Егер әкім сайланса...
Егер әкім сайланса...
305
оқылды

Ең қауіпті әрі аса қатігез есірткі саудагері FBI күзет жасағын қынадай қырып, қашып кеткен. Ол ең жүйрік спорткармен Мексика шекарасына жүйткіп келеді. Қанішерге тек кішкентай қалашықтың тұрақтылығы мен тыныштығына тірек болған шериф Оуенс қана тоспа құра алды. Бұл Арнольд Шварценеггер түскен «Қаһарманның оралуы» фильмінің желісі болғанымен, АҚШ-та шынында шерифтер өз аулының қорғаны, қамқоршысы және қожайыны екені даусыз.

«Бәрінде!» десек ағаттық болар, ауыл-кент-шағын қала-аудандарымыздың көбіне ең­бек­тің ебін білетін шаруақор, жер­гілікті экономиканы гүлдентер басқарушы, өзіне сеніп тапсы­рылған аумақта қылмысты тамы­рымен жұлар қорғаншы, қысқаша айтқанда, нағыз қожайын жетіс­пейді. Ауылдың иесі мен киесі болар мұндай тұлғалар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі сайлан­балы тәртіпке, яғни әкім сайлау әдісіне көшкенде туары сөзсіз.

Әкім сайлаудың артықшы­лығы аз емес. Жергілікті тұрғын­дар өзідері танитын, ісіне қанық азаматты таңдайды. Жұмысына көңілі толмаса, келесі сайлауда өзге азаматқа дауыс береді. Сай­ланған әкім алдыңғы додада жеңіліс таппау үшін жұртқа пайдалы істерге барын салуы бек мүмкін. Ал әкімді өздері сайлаған мәслихат депутаттары арқылы да бақылап отырады.

Бір қарағанда осындай тар­тымды, ұтымды жол. Халық қа­лаған азаматын өзіне басшы қы­лып сайлайды. Алайда маман­дардың байламынша, ол жолда Қазақстанды трайбализмнің күшеюі, жергілікті деңгейде жемқорлықтың қанат жаюы, тіпті өзге ұлт басым елді мекендердің сепаратизмге ұрынуы секілді қауіп-қатерлер, сын-тегеуріндер көрініс табуы да мүмкін. Орталық билікті алаңдататыны да, осы бағытта аяқты аңдап басуға итермелейтіні де – осылар.

Жалпы, Украинаның Дон­ба­сындай болмағанымен, «ми­ниа­тюрадағы» сепаратизммен Қа­зақ­стан да бертінде бетпе-бет келді. Оның мән-жайын 2005 жыл­­дың 16 қарашасында, Пар­ла­мент Мәжілісінде сол кездегі Сыртқы істер министрі, Қа­зақ­стан-Ресей мемлекетаралық Делимита­ция­лық комиссияның қазақ жағы­нан төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтып бер­гені есімізде:

– Бізге Қостанай мен Челябі түйісетін тұстағы қазақстандық «Огнеупорный» кентінің өтеміне ұсынылған алғашқы жер телімі ұнамады. Сондықтан одан бірден бас тарттық. Жалпы, осы жұ­мыс­шы кентінде 685 адам тұрады, қазір бәрі Ресей азаматтығын алып алған. Біз Ресейден по­сел­кенің 520 гектар жалпы аумағына сай келетін жер бөлуді талап еттік, олар берді. Бұл бір өте шұ­райлы, құнарлылық бонитеті аса жоғары жер екен, сонымен қатар онда байланыс және электр желісі тартылған, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бұл жерде әңгіме Қоста­най­дағы тұтас кент тұрғындарының тегіс Ресей азаматтығын алып, Қазақстан басшылығы алдына «біз кентімізбен бірге Ресейге өтеміз» деп талап қойған оқиғасы туралы болып отыр.

Іргедегі ескі держава өзге мемлекеттердің азаматтары үшін РФ азаматтығын алуды айтар­лықтай жеңілдетті. Бұл үшін Ресейге көшудің де қажеті жоқ көрінеді. Соның салдарынан қазір қаншама адам солтүстік көршінің қоңыр паспортын иеленіп алған.

Сондай-ақ сарапшылар «Қа­зақстанда ауыл-кент деңгейле­рінде әкімдерді жаппай сайлау жүйесі енгізілсе, бұл ірі рулар шо­ғырлана отырған елді ме­кен­дерде жалғыз сол ру өкілдерінің жеңіске жетуіне соқтырады» деп алаңдаушылық білдіреді. Бәлкім солай болатын да шығар. Бірақ қазір халықтың көзі ашық, кө­кірегі ояу. Алғашында жұрт осылай намысқа басқанымен, артынша ол тұлғаның жемқор­лыққа жақ, ауыл мен оның ша­руашылығын тиімді басқаруға қабілет-қарымы аз, білімі таяз екеніне көз жеткізсе, келесі жолы лайықты үміткерге, абыройлы адамға, «дағдарыс менеджеріне» дауыс берері сөзсіз. Руына қа­рамай. Ісіне шала кісінің елге рулас болғаны кімге ем?

