«Ордабасының» бапкері 2 ойынға шеттетілді
«Ордабасының» бапкері 2 ойынға шеттетілді
393
оқылды
«Ордабасы» футбол клубының бас бапкері Цхададзе екінші рет әдепсіз сөйлегені үшін ойыннан шеттетілді. Бұл туралы Aikyn.kz тілшісіне Zakon.kz порталына сілтей отырып хабарлайды. Бұл жолы Кахабер Цхададзе Петропавлдық «Қызыл-Жар» клубының бапкерін балағаттады. «Ордабасы» ФК бас бапкері Цхададзенің шеттетілгенін Қазақстан Футбол Федерациясының (ҚФФ) хабарламасында айтылды. Оқиға қос клубтың кездесуі кезінде болды. Федерацияның бақылау-тәртіптік комитетінің отырысында талқыланды.

– Қарсылас команданың бапкеріне дөрекі сойлегені үшін «Ордабасы» ФК–ның бас бапкері Кахабер Цхададзе екі матчқа шеттетілді. Шешім ҚФФ тәртіптік регламентінің 53-бабына сәйкес қабылданды, – делінген комитет шешімінде.

Комитеттің хабарлауынша 25 қыркүйектен бастап дисквалификация күшіне енеді. Кахабер Цхададзенің әдепсіз әрекеті үшін бұл бір айдың ішіндегі екінші шеттетілуі. Бұған дейін бапкер Қазақстан чемпионатының жетінші турының «Ордабасы» мен «Қайрат» арасындағы матчында дөрекі сөйлегені үшін шеттетілген. Сондай-ақ Цхададзеге 100 АЕК (277 800 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Еске сала кетейік, бұған дейін бір матчқа дисквалификация мен айыппұлды «Ордабасы» клубының бас бапкер көмекшісі Георги Чихрадзе және клуб президенті Бахтияр Байсейітов алған болатын.