Онлайн сабақтан оңбайым!..
Онлайн сабақтан оңбайым!..
139
оқылды
Біздің ауылдан интернетті итпен іздеп таба алмайсыз. Қаладағы құдаңызбен сөйлескіңіз келсе, қыр іздеп,  ақырында осырақ қоңыз теріп кетесіз...  Ет жеп болып, есінеп, далаға шықсам, біздің үйдің төбесінен біреулердің шыңғырып сөйлескенін  естіп, есімнен танып қала жаздадым.  Иегімді саусағыммен көтеріп, аспанға қарасам,  шатырымда қонақтап  отырған көршіміздің Алматыда университетте  және  мектепте оқитын үш баласын көріп, тірідей өліп, сабырымды, ақылымды  қара жерге көміп, айқай салдым. –Әй, қарғалардай қарқылдап, неғып отырсыңдар? – деп сұрадым таң қалып, таңдайым жабысып, таңданып.. –Жерде интернет ұстамай жатыр, сосын сіздің үйдің шатырына шығып.... –деді студент. –Немене, біздің үйдің шатыры интернет орталығы ма? Түсіңдер! –Көкетай, онлайн сабақ өтіп жатырмын. Алматымен. –Менің шатырым Алматы ма саған? Шипырды сындыр­асыңдар, түсіңдер деймін! –Біз мектепке бармаймыз, онлайн сабақ өтудеміз, – деді көршімнің кеңкелес баласы ауыз–басын қисайтып.  Кеңкелес болмаса, біреудің шатырына шығып, онлайн бола ма? Ауыл аймақты интернетпен қам­тамасыз етпеген министр­ліктерінен  көрсін! –Түсіңдер, әйтпесе, ба­ламның рогаткісімен атамын! –Осы үйдегі апай рұқсат берді ғой? –Қатыным ба? Бұл үйге мен қожайынмын! Өз шатырларыңа шығыңдар! –Сіздің шатырыңыз биік екен. Таспен атқылап едім, қорыққан студенттің аяғы тайып кетіп, сырғанап  барып, үйдің жанына байлаулы тұрған ай­ғырымның үстіне қонжия кетті. Айғырым қорыққанынан үркіп, есек сияқты ақырып кетті ме, есегім кісінегендей, итім күл­гендей болды ма, әйтеуір айнала азан-қазан болды. Бәрін қуып шығып, үйге кірдім де, әйелімнің басына тостақпен тоқ еткіздім. –Неменеге көл-пәл бола қалдың? –Тегін шығардым ба? Шатыр үстіне шығып, онлайн сабақ өткендері үшін минутына елу теңгеге келістім. Бизнес қой, –деп  әйелім жылап алды, мұрнын бырқ еткізіп сүрту үшін бет орамалымды сұрап алды.  Бір кезде үйдің төбесінде төрт адам төбелесіп жатқандай болып кетті де, аулаға атып шықтым. Иегімді саусағыммен көтеріп, шатырға қарадым да, шалқамнан түстім. Мәссаған! Шатырым төбесінде  танымайтын бір семіз әйел мен шидей еркек құшақтасып отыр. –Сендер кімсіңдер? –деп сұрадым мен. –Өзіңіз кімсіз?–деді әйел ұялы телефонын құлағына тоса беріп. –Как кіммін? Осы үйдің қожайынымын! –Кешіріңіз, –деді еркек еріне сөйлеп, – бағана әйеліңізге мың теңге беріп қойғанбыз. Біз арғы көшеде тұратын Арғынбайдың құдалары едік. –Құдалары болсаңыз қай­тейін? –Астанадағы құдамызбен онлайн құдалық өткізіп отырмыз. Жерде сеть селт етпейді екен. Бір кезде семіз әйел сырғанай кетті. Зәрем қалмады,  Ары жүгірдім, бері жүгірдім, жерге құлап өлсе, жауап беремін ғой? Абырой болғанда үй жанындағы шөптің үстіне құлады да, құтқаруға ұмтыламын деп, оның үстіне мен құладым. –Үстімде неғып жатырсыз?–деп сұрады ол. –Онлайн махаббат, –дедім мен кекетіп. Құрып кетсін мұндай онлайн  дегендері! Ша­тырым шытынап, не істесем екен деп тісімді шұқылап, басымды сипалап,  жүйкемді қиқалап отырмын, оу ағайын онлайын сабақтарда сән бар ма,  осылай оқығандарында мән бар ма, ба­лаларыңыздың қауа­шағында дән бар ма, өзі?  Пан­демия партаны сағындырды ғой бала­ларымызға! Мәселен, Түркістан облысы­ның  Бәйдібек ауданы Қошқарата, Ақтас ауылдарында интернет ирелеңдеп қалған.  Созақтың шалғай ауылдары туралы ауыз қисайтып, айтпай-ақ қоялық.  Мұндай мысалдарды еліміздің түкпір-түкпірінен  көптеп табуға болады. Сонда дейміз-ау, онлайн сабақтардың маңызы қанша­лықты зор еді деп айта аламыз?  Құдайым-ау, мына корона вирус дегеніңіз бар­шамызды тұра­латып, діңкелетіп бітті ғой!  

Жұмаштын ЖҮГЕРМЕГІ