Төрт адам биік таулы жерден құтқарылып, мерт болған бір туристің денесі жеткізілді. Көктемнен бері тауда қиын жағдайда қалып қойған 68 адам құтқарылған.
Кеше Құтқару қызметіне тағы да шақырту түсіп, «Горельник» сарқырамасында 55 жастағы әйелдің аяғын қайырып алғаны туралы мәлімет айтылды. Бұл – тауда орналасқан «Медеу» мұз айдынына жақын маңдағы сарқырама.
«109» қызметінің жедел кезекші тобындағы бес адам оқиға орын алған жерге жөнелтілді. Теңіз деңгейінен 2300 метр биіктіктегі «Горельник» сарқырамасына жаяу көтерілген олар зардап шеккен әйелді тапты.
Оның сол аяғының тобығы тайып кеткен екен. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, тау етегінде қалдырылған жедел жәрдем көлігіне жеткізілді.
Жедел жәрдем қызметі әйелді №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіп, дәрігерлердің бақылауына тапсырды.