Алматыда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудағы цифрлы технологиялардың рөлі» атты өңірлік конференциясы өтті.
Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында ауыз толтырып айтарлық жетістіктер болуымен қатар, бұл әлемнің көптеген елінде саяси жүйе мен қоғамда маңызды мәселе болып қалып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Алик Шпекбаев ЕҚЫҰ басқосуында сөйлеген сөзінде цифрлы технологияны енгізудің маңызы мен оның сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудегі рөліне тоқталды.
«Сыбайлас жемқорлық әлемнің қай түкпірінде болса да мемлекеттік институттарға сенімді төмендетіп, демократиялық даму мен заң үстемдігі қағидаттарын бұзады. Онымен табысты күрес – экономикалық өсімді қамтамасыз етудің, елдің әл-ауқатын арттырып, адам капиталын дамытудың маңызды факторы. Жемқорлыққа қарсы мақсатты саясат сан қырлы. Мемлекеттің қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігі, кәсіби мемлекеттік аппарат, заңның үстемдігі, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігі, бизнесті және инвесторларды қорғау сияқты бағыттар – осының айғағы. Қазір жемқорлық деңгейін барынша төмендетуге бағытталған реформалардың жаңа пакетін дайындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Цифрландыру – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабудың ең тиімді құралы. Оны халықаралық тәжірибе айқын көрсетіп отыр. Осы мақсаттағы сан қырлы кешенді шаралар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Біз мемлекеттік басқару мен ұлттық экономиканы, бірінші кезекте мемлекеттік қызмет көрсету саласында автоматтандыру мен цифрландыруға басымдық бердік», – деді ол.
Алик Шпекбаев бүгінгі таңда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингінде өте жоғары дамыған электронды Үкіметі бар елдердің санатына кіретінін айтып өтті. Сондай-ақ бұл күні Ақпараттық технология құралдарын қабылдау есебінен мемлекеттік институттар қызметінің ашықтығын күшейту мен азаматтардың ашық қаржылық басқаруға қолжетімділігі қамтамасыз етілуі қажеттігі айтылды.
Алдыңғы қатарлы елдер тәжірибесін зерттей келе ұлттық экономиканы цифрландыру жөніндегі бес негізі бағыттан тұратын мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Олар адам капиталын дамыту, инновацяилық экожүйе құру, цифрлы мемлекетке өту, цифрлы Жібек жолын іске асыру, экономика саласын цифрландыру. Бұл бағытқа министрліктер, мемлекеттік органдар мен ұйымдар іске асырып жатқан 120 шара кіретін 17 бастама жатады.
Халықтың әр категориясының цифрлы сауаттылығын арттыру үшін жұмыстар жүргізілуде. Еліміз бойынша 1 000 тегін ІТ сынып ашылса, 686 адамға базалық құзырет (мобильді дағды, интернетпен жұмыс істеу, қауіпсіздік, мәліметтерді қорғау, тағы басқалар), 7,8 миллион адамға E-GOVERNMENT пен 765 мың адамға электрондық сауда жүргізудің әдіс-тәсілі үйретілді.
БҰҰ рейтингі бойынша, электронды үкіметтің даму деңгейі тұрғысынан Қазақстан өткен жылы азиялық елдер арасында үздік сегіздікке кірсе, жалпыәлемдік 193 мемлекет арасында 39-орынға табан тіреді. Электронды қызмет көрсетуден 25-орынға жетіп отыр.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде мәліметтерді біріктіру мемлекеттік органдарға сол азаматтарға салмақ салмай-ақ өз бетінше қажет мәліметтерді алуына мүмкіндік тудырады. Статистика бойынша, барлық көрсетілген мемқызметтің 71 пайызы электронды түрде ұсынылған. Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарында – 16 пайыз. Демек, 87 пайыз мемқызметке «адами фактор» араласпаған. Бұл әрекеттер тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты айтарлықтай төмендеткен.
Ақпараттық технологияның көмегімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін басқа да қадамдар жасалуда. Соның бірі – ашық бюджеттің интерактивті картасын енгізу. Бұл ТМД бойынша тамаша жоба болып саналады. Ақпаратқа қолжетімділік, тиімді диалогтық тұғырнама құру адамдардың мемлекетке деген сенімін арттырады. Халықаралық ұйымдар да сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде қабылдаған қазақстандық шараларды жоғары бағалады.