Еліміздегі ауа райы ыстық аймақтың бірі болып саналатын Шәуілдірде артық шығынды талап етпейтін электр тогы өндірілмек. Атап айтқанда, күн көзінен қуат алатын станса салынбақ.
Түркістан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында салынатын күннен қуат алатын стансаның қуаттылығы 50 МВт құрайды деп жоспарлануда. Осыған орай, жобаның құжаттамасымен таныстырып, аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыруды түсіндіру мақсатында семинар өтті.
Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – әлеуетті инвесторлар үшін заңнамалық тұрғыда түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Алдағы уақытта осы кәсіпті жүргізетін салымшылар арасында іріктеу өткізіліп, жеңімпаздары анықталады.
Семинарға Энергетика министрлігі, БҰҰ ДБ сарапшы-мамандары, жергілікті атқарушы органдар, аудан, қала әкімдіктері, коммуналдық кәсіпорындар, аймақтық электр желілері компанияларының қызметкерлері мен ЮСАИД және Қытай, Франция, Италия, Польша мемлекеттерінің инвесторлары қатысты.
Жиын соңында қатысушылар жаңа нысанның бой көтеретін жерін көріп, орналасуының ыңғайлығын таразылады.
Түркістан облысы