Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 12 жылға бас бостандығынан айырылды
215
оқылды
Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамунов туысы – Қостанай облысының экс-әкімі Ахмедбек Ахметжановтан заңсыз жолмен 1,2 млн доллар ақша алды деп айыпталып, Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оған қатысты үкім шығарды. Бұл туралы ng.kz хабарлайды.  Айыптау қорытындысы бойынша Мамунов бұл ақшаны 2016 жылы өте ірі мөлшерде пара алғаны үшін сотталған Ахметжановқа қатысты жазаны жеңілдету туралы келіссөз жүргізуге уәде беріп, алған. Алайда, Мамунов Қостанайдың экс-әкімінің әйелі мен ағасы берген ақшаны екі Lexus көлігі мен Нұр-Сұлтан қаласынан 2 бөлмелі пәтер алуға жұмсаған.
«Руслан Мамунов кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіз колонияда жазасын өтей отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Әділхан Шайхисламов.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен келген ақшаға сатып алынған мүліктері, нақтырақ айтқанда, Lexus-NX-200 (2016 ж) және Lexus-LX-570 (2017 ж) маркалы 2 көлік пен және Қалдаяқов көшесіндегі (Нұр-Сұлтан қ.) 2 бөлмелі пәтер тәркіленді. Еске сала кетейік, 2020 жылдың 13 наурызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары ұсталғанын мәлімдеді. Руслан Мамунов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2019 жылдың қарашасында келген болатын. Облыстық экономика мен бюджетті жоспарлау, облыс ішіндегі проблемаларды үйлестіріп, шешу, шағын қалалар мен селолық аудандарды кешенді дамыту, мемлекеттік сатып алу, облыстың салық әлеуетін басқару, мемлекеттік сатып алу сияқты маңызды салалар осы Руслан Мамуновтың мойнына жүктелген лауазымдық қызметтердің қатарына жатады. Ал, қазір Ақтөбе облысын Оңдасын Оразалин басқарып отыр.