Негізі, әкім сайлау Қазақстан үшін жаңалық емес. Қомақты тәжірибе де бар. Нақтылай кет­сек, Елбасының тапсырмасымен, 2013 жылғы 5-9 тамыз аралығында республиканың 14 облысында барлығы 2 457 ауыл, кент және аудандық маңызы бар қалада жаппай әкім сайлауы өтті. Оның барысында 2 454 әкім сайланды. Алайда ол жолы үміткерлерге тікелей жергілікті жұртшылық емес, мәслихат депутаттары да­уыс берді: әкім таңдауға 188 ау­дандық және қалалық мәслихат тікелей қатысты. Яғни, әрбір мәслихаттың депутаттары бірден бірнеше ауыл әкімін сайлаған. Ел президентін сайлауды азаматтарға сеніп тапсырып, ауыл әкімін таңдауда мәслихатқа жүгінгені көпті таңғалдырды.

Ал егер аудан әкімдерін жер­гілікті халық сайлауға көшсе, аймақтардағы жағдай өзгерер ме еді? Кем дегенде, аудан тұрғын­дары әр 2-3 жыл сайын аудан бас­шысының облыс әкімінің қа­лауынша ауысып жатқанын сырттай бақыламас еді. Оған қоса, сайланған аудан әкімі об­лыстағы әр басқармаға алаңдап, әрбірінің тексерісін, қаражат бө­лісіне алаңдамас еді. Өз бюджетін өзі басқаруға мүмкіндік беріледі. Себебі дербес бюджетсіз қандай әкім болса да, қолы қысқа.

Бертінге дейін ондай еркіндік болмады. Себебі Қазақстанда дер­бес бюджеттің небәрі 3 деңгейі ғана болатын: біріншісі – рес­публикалық бюджет; екіншісі – облыстық бюджет, үшіншісі – аудандық бюджет. Ауыл-кенттер бюджеті тек аудандағы есеп-шот түрінде болып келетін және үшін­ші деңгейге толық тәуелді болды. Жағдайды Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары өзгертті: оның 98-ші қадамына сәйкес, ауылдық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала дең­гейінде жергілікті өзін-өзі басқа­рудың дербес бюджеті енгізіле бастады.

Нәтижесінде, өткен 2018 жыл­дан бері алдымен тұрғындарының саны 2 000-нан асатын елді ме­кендерде 4-ші деңгейдегі жаңа бюджетті енгізу науқаны жүрді. Ал келесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстан ауылдық бюд­жетті қалған барлық жерде жап­пай құруға көшеді. Ол бо­йын­ша ауыл әкімі жарнама салығы, әкімдік құзырындағы ғимараттар мен орынжайларды жалға беру ақысы секілді 5 салық пен 2 төлем түрін өз бетінше жинауға кіріспек. Ауылға қатысты тендерлерді де сол өткізеді. Бюджеттің игерілуіне ауыл әкімі мен аппараты дербес жауап береді.

Елімізде 2012 жылы «Жер­гілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы» бекітілген. Ол ауылдық деңгейде басқару са­пасын арттыруға мүмкіндік жа­сайды және жұртшылықтың жергілікті маңыздағы мәселелерге қатысуын кеңейтеді. Бұдан бөлек, селолық әкімдерге қосымша өкілеттіктер береді және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын кү­шейтеді. Дегенмен құжатта ауыл-кент әкімдерін халықтың тікелей сайлауы қарастырылмаған. Тек аудандық қалалар, ауылдық ок­ругтер және ауыл-село әкімдерін жоғары тұрған аудандар мен қа­лалар мәслихаттарының сайлауы ғана көзделеді. Тиісінше, бәрібір жергілікті тұрғындар емес, жо­ғарыдағы әкім қалаған адам ауылға әкім болады. Себебі аудан әкімдерінің мәслихатқа ықпалы зор екенін жоққа шығара ал­маймыз. Түптеп келгенде, бәрібір халық сайлау, таңдау құқығынан айрылып отыр.

Билік транзиті қазақстан­дық­тардың саяси ой-санасы өскенін, саяси мәдениеті биік екенін, әлдебір арандатушы күштерге ермейтінін, бірақ бұдан былай үнсіз қалмайтынын, өз пікірін билікке тыңдатуға тырысатынын паш етті. Бұл демократиялану жолындағы заңды толқын болса керек. Яғни, азаматтар билік транзитімен қатар қоғамда саяси өзгерістер болуын да қалап отыр.

Ендеше аудан халқымен ті­келей жұмыс істейтін және мә­селені жергілікті жерде шешетін барлық әкімді халықтың тікелей сайлауын енгізген жөн болар. Сонда халық тағайындалатын әкімдер шеше алмаған бар түйт­кілдердің ауыртпалығын көтеріп, елордаға, үкімет үйінің алдына шаппайтын болады.

Бұл – дамыған елдердің таң­даған жолы, демек, бұқараға сенім арта отырып, озық әлеммен бірге өркениетті жолмен жүрген және қоғамның одан ары демо­кратиялануына жаңа серпін берген абзал.