Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жүзеге асырылып жатқан кешенді жаңғыру үдерістері халқымыздың өмір сүру сапасының артуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына және рухани дамуына ерекше серпін беріп отыр. Бұл ретте елдегі игі өзгерістердің бастауында тұрған – Nur Otan партиясы. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназаровамен ұйымның ілкімді істері жайлы әңгіме өрбімек.
– Ақмарал Шәріпбайқызы, тамызда Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Саяси ұйымның кеңейтілген кеңесі өтті. Сонда Елбасы партия жұмысын жаңғыртудың жаңа жеті бағыты айқындалды, бұл жайында не дейсіз?
– Саяси кеңесте Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Онда партияның барлық деңгейдегі әлеуетін арттыру, белсенді партия мүшелерін топтастыру, партияның ядролық электоратын қалыптастыру, бастауыш ұйымдардың рөлін көтеру, жемқорлықпен күресті күшейту, партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау, соның ішінде қоғамның ашықтығы, қиындықтарды, түйткілді мәселелерді бүкпесіз ашық айту және шешу мәселелері қамтылды.
Әрине, бұл партиямыздың ең негізгі жұмыстары деп есептеймін. Себебі Nur Otan партиясының өкілдері ретінде халыққа жақын болып, мұң-мұқтажын біліп, қолдау білдіру, халықпен кері байланыс орнату құралдарының тиімділігін арттыру қажет. Бұған жету үшін аймақтағы барлық партия мүшесі ел өміріне белсенді араласып, халыққа жақын болуы тиіс. Сонда ғана партия халықтың мүддесін тиімді қорғай алады.
– Жеті бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...
– Бағана айтқанымдай, алдымен, халықтың сенімін ақтау үшін жұмыс істеуіміз қажет. Ол үшін кез келген мәселені ашық, әділ талқылау керек. Осы мақсатта партия заман талаптарына сай өзгеріп, нақты реформаларды қолға алып жатыр. Мысалы, біздің партия филиалы да өз тарапынан үкіметтік емес ұйымдармен және түрлі әлеуметтік топтармен байланысты күшейте бастадық. Оның ішінде ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, кәсіподақ ұйымдары және әлеуметтік желі белсенділерімен кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Ұсыныстың барлығы мемлекеттік органдарға жолданып, орындалуы бақылауға алынды. Осы нәрсе жоспарлы түрде жалғасын табуда. Сонымен қатар облыстық басқармалар, қалалық, аудандық бөлімдердің есебі партия алаңында тыңдалып, жолға қойылуда. Ондағы мақсат – мемлекеттік орган басшылары партия мүшесі ретіндегі жауапкершілігін сезінуі тиіс.
Оған қоса, бастауыш ұйымдарды оңтайландыруға шағын ұйымдар ірі бастауыш ұйымдарға біріктірілді. Облыстық партия филиалына қарасты 272 бастауыш ұйымның 20-сы қысқартылды. 65 бастауыш партия ұйымының жетекшілері қайта сайланды. Қазір бастауыш ұйым төрағаның 116-сы аумақтық филиалдардың Саяси кеңесі мүшелігіне, 44-і Саяси кеңес бюро құрамына енді. Негізі Қызылорда қалалық филиалында ең көп бастауыш партия ұйымдары шоғырланған. Бұған дейін 43 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасаса, қазір 36-ға қысқартылды. Оның ішінде 32 бастауыш ұйымға жетекші етіп, белсенді азаматтарды қайта сайладық.
– Nur Otan партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев Facebook парақшасында «Соңғы 2,5 ай ішінде партиялық тәртіп бұзған 79 мыңнан астам адам партия қатарынан шығарылды» деп жазған. Мұндай жағдайлар көп кездесе ме?
– Жалпы, Nur Otan партиясының Жарғысында, Этика кодексінде егер партия мүшесі сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылықтарға жол бергені үшін партия қатарынан шығарылады. Бұл – талап. Екі айдың көлемінде партиямыздың беделіне нұқсан келтірген, яғни сыбайластық фактісі бойынша 6 азаматты партия қатарынан шығардық. Оның 2-еуі – Арал, 3-еуі – Сырдария ауданы, 1-еуі – Қызылорда қаласының азаматы. Оның бірқатары 10 жылдан аса партия мүшесі болып, соның арқасында жауапты қызметтерге дейін көтерілген. Әрине, өкінішті. Бірақ заң – баршамызға ортақ. Партия мұндай әркетке жол берген азаматтарды кешірмейді. Ондай азаматтарға партияда орын жоқ.
Оған қоса, партия Төрағасы «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасында жемқорлықпен күресті күшейтіп, лайықты емес мүшелерді шығару керегін ерекше атаған. Міне, бұл бағытта облыстағы 51 350 партия мүшесінің әрқайсысын жан-жақты тексеріп, жыл басынан бері партиялық жарнапұл төлемеген және партиямен байланысы үзілген 4 083 адам қатардан шығарылды.
– Қазір адамның көбі әлеуметтік желінің ықпалын пайдаланып, түрлі проблемаларды көтеріп, билікті не болмаса партияны сынап жатады. Бұл халықтың партияға деген сенімін жоғалтпай ма? Негізі әлеуметтік желідегі халықпен партия арасында диалог бар ма?
– Өте дұрыс айтасыз. Қазір халық әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысады. Бұл үдеріске заманауи коммуникациялар да тың серпін беріп отыр. Біз мұның барлығын партия филиалының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан да, жеке аккаунтарымыздан да көріп, біліп отырмыз. Қоғам болған соң түрлі сын да, проблемалық мәселе де болады. Үшіншіден, партия Төрағасы партияның әрбір мүшесі қоғамдағы өзекті мәселелерді әлеуметтік желілерде жан-жақты талқылаудан қашпай, халықтың пікіріне дәйекті жауап беріп, сын айтылса, оны конструктивті тұрғыда қабылдап, нәтиже беруіне жұмыс жасауды тапсырды. Осыған байланысты біз партия саясатын халық арасында кеңінен насихаттайтын спикерлер және әлеуметтік желілер мен блок платформаларда жұмыс жасайтын блогерлер пулын жасақтап, олардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмысты бастадық. Олардың құрамында бастауыш ұйым төрағалары мен белсенділері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, партия жақтастары да бар. Әрине, осы жерде отырған сіздің де, болмаса желіде отырған сол азаматтың да өз көзқарасы болады. Бірақ елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылыққа келгенде сөз де, іс те, ұстаным да ортақ болуы тиіс. Қазір атқарушы билік тарапынан да мұндай белсенділікке дұрыс көзқарас қалыптасты. Біз барлық санаттағы азаматқа ашықпыз. Олармен белсенді жұмыс істеп, дұрыс бағыт беріп, қолымыздан келгенше көмек көрсетсек, әлеуметтік желідегі ахуал да жаңаша формада жүреді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Миуа БАЙНАЗАРОВА