Өткен аптада Ақордада кеңейтілген жиын өтті. Негізгі мәселе митинг туралы заңды жетілдіру болған. Басқосуға мемлекеттік орган басшылары мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Мұхтар Тайжан, Жеміс Тұрмағамбетова, Асылбек Қожахметов және басқалар шақырылған. Ал осы аптада Үкімет аталған заңға өзгерістер енгізу үшін жұмыс тобын құрды. Ұлттық кеңестің алғашқы отырысынан соң митинг мәселесін құқықтық тұрғыда шешу қолға алынғаны көрініп тұр. Алайда ол құжат қандай болмақ және келешекте қалай жүзеге аспақ?
Қолданыстағы заң сонау 1995 жылы қабылданған және бар-жоғы 12 баптан тұрады. Бәлкім, жұрт ешкімнің көмегінсіз өзі қолдана алуы үшін заң атаулы осындай қысқа-нұсқа болғаны дұрыс шығар. Құжаттың қысқаша мәні мынада: егер сіз митинг, демонстрация өткізгіңіз келсе, жергілікті билікке бейбіт шеру туралы толық ақпарат беріп, өтініш жазасыз. Әкімдік шешім қабылдайды. Рұқсат берсе, негізгі тақырыптан ауытқымай, қоғамдық тәртіпті сақтау керек. Оған қоса, жергілікті билік белгілі себептермен митинг өткізуге тыйым салуы да мүмкін.
Бұған дейін елімізде рұқсат берілген де, берілмеген де талай митинг, бейбіт шеру өтті. Түрлі тақырып, алуан мақсат болды. Кейбіреуі пафосты лозугнтермен шектеліп, тыныш өтсе, басқаларында полиция күш қолданып жатты. Себеп неде? Себеп аз емес. Соның бірі – заңда жазылған митингке рұқсат беру деген механизмнің іске қосылуында. Яғни, барлық жиынға жол берілмегендіктен, жұрт кейде өзі ұйымдасып, көшеге шықты. Оған қоса, жиынға жол берілсе де, қаланың шеттеу жерінде өтті.
Президент митинг туралы. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталған мәселелердің барлығын сайлауалды кампаниясында, Жолдауда көтерді.
Конституцияға сәйкес, біздің азаматтарымыз пікірін ашық білдіре алады. Егер бейбіт акциялар заңды және халықтың тыныштығын бұзуды көздемесе, онда заң бойынша рұқсат беріп, жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін арнайы орындар беру керек. Бірақ қаланың шетінен емес. Ал Конституцияға қарсы үндеулер мен бұзақылық әрекеттердің жолы кесіледі, – деді алғашқы Жолдауында. Президенттің саяси бастамаларға назар аударуы тегін емес. Себебі билік транзитімен қатар қоғамда үлкен әлеуметтік өзгерістер жүріп, саяси сұраныстар туындап жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл ойымызды жақында DEMOSCOPE қоғамдық пікірді жылдам зерттеу бюросының әлеуметтік сауалнамасы дәлелдегендей. Ұйым еліміздің барлық аймағын қамтып, 1 100 қазақстандықтың митинг туралы пікірін сұраған.
Жұрттың пікірі қандай? Егер бюро мәліметіне сенсек, сұрау салынғандардың 43 пайызы бейбіт митингке қарсы емес, 16 пайызы қолдамайды, 34 пайызының пікірі бейтарап, оларға бәрібір екен. Ал енді бейбіт шеру, жиын ел дамуына көмектесе ме деген сұраққа келгенде, пікірлер қақ жарылған. Мысалы, 46% респондент митинг арқылы мәселеге биліктің назарын аударуға болады деп есептесе, 40%-ы митингілер мемлекетті тұрақсыздыққа әкеледі деп есептейді. Мұндай демонстрацияларды өткізуге биліктің рұқсаты керек пе деген келесі сұраққа жауаптың басым бөлігі бір жақты болған. 80 пайыз азамат міндетті түрде әкімдіктің келісімі қажет десе, 17 пайызы ғана митингілерді ешкімнің рұқсатынсыз өткізу керек деп жауап қайырған. Соңғы кезде полицияның митинг кезінде жас-кәрісіне қарамай, алаңға шыққандардың қолын бұрап, жаппай көлікке тоғытуы көпшіліктің сынына ұшырады. Сауалнама барысында осы әрекетке қатысты да сұрақ қойылған. Яғни, «қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төнбесе, митингілдерде адамдарды тұтқындау дұрыс па» деген сауалға 24 пайыз респондент «дұрыс, олар қоғамдық тәртіпті бұзды» деп жауап берген. Ал 58 пайызы «жоқ, оларды тұтқындау заңсыз» деген.
Әлемдік тәжірибе қандай? Жалпы, бейбіт шеру – дамыған азаматтық қоғамның белгісі. Адамның өз ойын ашық білдіруі – оның табиғи құқықтарының бірі ретінде қарастырылады.
Бұл сауалнама біздің қоғамда үлкен әлеуметтік өзгерістер болып жатқанын көрсетіп тұрғандай. Яғни, бір тарап жаңашылдықты қаласа, басқалар үшін тыныштық – негізгі құндылық. Алайда қандай өзгеріс болса да, ол биліктің бақылауымен жүруі керек екенін көпшілік мойындайды. Әрине, бұл жерде Украинадағы, Қырғыз Республикасындағы, Грузиядағы саяси өзгерістер ел азаматтарына әртүрлі әсер еткен болар. Сондықтан митингіге берілетін баға да алуан түрлі.
