Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаевтың айтуынша, Жетісу өңіріндегі жемқорлық – алаңдатарлық жағдайда. Әсіресе, қызмет бабын өзіне жүктелген мемлекеттік міндетті мінсіз атқарып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге емес, қалтасын қампайтып, құлқынын толтыруға пайдалану тым етек жайып кеткен.
– Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екіге бөлінді. Осыған байланысты біздің қызметке талап барынша күшейтілді. Басты назарымызды қоғамдағы адалдық пен сенімділікті нығайтуға, парасаттылықты қалыптастыруға аудара отырып, мемлекет мүддесіне зиян келтіріп қана қоймай, халықтың сеніміне селкеу түсіретін сыбайластық сипатындағы құқықбұзушылықтарға бітіспес майдан аштық. Биылғы тоғыз айда бұл бағытта үлкен істер жүзеге асырылды. Жыл басынан қазан айына дейін облыс аумағында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 112 заң бұзушылық тіркелді. Оның басым бөлігі, нақтырақ айтқанда, 85 пайызы – парақорлық. Қазіргі кезге дейін құлқынқұмарлар келтірген 24,5 млн теңге зиянның 23,9 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді, – дейді департамент басшысы.
Өңірде сыбайлас жемқорлықты жасағаны үшін 51 адам қылмыстық жазаға тартылса, олардың 9-ы бірінші басшы екен. Қалғаны да қарапайым жандар емесі анық. Астында креслосы, қолтығына қысқан папкасы бар лауазымды тұлғалар екені сөзсіз. Барлығы алдына келген адамның заңды өтінішін шешудің орнына, бармақ басты, көз қыстыға салғысы келетіндер. Жетісу жеріндегі жемқорлар жайлаған қызмет саласы негізінен құрылыс, жер құжаттарын реттеу мен өрт қауіпсіздігі және шекарадағы кедендік бақылау салаларында болып шықты. Сонымен бірге мемлекеттік сатып алуларда да жиі көрініс беретін көрінеді. Ал аймақтағы жер қатынастары саласы сыбайластық жөнінен басқаларды басып «озыпты». Жоғарыда айтылған жалпы жемқорлықтың 26,4 пайызы осы жер қатынасындағы жемсауы кеңдерге тиесілі.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы