Өткенін ұмытпай, өскелең ұрпаққа тарихын ұлықтаған ел – болашаққа серпіліс жасаған ел. Барлық уақытта да шежіресін берік ұстанып, кемел келешекке зор үмітпен қараған Қобда ауданы биыл ауданның 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр.
М.ШЕРМАҒАНБЕТ,
Ақтөбе облысы
Қобда ауданының әкімі
Қойнауы шежірелі өлкеміз киелі өңіріміздің рухани қазынасы мен бай тарихынан сыр шертеді. Солтүстігінде Ресеймен, шығысында Алға, Мәртөк аудандарымен, батысында Батыс Қазақстан облысымен, оңтүстігінде Темір, Ойыл аудандарымен шектесетін Қобда ауданы – табиғи һәм тарихи құндылықтарының әлеуеті басым өңір. Ежелгі тарихында ұлан-байтақ жерімізді мекен қылған сақтар мен ғұндар, басқа да түркі тектес тайпалар, одан беріде Жошының хандығы, Алтын Орданың дәулетті баһадүр бектері, қазақтың бірлігін бір тудың астына біріктіру жолында жандарын пида еткен аруақты батырлары, жоңғар мен қалмақтан көрген «ақтабан шұбырындыда» Қаратаудың басынан көшкен қаралы көшті қайта болдырмауды мақсат еткен халықтың тағдырын шешу үшін Әбілқайырдың тұсында орыс патшасының алдына барған Әжібай, Аралдар, басқа да қазақтың тұтас тарихын қалыптастыратын тарихи оқиғалар осы өңірде өткені – айғақ. 39 түрлі эпостың кейіпкері Қарақыпшақ Қобыландының атының тұяғы дүбірлеткен Дүңгірлек суы, қалмақ ханы Омбы Дондукқа қарсы ұлы жорыққа бастаған қалың қолдың аруақты батыры Алтайдың атының ізі қалған жер, Абат батырдың жаны мәңгілік тыныш тапқан Абат-Байтақ қорымы, атақты Аңырақай шайқасында Райымбекпен үзеңгілес болған Жездібай, Малай батырды туған Бесқопа, Орынбор губерниясы «көрінбейтін әйел» атаған Пугачев көтерілісін жалғастырып, әділетсіздікке қарсы қол бастаған Сапар (Сапура) Мәтенқызының жорықтары, ұлт-азаттық көтерілістің шеңгелі Шейітсай, отаршылдыққа қарсы күрестерді бастаған Исатай Тайманұлының кесенесі – осы өңірдің тарихи жәдігерлері. Бұл өңір – Шыңғыс ханның баһадүр қолбасшысы Сүбітайдың қалың қолы, Әмір Темірдің қаһарлы жасағы, Алтын Орда хандарының, Әбілқайыр мен Барақтың, Жәнібектің жұрты ат тұяғын серпіген жер. Беріде ұлт-азаттық көтерілістердің, әділетсіздікке қарсы қақтығыстардың «ошағы» болған өңір тарихының ақтаңдаққа айналған парақтарын ашуға тырысқан азды-көпті шолу жасалды. Патша үкіметі кезіндегі алғашқы қоныс аударушыларын, Кеңес үкіметі жер аударған шешендер мен неміс ұлты өкілдерін, одан беріде тың игеру мақсатымен келген бұрынғы одақтас 15 елдің өкілдерін ұлық көріп қарсы алған, аштықта тілім нанын бөліп берген өңір. Дербісәлі, Сөгәлі, Қыз әулиелер, Бекпан, Бисен хазіреттер аруағын ұрпағы пір тұтқан, қасиет тұнған қорымдар бар.
Қобда жері әйгілі батыр бабаларының даңқын Ұлы Отан соғысы жылдарында да лайықты түрде жалғастырды. Қобда сол жылдары күллі кеңестік шығыстан шыққан екі батыр қыздың бірі Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова бастаған Кеңес Одағының 8 батырының есімдерін мақтан етеді. Сол жылдары облыс орталығында құрылған 312-атқыштар дивизиясының және 101-ұлттық бригада жауынгерлерінің қатарында, Мәскеу түбіндегі фашист басқыншыларына қарсы күресте қобдалықтар асқан ерліктің үлгісін көрсетті.
Қобда жұрты жасампаз еңбекте де тамаша үлгілер көрсетті. Ерен еңбектері еленгендердің қатарында Сағитов Нұршау, Әбішев Таңатар, Әбдіхалықов Дүйсенбай ағаларымыз, Николай Шаповалов төстерінде «Ленин» орденін жарқыратса, сұрапыл соғыстан кейінгі бесжылдықта ауылшаруашылығын өркендету бағытындағы еңбектегі ерекше жетістіктері үшін Тәжіғұлов Мұқан, Ізтілеуов Мерген, Орынбаев Әжіғали сынды ақсақалдарымыз Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Ауданның еңбек тарландары құрметті атақтармен, орден-медальдармен марапатталды. Ақ тарыдан өнім алуда шаруашылықты ерекше табысқа кенелткен Әсима Бектенованы еңбек үлгісі деуге болады. Сонымен қатар тың игеру жылдары таңның атысы, күннің батысы ой-қырға шапқылап, тынымсыз еңбек еткен басшылардың ұйымдастырушылық қабілеті табысты еңбектің көзі болды. Ауданның құрылған кезінен бастап әр жылдардағы бірінші басшылары Ф.Жмуцкий, А.Басенко, С.Набойченко, С.Үжкенов, И.Өтеғұлов, В.Московченко, М.Борисов, А.Фартуков, Б.Бикашевтердің заңғар жолын жалғастырып, тың игеру жылдары аудандық партия комитетінің алғашқы хатшысы болып аса құрметті азамат, халық арасында азаматтық пайым-парасаты, еңбек адамына деген кішіпейіл көңілмен, ықыласымен ерекше есте қалған, аудан халқын еселі еңбекке жұмылдыра білген Алтынбек Әкімжанов қызмет етті. 2018 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған Құралай Байменова ауданымыздың Еңбек Ерлерінің қатарын толықтырды.