Әлемдік тәжірибе қандай? Жалпы, бейбіт шеру – дамыған азаматтық қоғамның белгісі. Адамның өз ойын ашық білдіруі – оның табиғи құқықтарының бірі ретінде қарастырылады. Қоғам дәстүрлі институттар арқылы өз пікірін білдіре алмағанда, ол тың инструменттерге жүгінеді. Қазақстанда Фейсбук желісінің шамадан тыс саясиланып кетуінің бір себебі де осы болуы мүмкін. Егер Еуропаның саяси тарихына үңілсек, азаматтардың талабы бейбіт шеру ретінде көрініс тапқан. Бұл саяси мәдениет бүгінде көптеген Азия елдеріне де көшті. Сеул, Гонконг, Токио, Бангкокте ірі шерулердің өтуі – қалыпты жағдай. Алайда елдегі құқық қорғаушыларды мазалайтын маңызды мәселе – Митинг туралы заңда жергілікті биліктің құзыретінде демонстрацияларға рұқсат беру не бермеу құқығының болуы. Неге? Себебі көптеген елде бейбіт шеру өткізуді жоспарлаған топ жергілікті әкімдік не мэрияны тек ескертеді, хабарлайды, алайда келісімін алмайды. Мэрия түскен өтінішке сәйкес митингтің қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді және сирек жағдайларда ғана белгілі бір себептермен тыйым салуы мүмкін. Айталық, ол қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірсе.
Ұлыбританияда 1986 жылы қабылданған «Қоғамдық тәртіп туралы заң» бойынша шеруге шығушылар жоспарланған митинг өтетін мерзімге 6 күн бұрын жергілікті полицияға ескерту қағаз жіберіп, онда жүріп өтетін маршрут пен қатысатын кісі санын көрсетуі міндет. Қандай да бір қақтығыстың алдын алу мақсатында полиция митингінің өтетін орнын, уақытын өзгертуді талап етуі мүмкін, тіпті тыйым салу құқығы бар. Келісілген шарттар бұзылса, митингті ұйымдастырушыларға айыппұл салынады. Ал Германияда 2008 жылы қабылданған заң бойынша митинг жайлы 48 сағат бұрын жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ескерту қажет. Егер шара қауіпсіздікке қауіп төндірсе, онда шеруге тыйым салынуы мүмкін. Нацистік режимге қатысты тарихи орындарда жиналуға тыйым салынады. Митингіде бетперде немесе арнайы бірдей киім, униформа киюге болмайды. Егер уағдаласқан келісім бұзылса, ұйымдастырушылар 6 айға дейін бас бостандығынан айрылуы немесе 180 тәуліктік жалақыға тең айыппұл салынуы мүмкін. Егер митингте қару қолданылса, онда екі жыл түрмеге тоғытылады.
Бұл Еуропа елдерінің тәжірибесі, Азияда да барлық қоғамдық жиын заңмен қатаң реттеледі. Таиландта 2015 жылы «Қоғамдық жиындар туралы заң» митинг не акция туралы жергілікті полицияны 24 сағат бұрын ескертуді талап етеді. Митинг король және оның отбасы тұратын үй, парламент, үкімет үйі, сот және елшілік ғимаратынан 150 метр алыс қашықтықта өтуі міндет. Шеру өткен кезде мемлекеттік мекемелердің кіріп-шығатын есіктеріне, әуежай, станциялардағы қозғалысқа кедергі келтіруге болмайды. Егер полиция талабы орындалмаса, 600 доллар айыппұл салынады. Ал кімде кім митинг барысында қару алып жүрсе, ғимаратқа заңсыз басып кірсе не қандай да бір коммуникация құралын бүлдірсе, ол 10 жыл бас бостандығынан айрылуы ғажап емес.
Сөз соңында... Көріп отырғанымыздай, әлемнің кейбір елдерінде қоғамның не биліктің назарын қандай да бір мәселеге аудару үшін бейбіт шеру өткізу үшін жергілікті билікті, полицияны алдын ала ескерту қажет. Шараның барлық шарты келісіледі. Ұйымдастырушылар аталған шарттарды қатаң сақтауы міндет. Ал енді «еліміздегі жаңа митинг туралы заңда бейбіт шеруге жергілікті биліктен рұқсат алу қажет пе, әлде тек ескерту керек пе?» деген сауалға жауап табылатын секілді. Себебі заңсыз шеру, оған қатысқандарды жаппай ұстау, полициямен қақтығыс деген жайттар сол рұқсат мәселесінен шығып отырған салдар.
Алайда рұқсатсыз, тек ескерту механизмінің алаңдатарлық тұстары да бар. Айталық, бұған дейін елорда мен Алматы қаласында біржынысты ЛГБТ өкілдері митинг өткізуге өтініш берді. Егер митингілерге рұқсат керек болмаса, аталған қауымдастық өкілдері ертең бас қалаларда үлкен шеру ұйымдастыруы мүмкін. Шараның моральдық жағын айтпағанда, бұл шеру қалада үлкен қақтығыстарға әкелуі бек мүмкін. Себебі халқымыздың 70 пайызы Ислам дінін ұстанатынын ұмытпау қажет. Оған қоса, митингке өтініш берушілер үнемі бас көше мен бас алаңдарда демонстрация ұйымдастыруды қалауы мүмкін. Егер әкімдіктер оларға жоқ дей алмаса, онда ол даңғыл, көшелерді митинг кезінде қоршауға алуға тура келеді. Бұл – ірі шаһарларда жол кептелісін туғызады деген сөз.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА