташа жалақы көлемі 130 мың теңгені құраған. СҚО-да қаржыгерлер мен сақтандыру қызметінің мамандары көп жалақы алады – орта есеппен екі жүз отыз мың теңге. Бірақ ауыл шаруашылығы саласында ең аз еңбекақы көлемі тіркелді. Бар-жоғы – 66 мың теңге. Салдарынан солтүстікқазақстандықтар туған жерін тастап, басқа жақтан жұмыс іздеуге мәжбүр. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда, аймақта мигранттардың саны 30 пайызға ұлғайған. Орташа жалақының өзін өңірдегі әрбір бесінші адам ғана алуы мүмкін.
Күнкөріс минимумы ең жоғары мемлекет Люксембург екен. Онда бір айда 1 545 евро табыс таппаған адамдар «тұрмысы төмендер» болып саналады. Бұл тізімді ары қарай Дания, Ирландия, Ұлыбритания жалғастырады. Кедейлерінің көптігі бойынша алдыңғы қатарлардан орын алды делінген Германияның өзінде кедейшілік шегі – 912,75 евро. Ал АҚШ-та ай сайын 1837,5 доллар таба алмағандарды мемлекет қамқорлығына алады.
Бұл елдердің көпшілігінде кедейлік орташа айлық көрсеткіштің жартысын таба алмағандықпен өлшенеді. Бірақ олардың нарықтағы бағасы біздегімен шамалас. Ал біздегі тұтынушы себетінің томпиып тұрмағаны да, ондағы 43 тауарға ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі қаржының жетпей тұрғаны да сондықтан. Демек, «кедей» деген статустың өзі әр елде әртүрлі деңгеймен өлшенеді. Батыс елдеріндегі ең кедей адамдардың өзінің тұрмысы біздегі орта таптың тұрмыстық жағдайымен бірдей.