М.Ханның пікірінше, Пәкістан соғысты бірінші бастағысы келмейді. Аймақ басшысы әлемдік қауымдастыққа болуы мүмкін шынайы сценарийді болжап отырғанын, осы арқылы Үндістанның Кашмирге қатысты заңсыз әрекетін тоқтатқысы келетінін жеткізді.
Жалпы, бұл мәселе әлем сарапшыларын көптен бері мазалап келеді. Себебі Үндістан мен Пәкістан Ұлыбританиядан 1947 жылы тәуелсіздігін алғаннан бері Кашмир аймағының мәртебесі анықталған жоқ. Халқы мұсылман жұрты болса да, ол үнді елінің құрамында қалып қойды. Аталған провинция үшін екі көрші ресми түрде үш рет соғысты. Бұдан бөлек, сан рет қарулы қақтығыс тіркелді. Соңғысы биыл жыл басында болды. Қос тарап әуе соққыларын жасасты.
Кашмир жаһандағы өзге жер дауына ұқсамайды. Себебі оған таласатын Үндістан мен Пәкістан ядролық қаруға ие мемлекеттер. Әлем сарапшыларын мазалайды деуіміздің де себебі сол. Нью-Дели ғаламат қаруға 1974 жылы қол жеткізсе, Исламабад ядролық клубқа 1998 жылы мүше болды. Жоғарыдағы Масуд Ханның жұртты үркіте жасаған мәлімдемесінің мәні сол. Ашық ақпаратқа сүйенсек, екі елдің ядролық арсеналы тең. Пәкістанда шамамен 140-150 ядролық зымыран бар, Үндістанда – 130-140. Бірақ 1990 жылы қос тарап қарулы қақтығыс бола қалған жағдайда ядролық объектілерге шабуыл жасамау туралы келісімге келген. Ал екі жылдан соң келісімдегі ядролық объектілер тізімімен алмасқан. Басқаша айтқанда, өздерін де, қарсы тарапты да сақтандырған. Ақпарат алмасу арқылы бір-бірінің ядролық әлеуетін бақылауға алған десек те болады.
Қару-жарақ саласында екі ел алдына жан салмауға тырысады. Үндістан соңғы онжылдықта Ресейдің әскери өнімдерін сатып алып келді. Ал Пәкістан АҚШ арсеналына жүгінеді. Сондай-ақ биыл Үндістан өзінің атмосферадағы қалқып жүрген ескі спутнигін атып түсіріп, ғарышты әскери мақсатта қолдана алатынын әлемге де, көршісіне де көрсетті.
Сөз болған Масуд Хан Кашмирдің Пәкістан басқаратын аймағының басшысы. Мойындалмаған Азад Кашмир деп аталатын мемлекет. Әрине, оның пікірі Пәкістанның ресми ұстанымы емес. Бірақ Исламабадтағы бір ойды көрсетіп отырғаны белгілі. Мәселен, оның пікірінше, қос елдің арасындағы қақтығыста ядролық қару қолданылса, Оңтүстік Азияда жүздеген миллион кісі көз жұмып, 2,5 млрд адамға радиация тарайды екен. Сондықтан ол БҰҰ, Қауіпсіздік Кеңесі Кашмир ісіне араласуы қажеп деп отыр.
Кашмир мәселесінің ушығуына Үндістанның биыл тамыз айындағы саяси шешімі әсер етті. Премьер-министр Моди бұған дейін автономия болып келген Джамму және Кашмир штаттарын орталық федералды үкіметке бағынатын аймақ деп жариялады. Яғни, үнді елі даулы жерді тікелей өзі басқарғысы келіп тұр. Әрине, бұл бастама сол өңірдегі жергілікті жұрттың да, көрші Пәкістанның да ашу-ызасын туғызды. Осы өзгерістерге байланысты екі ел армияларын шекараға жақын орналастыра бастады деген ақпарат тарады.
Қорыта айтсақ, жер дауы әлем бойынша жетіп, артылады. Бірақ ол дауды шешу үшін әлі де ядролық қару қолданылған жоқ. Кашмир үшін де Үндістан мен Пәкістанның аты жаман алапат қарумен бір-бірін атқылауы екіталай. Себебі ондай жағдайда олар тек қарсыласын ғана емес, өз елдерін де жойып жіберуі мүмкін. Ядролық зымырандар әскери арсеналдан бұрын саяси ықпал етуші тетік ретінде қолданылып жатыр деген жөн болар.