Онымен қоса, шаһардың 3D картасына қызыл жолақ, инженерлік желілердің қуаттылығы, тіпті желдің бағыты сияқты пайдалы ақпарат енгізіледі.
Геокескіндегі нысандарды барынша айқын көрсету үшін қаланың барлық аумағы аэрофото, дрон сияқты технологияларымен толықтай сканерден өткен. Қазір порталда ғимараттар мен құрылыстар, инженерлік желілер, көшелер мен су нысандары, сондай-ақ, саябақтар туралы ақпарат бар. Басқарманың жұмысын 2021 жылдың соңына дейін толықтай цифрлық жүйеге көшіру жоспарланып отыр. Нәтижесінде мемлекеттік қызметке жүгіну уақыты қысқарып, барлық келісімдер ашық түрде өтеді. Қазірдің өзінде порталда сәулеттік жоспарлау қызметі қолжетімді.Картаға әр ғимараттың электронды паспорты енгізілмек. Тиісінше тұрғындарда жобалардың эскизіне байланысты сұрақтар туындаса, үйде отырып-ақ алдын ала келісе алады.Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары Батырхан Сүлейменовтің айтуынша, Алматы қаласы тұрғындарына бір электронды парақша арқылы жер телімін алып, түрлі құрылыс құжаттарын рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Осы геопортал арқылы су жүргізу сияқты мәселелерді де қарастыруға болады. Яғни, басқа сайтқа немесе ғимараттан ғимаратқа барып әуре сарсаңға салынудың қажеті жоқ. Барлық қызметтерді бір парақшада ұсыну көзделіп отыр.