Әр жылдары ауданымызды басқарған алдыңғы толқын ағаларымыз ауданымызды бүгінгі дәрежеге жеткізу жолында орасан зор еңбек сіңірді. Сол абзал азаматтардың жолын жалғастырып, аудан тарихының шежіресін толықтыру бүгінгі ұрпақ – бізге жүктеліп отыр. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе! Алдыңғы аға буын салған жолды жалғастыру мақсатында, соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Терісаққан, Бестау, Талдысай, Калиновка, И.Білтабанов атындағы ауылдарға ауызсу құбыры тартылып, 100 пәтер аудан тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, аудан орталығында заманауи үлгідегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 320 орындық мектеп гимназиясы, мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде Бестау, Талдысай, Терісаққан ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Ауылдық елді мекендердің ең негізгі өзекті мәселелерінің бірі – жол мәселесі. Осы бағытта да бірқатар жұмыстар қолға алынып, шешімін табуда. Жиренқопа – Первомайск шекара бекетіне дейінгі Шұбарқұдық –Ойыл – Қобда – Тұзтөбе бағытындағы облыстық маңызы бар жол күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар аудан орталығындағы А.Иманов, И.Тайманов, М.Колесников, С.Сейфуллин, Ә.Молдағұлова, И.Құрманов атындағы ауылішілік 6 көше мен Бұлақ ауылына кіре беріс автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдық елді мекендерді газдандыру мақсатында Қобда–Бестамақ бағытындағы магистральдік тасымалдаушы газ құбырының құрылысы басталып, Егіндібұлақ, Бегалы, Калиновка, И.Білтабанов атындағы ауылдық елді мекендер газдандырылуда. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес аудан көлемінде бірқатар жұмыстар қолға алынып, киелі өлкемізді мекен еткен ата-баба рухына тағзым ету, ұлы дала батырларының, тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің есімдерін есте қалдыру, жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету мақсатында, аудан орталығында «Мәңгілік ел», «Отан Ана» саябақтары жасақталды. Қобыланды мен Алтай батырдың, И.Тайманұлы мен Ә.Молдағұлованың ескерткіштері орналастырылып, тарихи-танымдық скверлер жасақталды. Қазақстанның 100 сакралды орындарының тізіміне енген орта ғасырлардағы сәулет өнерінің озық үлгісі – «Абат Байтақ» кесенесі мен Жиренқопа ауылындағы «Қобыланды батыр» кесенесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кесене жанынан қонақүй салынды. Ел тарихында ерекше сипатқа ие, Абат Байтақ, Қобыланды батыр кесенелері мен соңғы жылдары бой көтерген батырларымыздың ескерткіштері, мәдени мұралары даңқты өлкеміздің мәртебесін арттырып тұрғаны айдан анық.
Бүгінгі жаңғырған Қобда ауданы – ұрпақтар мен іскерлік сабақтастығы орын алған, түтіні түзу шыққан қасиетті мекен. Қобда – батырлар жері. Тарихи деректер Қобданың айбарын айшықтап тұр. Осы 90 жыл ішінде уақыт шеңберінен үміт сәулесі үзілмей, сүрлеу жолдарды ынтымақпен еңсерген аудан жұртшылығының Қобданың бүгінгідей сән-салтанат құрып, рухани дамуына сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Ондаған ұлт пен ұлыс енші бөліспеген ағайынды адамдардай бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Бұл – ынтымағы жарасқан елдің бірлігінің айғағы.
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс» деген болатын. Еліміздің тәуелсіздік таңын зор қуанышпен, ерекше серпіліспен қарсы алған қобдалықтардың тарихи кезеңдердегі облыс жетістіктеріне қосып отырған үлесі де елеулі. Құт қонған Қобда ауданы – облысымыздың тұрақты дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Бүгінгі таңда Қобда ауданы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мал басын өсіру, егіс алқаптары мен суармалы жерлерді игеру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін толық орындап отыр. Бүгінгі Қобда ауданы – берекесі тасыған, ынтымағы жарасқан киелі өңір. Алдағы уақытта да қобдалықтар ынтымақ пен ауызбіршілік танытып, кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлық пен іскерлік көрсетіп, алға қойған асқақ мақсаттарға абыроймен қол жеткізу үшін аянбай еңбек етері анық. Ендеше адал еңбегімен ел құрметіне бөленген барлық қобдалықтарды ауданымыздың 90 жылдық мерейлі мерейтойымен шын ықыласыммен құттықтаймын. Алты Алашқа атағы жайылған Қобда ауданы қарыштап дами берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз мәңгі, елдігіміз еңселі болсын!