Облыс орталығында жасөспірімдер арасындағы қылмыс соңғы кезде жиілеп кетті. Оған не себеп? Кәмелетке толмағандармен жасалатын құқықбұзушылық қайткенде азаяды? Ол үшін не істеу керек?
Бұл сауал қала әкімі Қайрат Досаевты да толғандырып отыр. Ал қалалық ПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбековтің айтуынша, биылғы жылдың сегіз айында жасөспірімдердің құқық бұзғаны үшін олардың ата-анасы мен заңды өкілдеріне, сонымен қатар ересектерге 2 796 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 496 дерекке артқан. Биыл қала аумағында кәмелетке толмағандар арқылы 60 қылмыс жасалған, өткен жылы олардың саны 53 болған екен. Басым көпшілігінде кәмелетке жасы толмаған жасөспірімдер мүліктік қылмыс жасаған.
– Олардың өсімі 32,4 пайызды құрады, яғни 41 ұрлық дерегі, 7 дерегі – тонау. Қылмыс жасағандардың ішінде мектеп қабырғасында оқитын 26 оқушы – 21 қылмыс, орта арнаулы білім ордасында оқитындар – 34 және еш жерде оқымайтын жасөспірімдер 5 қылмыс жасаған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған 102 қылмыс тіркелген, оның ішінде өткен жылы – 64, яғни кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың 59,3 пайызға артқаны байқалды. Күнделікті рейдтік және алдын алу жұмыстары барысында Тараз қаласының полиция бөліміне 3 082 кәмелетке толмаған жасөспірім, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 231 жасөспірім жеткізілді, – деді полиция полковнигі Сәбит Мұсабекұлы.
Бүгінде қалалық білім бөліміне қарасты 60 мектепте – 74 029, кешкі мектепте – 284, барлығы 74 313 оқушы білім алуда. Оның ішінде 94-і – қылмыстық жазаларын өтеу колониясында бас бостандығынан айырылғандар. Оқушылардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларына жүргізілген мониторинг бойынша белгілі болғаны: көпбалалы жанұя – 6 632 (25 221 бала), аз қамтылған отбасы – 3 588 (17 546 бала), жайсыз отбасы – 66 (126 бала), толық емес отбасы балалары – 10 348 (анасымен бірге тұратыны – 8 428, тек әкесімен тұратыны – 917, қамқорлықта – 530, туысқан немесе ата-әжелерінің қолында тұратыны – 473) болып отыр. Есепке алынған 55 оқушының 31-і құқықбұзушылық фактілерімен есепке алынса, ал қалған 24-і – қылмыстық әрекеттері үшін қойылғандар. Есепке алынған оқушылардың 21-і – толық отбасынан, 34-і – толық емес отбасы балалары. Полиция бөлімшелерінің есебіне тіркелген құқықбұзушылықтың басым бөлігін №2, 7, 10, 11, 28, 35, 38, 50 және кешкі мектеп оқушылары құрап отыр екен. Қалай дегенде де, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін жоғарыда аталған полиция бөлімдерінің есебіне алынған 55 оқушының сабақтан тыс уақыты білім бөлімі мен мектептердің қатаң бақылауына қойылып, 42-сі үйірмелерге тартылыпты.
«Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың басым бөлігі талдау көрсеткендей, аз қамтылған, жайсыз отбасы балалары тарапынан және сабақтан тыс уақытта орын алған. Осыған байланысты оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып, үйме-үй аралау жұмыстарын жүргіздік. Себебі отбасындағы тұрақтылық пен ата-ана жауапкершілігі болмаса, қоғам тарапынан алдын алу жұмыстары әлсіз болары сөзсіз. Сондықтан құқыққорғау органдары тарапынан заңнама талаптарына сәйкес ата-аналар жауапкершілігін күшейтуге байланысты жұмыстарға ықпал ету қажет етіледі. Жоғарыда атап өткен кемшіліктердің бар болғаны мектептерде профилактикалық жұмыс әлі де өз деңгейінде жүргізілмей жатқанын көрсетеді. Құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың бірлесіп, сапалы атқарылуы басты назарда болып, бақылауды күшейтетін болады», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева.
Дегенмен қала әкімі Қайрат Әскербекұлының №29, 26 және 11-орта мектептерде тәрбие ісіне байланысты атқарған жұмыстарға көңілі толмай отыр. Қайрат Досаев №29 орта мектептің директоры Г.Сламовқа және мектеп инспекторына, олардың құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери-патриоттық тәрбиедегі олқылықтарды және мектеп секциялары мен үйірмелерінің жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді. Сондықтан шаһар басшысы құқық қорғау органдары мен білім бөлімінің жасөспірімдер қылмысына қарсы күрестегі бірлескен іс-әрекеттерінің маңызына тоқталып, аталған мектептерде құқықбұзушылықты тексеру жөніндегі комиссия құруды, сондай-ақ қосымша мектеп секциялары мен үйірмелерінің ашылуына назар аударуды тапсырды.
Атап өтерлігі, №29 орта мектеп теміржол өткелінің арғы бетінде орналасқан. Сондықтан осы аумақта балалардың бос уақытын титімді пайдалануы үшін арнайы мектептен тыс іс-шаралар өткізетін мекемелердің ашылуы да назарға алынып отыр.
Жамбыл облысы