Экологиясы ақсаған аймақтар назарға алынбақ
Экологиясы ақсаған аймақтар назарға алынбақ
332
оқылды
Жиынға Экология, геология және та­биғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пі­рімқұлов, Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Ажар Ғиният, Қарағанды об­лы­сының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық се­нім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров жә­не өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары­ның бас­шылары мен экобелсенділер қа­тысты. Жыл сайын облыстың 17 ірі кәсіпорны 600 мың тоннаға жуық ластаушы заттарды ат­мосфераға шығарады және экология проб­­лемасы – Қарағанды облысындағы ең өткір мәселелердің бірі. Бұл жайт бү­гін­де өнеркәсіптік аймақтың басты проб­ле­масына айналып отыр.
– Жезқазған мыс балқыту зауытының іс-шаралары өңір үшін аса тиімді. 2018-2022 жылдары экологиялық тиімділікпен қос байланысудың озық технологиясын қол­­дана отырып, жаңа күкірт қышқылы це­хын салу және іске қосу жоспарланған. Бұл күкірт диоксидінің шығарындыларын 40 мың тоннаға азайтуға көмектеседі. Байыту фабрикасы бойынша ластанудың негізгі себебі консервацияланатын қалдық қоймасының еңістері саналады. Еңістерді қопсыту қажет, бетін суару, бөгеттің шет­терін нығайту қажет, – деді вице-министр Ахметжан Пірімқұлов.
Облыстың екінші өнеркәсіптік алыбы – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ да эко­логиялық проблемалардан тыс қалмайды. Кә­сіп­орында қоршаған ортаға эмиссияны тө­мендетуге әкелетін жаңғырту жоспары іс­ке асырылуда.
– Біз Экология министрлігімен 2024 жыл­ға қарай шығарындыларды 30%-ға тө­мендету бойынша Жол картасына қол қой­дық. Бұл «АрселорМиттал Теміртау» сияқ­ты ірі кәсіпорын үшін өте үлкен мақ­сат. Агломерациялық және коксо­хи­мия­лық өндіріспен жұмыс істейміз. Біз нақты іс-қимыл жоспарын әзірледік және пан­демия салдарынан уақыт жоғалтқанымызға қарамастан, оны кезең-кезеңімен ен­гізу­де­міз, – деді «АМТ» АҚ Бас директоры Биджу Наир.
Отырыс барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Қарағанды об­лысының мемлекеттік бағдарламаларды іс­ке асырудағы жетістіктерін атап өтті. Ол сон­дай-ақ Қарағанды облысы коро­на­ви­рустың ықтимал екінші толқынына дайын­дық бойынша көшбасшылар қата­ры­на кіретінін атап өтті.
– Жарты жыл ішінде Қарағанды об­лы­сын­да көп жұмыс атқарылды. Бұл құры­лы­с­тар, жабдықтармен қамту, кадрларды оқыту, дәрігерлерге арналған тұрғын үй құры­лысы. Мұның бәрі Президенттің тап­сырмасы бойынша жасалды. Мұндай қуатты және жедел жұмыс мемлекеттік бағ­дарламаға тұрарлық, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, Қарағанды өңірі онкологиялық ауруларды ерте анық­тау бойынша елдегі көшбасшы аймақ­тардың бірі. Жоғары білікті дәрігерлер мен заманауи жабдықтар ісік ауруларын ерте кезеңде анықтауға және онкологиялық науқастарды сәтті емдеуге көмектеседі.
– Экология туралы айтқанда, денсау­лық сақтау саласын да атап өтпеуге бол­май­ды. Бұл тақырыптар бір-бірімен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, нашар эко­логия онкологиялық аурулардың өсуі­не әкеледі. Алайда Қарағанды облысында тұр­ғындардың денсаулығын сақтау және оларға лайықты өмір сүру сапасын қам­тамасыз ету үшін көп нәрсе жасалуда, – деді Ажар Ғиният.
Кездесу соңында спикерлер экобел­сенділердің қойған сұрақтарына жауап берді. Экология вице-министрі Ахметжан Пі­рімқұлов өңір басшылығына Балқаш пен Жезқазғандағы экологиялық жағдай­ды жақсарту бойынша жол карталарын әзірлеуді ұсынды. Вице-министрдің ай­туынша, бұл жекелеген қалалардағы ең өт­кір мәселелерді тиімді шешуге көмек­теседі және олардың тұрғындарына көп пайда әкеледі.  

А.ЖАСАНҰЛЫ