Nur Otan партиясы орта және шағын бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтарда шағын бизнесті дамыту жұмыссыздықты азайтудың бірден-бір жолы екенін атап өткен болатын.
Жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайын. «Кәсіпкерлер несиемен қамтамасыз етілуде, бизнес ашуға жағдай жасалып, тексерулер саны азайды. Барлық кедергі жойылды. Егер партия Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен осы бағытта тығыз ықпалдасатын болса, қажетті нәтижелерге қол жеткізуге болады. Экономиканы дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеу қажет» деді Елбасы. Кәсіпкерлікті дамыту жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартады. Осы мақсатта партияның бастамасымен Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүр-гізу орталығы жұмыс істейді.
Аталған орталықтың алғашқы отырысында бизнесті қолдауға және дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі жүзеге асып жатыр. Оның дәлелі — Қостанай облысы Жітіқара ауданында етті-сүтті бағытта сиыр бағуды қолға алған кәсіпкер Гүлбадан Қоянбаеваның шаруашылығы.
Кәсіпкерлікті дамыту халықтың тұрмысын жақсартуға оң ықпал етіп отыр. Мақсат – аймақтағы кәсіпкерліктің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнестің қыр-сырын үйрететін 6 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Соның бірі — «Даму» қорының «Бизнес бастау» тегін оқыту курсы. Кәсіпкер Гүлбадан Қоянбаеваның айтуынша, бизнестің әліппесінен бастап, қаржыландыру, өркендетуді жан-жақты үйрететін курстың пайдасы көп.
— Жұмыссыз жүрген соң, аудандағы жұмыспен қамту бөліміне бардым. Мамандар тегін курс оқып, кәсіп ашуға кеңес берді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» жобасына қатыстым. Биыл бір ай тегін оқыдым. Бизнес жоспар жасадым. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретті, төмен пайызбен несие берді. Үйімді кепілге қойып, 3 миллион теңге кредитке 10 бас етті-сүтті бағыттағы сиыр сатып алдым. Қаржының 10 процентін жем-шөп алуға жұмсадым, — дейді кәсіпкер.
Қысы ұзақ аймақта мал басын көбейту де оңай емес. Кейіпкеріміздің айтуынша, мал азығының қымбаттығы ірі қара санын көбейтуге қолбайлау.
— Мал өсіру оңай шаруа емес. Бірінші жылы пайда көрген жоқпын. Биыл малға жайсыз жыл болды. Жауын-шашын аз болған соң, жем-шөп жинау да оңайға соқпады. Болашақта мал басын көбейтсем деймін. Бірақ жем-шөп қымбат. Мал азығы үшін төлін сатуға мәжбүрмін. Техникасы бар ірі шаруа қожалықтарына мал басын көбейту қарапайым шаруаға қарағанда оңай. Былтыр бизнес жоспар жасаған кезде сүт сауатын және жем-шөп даярлайтын аппараттардың қажеттілігін де жоспарымда жазған едім. Бірақ көмек болмаған соң, үмітімді үздім. Соған қарамастан, кәсіпті бастау үшін қорықпай, қысы-жазы еңбектену керек. Қол қусырып қарап отыруға болмайды, — дейді Гүлбадан Қоянбаева.
Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді. Оның мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін қажет.