Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бақылауда
Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бақылауда
587
оқылды
Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды аспектілерінің бірі. Биыл Ел­ба­сы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойын­ша «Құтты мекен» жобасы іске қосылды. Жоба аясында Алматы қа­ласындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандары партиялық ба­қы­лауға алынған.

Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының бастамасы бойынша мем­лекеттік органдар мен мәслихат депу­таттары әлеуметтік және инженерлік инф­рақұрылым нысандарына жұмыс кестесінен қалыс қалу себептерін анықтау және нысандар құрылысының сапасын бақылау үшін барды. Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Станислав Канкуров бастаған бақылау комиссиясы аталған жоба аясында жүзеге асырылып жатқан нысандардағы олқылықтармен танысып, жұмысты жеделдету шараларын қолдану керегін айтты.

Бақылау комиссиясы, ең алдымен, Жетісу ауданындағы Мочалов көшесі тұрғындарымен кездесті. Осыдан біраз бұрын бұл көше лайланып, жаңбырлы күнд­ері жүру қиынға соғатын. Жаңадан су құбыры тартылуына байланысты кө­ше қазылған. Нысан 15 қазанға дейін аяқталуы тиіс болатын. Кейбір қиын­дықтардың тууына байланысты, құрылыс жұмыстары айдың соңына дейін созылуы мүмкін. Осыдан біраз бұрын бұл жерде ба­лалар алаңы мүлдем болмаған. Партия ба­қылауға алғалы бұл олқылық ретке келді.

– Ауданда көптен бері тұрамын. Осы­ған дейін көше ешқандай талапқа сай болмаған. Жауын-шашын күндері ба­лалардың мектепке барып-келуі қиын бо­латын. Қыстыгүндері қатынас тіпті қиын­дай түсетін. Соңғы жылдары Nur Otan партиясының араласуымен көптеген кө­шелеріміз қалыпқа келді. Жөндеуден өтті. Партияның бақылауының арқасында жол жөн­деу жұмыстары жақсы жүргізілуде. Ба­лалар ойнайтын алаңдарды көбейтіп, жаңартып жатыр. Осы жұмыстың бәрін бақылау комиссиясы үнемі назарда ұстап отыр. Басқа көшелер де жақын арада рет­теледі деп ойлаймыз, – дейді қала тұр­ғыны Мыңжасар Дүйсен.

Бақылауға алынған екінші нысан – №4 перзентхананың құрылысы. Пер­зентхана бас дәрігері Вячеслав Пактің айтуынша, құрылыс нысаны 2017 жылдың мамыр айында басталған. Төртқабатты ғи­мараттың құрылыс жұмыстары әлі то­лық аяқталмай тұр. Ескі корпустағы пер­зентхана – 95 төсектік. Қажеттілікті толық қа­нағаттандыру үшін бұл кем дегенде 120-130 төсекке жеткізілуі тиіс. Осы ол­қы­лықтың орнын толтыру мақсатында перзентхана құрылысы басталған. Бір айта кетерлігі, перзентханаға қажетті медициналық жабдықтар сатып алынған, құрылыс нысанының кешігуі салдарынан олар әзірге іске қосылмай, бәрі босқа тұр. Бұл перзентханада жылына шамамен 4 500 нәресте дүниеге келеді. Егер жаңа перзентхана пайдалануға берілсе ана мен бала жағдайын жасауға біршама мүмкіндік туар еді.

– Перзентхана құрылысы мерзімінде аяқ­талмай жатыр. Жауапты құрылыс ком­паниясы жұмысты аяқтамай кетіп қал­ған. Сол үшін компания басшыларын Nur Otan партиясына шақырып, бақылауға аламыз. Бұл өте маңызды нысан болып са­налады. 30 төсектік жаңа перзентхана іске қосылса, аналарымызға өте игі іс бо­лар еді. Бұл өткен жылы желтоқсан айын­да пайдалануға берілуге тиіс нысан болатын. Белгіленген мерзімнен бір жылға жуық уақыт асса да, құрылыс жұмыстары әлі аяқталмай жатыр. Бақылауға алып, мүм­кіндігінше осы жылдың соңына дейін іске қосуға атсалысуға тырысамыз. «Универсал Б» компаниясы өкілдерін бүгін көре алмай тұрмыз. Компания тендер ұтып алды, жа­саймыз деп уәде берді. Бірақ нысан әлі аяқталмаған. Тиісті қаражат бөлінген. Әлеуметтік нысан құрылысы уақытында аяқталмағаны үшін сотқа береміз, – дейді Алматы қаласы мәслихаты депутаты Роза Бадаева.

Бақылау комиссиясы қалада кезек­те тұрған тұрғындарға берілу үшін тұр­ғы­зылып жатқан «Жас қанат» ықша­мау­данындағы жеті үйдің құрылыс жұмыс­тарымен де танысты.

– «Құтты мекен» жобасының іске асуын қадағалау мақсатында Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының арнайы жұмыс тобы қала бойынша бірнеше әлеуметтік нысандарда құрылыстың жүруі бойынша бақылау жасады. Солардың қатарында «Промкомплект-Б» фирмасы тұрғызып жатқан жеті тұрғын үйдің құры­лысымен таныстық. Құрылыс алаңы еш­қан­дай тәртіпке, нормативтерге сай келмейді. Қазылған шұңқырлар, үйілген шаң-топырақ, араласып жатқан құрылыс материалдары. Құрылыста жүрген жұмысшылар қауіпсіздік талабын орындап жатқан жоқ. Жоғары қабаттарда ешқандай арнайы баскиімсіз, қауіпсіздік құралдарынсыз жүр. Ал ішкі және сыртқы жұмыстардың сапасын тексерген кезімізде байқағанымыз, жанымызда тұрған мына үйдің әлі төбесі де жабылмапты. Күз маусымы басталды. Жауын-шашын болса, жасалған жұмыстың босқа кететіні анық. Бұл құрылыс жоспар бойынша осы айдың 25-інде аяқталуы керек болатын. Бірақ жұмыс тобы мүшелерінің пікірлеріне қарағанда, бұл нысан жыл соңына дейін созылуы мүмкін. Құрылыс компаниясы өкілдері белгіленген мерзімде аяқталады деп отыр, бірақ ол шындыққа мүлдем жа­наспайды. Бұл нысанға бұған дейін де келгенбіз. Құрылыс компаниясына жұмыстарының кемшіліктері айтылған. Бірақ содан бері аса көп өзгеріс жоқ. Сон­дықтан бұл нысанды алдағы уақытта да бақылауымызда ұстаймыз. Құрылысты жүргізу сапасы, орындалу мерзіміне байланысты Nur Otan» партиясының арнайы шешімі болады. Оған қалалық құрылыс басқармасының, құрылыс фирмасының басшылығы қатыстырылып, ортақ бір қорытындыға келеміз. Қала тұр­ғындарына арнал­ған, республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, соғылып жатқан әлеуметтік тұрғын үйлердің сапасы заман талабына сай болуы керек, – дейді Nur Otan пар­тия­сы Алматы қалалық филиалы жа­нындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Борис Жапаров.

«Құтты мекен» жобасы аясында ба­қылауға алынған нысандардың жалпы сан­ы 100-ге жуық. Бақылау комиссиясы оның әрқайсысын жіті назарда ұстап отыр.

Алматы қаласы