«5 жасар баламды 6 жасөспірім зорлады» – ана араша сұрауда
«5 жасар баламды 6 жасөспірім зорлады» – ана араша сұрауда
356
оқылды
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында жаға ұстатар жағдай орын алды. Көгершін ауылының тұрғыны 5 жасар баласын 6 жасөспірім бала зорлағаны туралы арызданған. Бұл туралы aikyn.kz тілшісіне зардап шеккен баланың жақындары жеткізді. Айтуға ауыз бармайтын арсыздықтың құрбанына айналған баласына араша сұраған ана қазір мектеп басшылығы тарапынан қылмысты жасыру үшін пара ұсынылып жатқанын айтады. Анасы бала күтімімен отырғандықтан бізге сексуалдық сипатта зорлық көрді деген баланың әпкесімен тілдесудің сәті түсті. бала – Негізі бұл оқиға 20 қыркүйек күні сағат 16.00-дер шамасында орын алған. Ауылдың алты баласы інімді ескі қораға кіргізіп, зорлық көрсеткен. Олардың үлкені 12 жаста болған. Анам бұл туралы бірден білмеген. Інім ауырып тұрғанын айтқаннан кейін жедел жәрдем шақыртқан. Алайда Т.Рысқұлов ауданынан да, жақын маңдағы Меркіден де жедел жәрдем келе қоймайды. Содан Тараз қаласына қоңырау шалып, жедел жәрдем 2 сағаттан кейін келген. Фельдшер маман баланы дәл сол кезде қарағанымен дәрігер болмағаннан кейін диагноз қоя алмаған. Медициналық сараптама мекемесі Т.Рысқұлов ауданында болмағаннан кейін үйдегілер Меркі ауданына барған. Сол жерді бұл істі Санат есімді тергеуші қолына алады. Бірақ бұл ауданда да сараптама жасайтын мекеме болмағандықтан анам інімді алып Тараз қаласына келеді. Оларды мен күтіп алып облыстық балалар ауруханасына апардым. Алайда онда проктолог маман болмағандықтан інімді хирург қарап, ол екіұшты анықтама қағазын жазып берді. Содан бұл саланың негізгі маманын табу үшін Алматы қаласындағы жекеменшік медициналық мекемесіне жүгіндік. Ондағы дәрігер інімнің артқы ішек жолында іздер бар екенін және кеңейгенін айтты. Басында дәрігерге ештеңке айтпағанымызбен барлық жағдайды білмей анықтама қағазын жазбайтындығын ескерткеннен кейін шындықты айтуымызға тура келді. Қазір інім үйде сол дәрігерлердің жазып берген рецепті бойынша ем қабылдауда. Үлкен дәретке барғанға қиынсынады. «Жағдайды ушықтармаңыздаршы. Алты баладан қанша сұрасаңыздарда жинап береміз» деп ауылдағы Ақтоған орта мектебінің директоры Орындық Рысқұлованың орынбасары келіп кетті. Оның бізге пара ұсынып жатқан видеосын да түсіріп алдым. Шындығы керек, қазір інім түгілі сіңлілерімнің өзі көшеге шығуға ұялады. Себебі көршілердің барлығы саусағымен көрсетіп, сып-сып әңгіме айтып жүр. Алты баланың біреуінің ғана ата-анасы алдымызға келді. Жергілікті биліктен жағдайымызды сұрап келіп жатқан ешкім жоқ. Тек мектеп директорының орынбасары «жасөспірімдерді бәрібір соттата алмайсыңдар, қойыңдар» деп ақша ұсынып жүр. Маған ақша емес, інімнің денсаулығы мен отбасымның абыройы маңызды. Бүгін облыстық Полиция департаментіне шақырып, басшылықтың өзі Т.Рысқұлов ауданына мән-жайды білуге кеткенін айтты. Ондағылар іс жылы жабылып қалмайды деп отыр. Біз тек әділдік орнағанын қалаймыз, – дейді зорлық көрді делінген 5 жасар баланың әпкесі.

Негізі 5 жасар баланың сексуалдық сипаттағы зорлық көргенін сыртта сығалап тұрған ауылдың екі баласы айтып қойған. Олардың сөзі жазылған видеоны да арызданушалар қолдарында ұстап отыр. Сондай-ақ жәбір көрген 5 жасар бала да анасына бар шындықты жасырмай айтқан видеосы да жазулы тұр екен. Бір сөзбен айтқанда арызданушылар қолдарында барлық дәлелдің барын айтады.

Ал Ақтоған орта мектебінің директоры Орындық Рысқұлова болса бәрін жоққа шығаруда. – Бала оқиға болды деген күннің ертесіне сабаққа келді. Біз жағдайды содан кейін біліп отырмыз. Медицина мамандары келіп, баланы тексергенде қасында болдық. Олар сексуалдық сипаттағы ешқандай белгінің жоқтығын айтты. Жалпы бұлар бір аулада ойнап жүрген балалар ғой. Күдікке алынып отырған алты баланың бірі сол күні қалаға кетіп қалса, екіншісі мүлде үйінен шықпаған. Сондықтан олар жәбір көрді делінген баланың анасына барып не үшін кешірім сұраймыз деп отыр. 12 жасар баланың пышақ ұстап жүрген видеосы осыдан 2 ай бұрын түсірілген. Оған қоса ол ойыншық пластмасса пышақ. Оның бәрін біз анықтап отырмыз. Ал орынбасарым зорлық көрді деген баланың анасына ақша ұсынды дегенге келер болсақ, ол күні барлық орынбасарларым жұмыс орнында отырды. Видеода ақша ұсынып тұрған адамның түрі көрінбегендіктен бұл дәлел емес. Негізі бұл отбасында 7 бала бар. Мектеп тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіп отырамыз. Оқиға болды деген күннің тұсынды арызданушы ана көршісімен ұрысып қалған екен. Бұл содан туып отырған әңгіме ма деген де күдігіміз бар, – дейді мектеп директоры. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова болса, қылмыстық істің қозғалғанын растап отыр. – Т.Рысқұлов ауданында көршісінің баласы тарапынан кәмелетке толмаған ұлына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті қолданылғаны туралы ауыл тұрғынынан полицияға арыз түскен. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті сараптама тағайындалды, – дейді баспасөз хатшы. Қалай дегенде де сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғаны анық болып тұр. Енді оқиғаның мән-жайы тексеруден кейін белгілі болмақ.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы