Шымкенттің мегаполис атанғанына бір жылдан асты. Келер жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болмақ. Бұл туралы Сочи қаласында өткен ТМД елдері басшыларының саммитінде айтылды. 9 мемлекеттің басшысы бас қосқан алқалы жиында бекітілген бұл шешімге Шымкент шаһары қаншалықты дайын? Мәдени астана болуға лайық па?
Мәдени астана мәдени іс-шара өткізумен ғана шектелмейді. Ең алдымен, халық мәдениеттілікті үйренуі тиіс. Одан кейін тазалыққа жауапты мекемелер бекітілген жұмыстарына бұрынғыдан да елгезек қарауы керек. Шымкентте бәрі керісінше. Жуырда Шымкент қаласы прокуратурасында өткен алқа мәжілісінде мегаполис атанғанына бір жыл болған республикалық маңызға ие шаһардың әлі күнге дейін күл-қоқыстан арыла алмай отырғаны жайлы қатаң сыналып, экологиялық ахуалдың өте нашар екені айтылды. Қала прокуроры Мақсат Қожабаев жергілікті атқарушы органдар қаламыздың жоғары статус алғанын сезінбей отыр деп шүйлікті. «Дәл осындай статусқа ие Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тұрмыстық қалдықтарды жинау көрсеткіші 2 есеге жоғары. Ал біздің атқарушы билік өкілдері қала аумағын санитарлық тазарту саласын реттейтін нормативтік акті де қабылдамаған» деп кіжінді прокурор.
Керісінше, жергілікті билік тұрғындарға наразы. Қатты тұрмыстық қалдық алаңдарындағы қордаланған қоқысты бей-берекетсіз тастайтын тұрғындардың өздері деп кінә артқысы келеді жауапты мамандар. Алайда прокуратура қызметкерлері Шымкент қаласы тұрғындарының санымен есептегенде 4 мың контейнер болуы тиістігін, өкінішке қарай, қазір қалада бар-жоғы 2 мың контейнер қойылғанын айтады. Ендеше, жауапты мамандар кімге ренжиді? Тіпті тексеру кезінде белгілі болғанындай, қалада 50-ден астам бей-берекет шашылып жатқан қоқыс анықталған. Тұрмыстық қалдықтарды ретсіз тастаған бірде-бір тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылмапты. Демек, тұрмыстық қалдықтарға ешкімнің басы ауырмайды.
Шымкент қаласының қоқыс ордасына айналуының тағы бір себебі – мемлекеттік сатып алу кезінде орын алған «бармақ басты, көз қысты» жағдайлардың орын алуы. Санитарлық тазалау қызметін жүргізетін мердігерлерге қатысты тендер өткізгенде олардың техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуіне селсоқ қарағаны былай тұрсын, қызмет көрсетуде жеңімпаз болып танылған компания жұмысшыларының саны да талапқа сай болмаған. Мәселен, жекелеген мекемелер жұмысшыларының санын 35 есе артық көрсеткен. Небәрі 8 жұмысшысы бар мекеме талапқа сай болуы үшін 270 адамды жалған көрсетіп, 210 млн теңгенің қызметін ұтып алған. Бүгінде Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданының санитарлық тазалау қызметін осындай жалған құжатпен мердігер атанған компания атқарып жүр. Ал осындай заңсыздықтарға жол берген мекемелерді жеңімпаз ету, оны қадағаламау негізінен жергілікті әкімдіктің әлсіздігі екені анық. Демек, келер жылы бүкіл ТМД елдерінің мәдени астанасы болатын қаладағы аудан әкімдері тазалық жұмыстарына немқұрайлы қарап, мұны әлі сезініп жүрген жоқ.
Бүгінгі таңда Шымкентте бұл жайт қала тұрғындарының да күйіп тұрған күрделі проблемасына айналған. Қала тұрғыны Н.Исабекова қала келбеті саналатын, әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан Нұрсәт ықшамауданындағы №128, 129, 130, 131, 132 және №133 үйлерге арналған 2 контейнердің жазымен күл-қоқысқа толып, сасық су ағып, шыбын-шіркейдің құжынап жатқанын айтып қынжылады. Құзырлы органға бірнеше мәрте шағым жасағанымен нәтиже шықпаған. Ал ресми құжаттағы күн сайын хлормен жуамыз деген жауапты мекемелердің жауабы жалған деп есептейді қала тұрғыны.
Сөзіміз дәлелді болу үшін Шымкент қаласының әкімі Е.Айтахановтың қала тазалығына қатысты өткізген жиынына да тоқтала кетейік. Тиісті сала басшылары қатысқан басқосуда Ерлан Қуанышұлы тұрғындардан тұрмыстық қалдықтарға қатысты жиі шағым түсетінін атап өтті. Ішкі аулалардағы қоқыстардың уақытылы шығарылмауы, жол бойындағы тұрмыстық қалдықтардың тазаланбауы бүгінде шаһардың негізгі проблемасына айналып отырғанын да жасырмады. Сондай-ақ бүгінде қаланың орталық көшелерінің бірі Байтұрсынов көшесінде жол жөндеу жұмыстары жүруде. Алайда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялардың көшенің сәнін кіргізіп тұрған тал-теректерді қырқуы тұрғындардың наразылығын туғызуда. Шаһар басшысы алқалы жиында жауапты тұлғаларға осы мәселені де бақылауды назарға алды. Өсіп тұрған талдар кесілсе, орнына он тал егуді міндеттеді.
Қала әкімі аталған жиында тазалық жұмыстарын күшейту үшін тиісті қаражатты кеңейтуді тапсырды. Алайда қаланың бүгінгі қоқыс ордасына айналып бара жатуы қаншалықты қаржыға тіреліп тұр?
Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бүгінде қаланың орталық көшелеріне санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге бас мердігер «ЛТД Тұрмыс» ЖШС жауапты. Одан бөлек, қосалқы мердігер мекемелер «Байтерек ЛБ», «Югдорсервис», NURTAU servis ЖШС жұмылдырылған.
Ал ішкі орамдық көшелердің тазалығы үшін жергілікті аудан әкімдіктеріне қаржы бөлінген. Мәселен, Абай және Еңбекші ауданының тазалығына «АқСемсерСтройСервис» ЖШС, Әл-Фараби ауданы «Нұр-Асыл Сервис» ЖШС, «ТехЭкоСервис» ЖШС, «Барс-Строй 2030» ЖШС, «Нұр-Сат» ЖШС, «Барокбаев-Т.И.» ЖК жауап берсе, Қаратау ауданының санитарлық тазалығы үшін «Қазақ Строй Жол» ЖШС-ға қаржы қаралған.
Сонымен қатар көпқабатты және тұрғын үйлердегі тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау қызметімен бірқатар мекемелер айналысады. Енді қала әкімінің тапсырмасымен тазалық жұмыстарына тағы қосымша қаржы бөлінбек.
Жыл басынан бері қоқыс полигонына 131 562 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылған. Ал қоқыс контейнерлері күніне екі мәрте жуылады. Бұл – ресми дерек. Мұның қаншалықты шындық екені өздеріне анық. Ал тұрғындар болса, әкімдікке шағым айтудан шаршаған.
Қалай десек те, Шымкент тұрғындары бұрынғы әкім Ғ.Әбдірахымовтың «Мегаполис Лас-Вегастан да асып түседі» деген уәдесін әлі күтіп тұр. «Вегасын» қайдам, Шымкент шын мәнінде, «Лас» қалаға айналып барады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы