Атырауда «Бірыңғай есеп күні» өтті. Бақылау және қадағалау органдарының бизнес саласындағы жұмыстарының қорытындыларына арналған есептік кеңеске шағын және орта бизнес өкілдері мен салалық мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты. Бизнестің дамуына арналған кеңесте шағын және орта бизнестегі кедергілер мен мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудағы тәжірибелер айтылды.
Бақылау-қадағалау қызметін реформалауды жүзеге асыру аясында мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі заңнаманың міндетті талаптарын бұзуды жүйелі түрде алдын алуды дамыту, тұрақты қауіпсіз қызметті іске асыру үшін кәсіпкерлердің және ұйымдардың құқықтық сауаттылығын жақсарту мақсатында өткен жиында өңірдің кәсіпкерлік саласындағы проблемалары мен жетістіктері айтылды.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, Атырау облысында 58 мыңдай шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, олардың 49 мыңы белсенді қызмет етуде.
– Жергілікті кәсіпкерлер іске асырып жатқан жобаларда Атырау облысының 127 мыңдай тұрғыны еңбек етеді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жергілікті кәсіпорындар 768 мрд теңгенің өнімін шығарды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру бойынша Атырау облысы республикада төртінші орында, – деп атап өтті А.Елеусізов.
Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев төрағалық еткен «Бірыңғай есеп күні» жиынында кәсіпкерлер сөз алып, өздерінің бетпе-бет келіп отырған проблемаларын ашық айтты. Аймақта кәсіпкерлердің өнімін сатуға қолайлы жағдай жасау мақсатында, 100 аулалық сауда нүктесі жобасы жүзеге асуда. Міне, осы жобаға қатысып, кәсібінің нәсібін көру шағын және орта бизнес иелерінен құқықтық сауаттылықты, сауда заңдарын білуді және таза табыс табуды талап етіп отыр. Сауда орнына лайықты жерді 3-5 жылға беру арқылы кәсіпкерге жағдай жасап отырған аймақта отандық өнімдерді сатуға да жағдай жасалып жатыр. Аймаққа өзге өңірлерден келіп сауда жасайтындарды қадағалау да назардан тыс қалмауы керек. Әсіресе, олардың салық төлеу міндеттемелерін орындап отырғанын қадағалау жайбарақаттықты көтермейді. Осындай мәселелер зерделенген жиында облыстағы шағын және орта субъектілерінің дамуына шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тексеруге деген мораторий да серпін бергені айтылды. Президент қол қояды деп күтіліп отырған, салықтардан босату туралы жарлық та шағын және орта бизнес субъектілерінің артуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
– Мемлекет тарапынан елімізде шағын және орта бизнестің дамуына үлкен қолдау болып отыр. Іскер адамдар қатары толығып, өз кәсібінен нәсіпті болып отырғандар бар. Бұл жақсылықтардан атыраулықтар да кенде емес. Бүгінде кәсіпкерлік қызметті бақылай отырып, қадағалау органдары кәсіпкерлердің проблемаларын естіп, оларды шешуге көмектесуі де қажет. Көп жағдайда проблеманың мән-жайын біліп алмай, бизнесмендерді заңсыз жазалайды. Өңірдегі бизнестің дамуына кедергілерді мүлдем жою үшін мемлекеттік органдардың кәсіпкерлермен ұдайы кездесіп отыруы аса маңызды, – деді Нұрлан Ноғаев.
Шара барысында облыс әкімі Н.Ноғаев Қазақстанның Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп алу комитетінің Атырау облысы бойынша басқарма басшысының және Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының атқарылған жұмыстар туралы есептерін тыңдап, бірқатар нақты тапсырма берді.
Сайып келгенде, мұнай-газ, бағалы балығы, ауыл шаруашылығымен танылған өңірде бизнестің дамуы алдымен сол аймақтың экономикасы мен әлеуетінің дамуына үлес қосатыны сөзсіз.
Атырау облысы