Қайтқан жануарда қайыр бар. Алматы облысындағы Іле-Балқаш резерватына кезінде бұл даладан біржола жойылып кеткен бұқар бұғылары қайта жіберілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, бұқар бұғылары Іле-Балқаш резерватына былтырғы жылдың соңында Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінен әкелінген. Осы уақытқа дейін олар арнайы вольерде бақыланған. Соның бесеуі еркін табиғатқа жіберілді.
«Оларды жерсіндіру жұмыстары 8 айға созылды. Осы уақыт аралығында бұғылардың бір-бірімен үйренісуіне бақылау жасалды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының өкілдері, ветериналар, Іле-Балқаш резерваты басшылары мен қызметкерлері арнайы бейімдегіш екі вольерде бақыланып келген 2 аталық және 3 аналық бұғыны босатты. Аталық және аналық бұғылар өз тобымен осы вольерде бөлек ұсталған болатын» деді Сәкен Ділдахмет.
Бұғылардың бұл түрін Балқаш маңына әкелудің мәні бар. Себебі олар құмды-шөлейтті өңірлерде тіршілік етеді. Балқаштың табиғаты бұған сұранып-ақ тұр. Екіншіден, бұл аймақта бұрын да бұқар бұғылары мекендеген болатын. ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін Балқаш ауданы аумағында бұғылар көп кездесетін. ХХІ ғасырдың басында олар Балқаштың фаунасынан мүлдем жойылып кетті. Ал бертін келе қазақ даласында тұқымы қалмаған еді. Енді міне, WWF Ресей Орталық Азия бағдарламаларының қолдауымен араға бір ғасыр салып, түпкі мекендері Іле-Балқаш резерватына бұқар бұғылары қайта оралды.
«Алдағы 5-6 жылда Балқаш маңына жүздеген бұқар бұғысын жіберуді жоспарлап отырмыз. Бұғылар бұл маңда өздерін еркін сезіне ала ма? Азығын тауып жей ала ма? Қазіргі уақыттағы үлкен сұрақ осы. Себебі Балқаштан бұғылардың кеткеніне ғасырға жуықтады. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Сол себепті қазақстандық мамандарды үлкен жұмыс күтіп тұр, сұлу табиғатты сақтау өз қолымызда» дейді WWF Ресей Орталық Азия бағдарламаларының директоры Григорий Мазманянц.
Рас, алғашқы кезде оларға да оңайға соқпасы анық. Бұғылар жақсылап жерсінуі керек.
«Олар азығын қайдан табады? Суды қайдан ішеді? Одан бөлек түз тағылары мен аңшылар бар. Сол үшін резерват мамандары күндіз-түні бұғыларды бақылауында ұстайды. Олардың мойнына спутник арқылы бақылау жасайтын қарғыбау тақтық, фототұзақтар мен азықтанатын арнайы орындар белгіледік» дейді Григорий Мазманянц.
Бұқар бұғылары (Cervus elaphus bactrianus) – бұғылардың тоғайлы қуаң аймақтарда тіршілік етуге бейімделген бірегей түрі. Сирек кездесетін жабайы жануар. Табиғаттың ерекше төлі. Олар шөлейтті жерлерде тіршілік етеді. Өкінішке қарай, кейінгі кездері бұғының бұл түрінің саны күрт кеміп, қорғауға алынған. Қазақстанның қызыл кітабына, Халықаралық қызыл кітапқа да енген. Олар елімізде ғана емес, бүкіл әлемде азайып барады. Негізгі себебі – аңшы мылтығының қарауылына жиі ілігеді. Одан бөлек табиғаттағы ашық кен-қазба жұмыстарының жүргізілуі, егістік алқаптарды есепсіз жырту секілді адам қолымен жасалған қастандықтар бұқар бұғыларының тіршілік етуіне жол бермей келеді.
Олар Балқаш маңынан не үшін жойылып кетті? Оның бірнеше себебі болды.
«ХХ ғасырдың алғашқы жартысында бұл түр Іле-Балқаш өңірінің фаунасынан және тұтастай алғанда Қазақстанда тікелей қырып-жою нәтижесінде жойылған болатын. Сондай-ақ бұған адамның шаруашылық жүргізуі, тоғай ағаштарын түбімен қазу мен қамыс-құрақтарды өрттеу, жағалаулық жерлерді жырту мен шөбін шабу, өзен ағыстарын реттеу, малды шексіз жаю салдарынан олардың тіршілік мекенінің құлазуы да себеп болды» дейді Сәкен Ділдахмет
Мұндай экологиялық апат Балқаштың тұяқты дала жануарларын ғана емес, жыртқыш аңдарының да жойылуына жол ашты. Атап айтқанда, Балқаш маңындағы қопалы қамыстың азаюы салдарынан жыртқыш аңдар да жойылды. Соның бірі Балқаш жағалауында жортқан жолбарыстар болатын. Мамандар бұрын көл жағалауында жолбарыстардың көп жортқанын жазады. Қазір тұқымы да қалмады. Осы олқылықтың орнын толтыруды да WWF Ресей Орталық Азия бағдарламалары өз мойнына алып отыр. Енді жақын болашақта Іле-Балқаш резерватына дала жолбарысы оралады. Алайда ол үшін алдымен Іле-Балқаш резерватындағы жойылып кеткен тұяқты жануарлардың саны мен түрін көбейту керек.
Айта кетейік, Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты 2018 жылдың 27 тамызында Қазақстан Үкіметінің №381 қаулысына сәйкес, Алматы облысы Балқаш ауданының аумағында құрылды. Резерват аумағына Балшақ көлінің оңтүстік жағалауы мен Іле өзенінің сағасы жатады.