Мәдениет қызметкерлерінің елу мың теңге жалақыға «шықпа жаным, шықпа» деп өлместің күнін көріп отырғаны туралы мәселе Парламенттің Жоғарғы палатасы жиынында талқыланды. Палата отырысында сенаторлар Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасына түзету енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды.
Құжатта өзіне бағынышты биік лауазымды шенеуніктер – саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер жемқорлыққа қолын былғап, ұсталса және сотталса, ол үшін жоғары тұрған бірінші басшылардың жауапкершілігі нақтыланады.
Сенат басшысы Д.Назарбаева дәл осы заң жобасына Жоғарғы палата мәдениет ұйымдарының «шаруашылық қызметі құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын» заңды мәртебесін алу құқығын көздейтін түзету енгізуге бастама жасағанын мәлімдеді.
– Біздің идеямыз мәдениет нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартуды, олардың қызметкерлері үшін жалақы деңгейін арттыруды, сонымен қатар мәдениет саласындағы қызмет сапасын көтеру үшін халыққа қосымша қызмет көрсетуге мүмкіндік беруді қарастырады, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Палата төрағасы қазір мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа республикалық деңгейден 30 пайызға төменін, ал кітапханаларда, мұражайларда және театрларда жұмыс істейтін қызметкерлер небәрі 50-70 мың теңге алатынын жеткізді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, қазір олардың жалақысы 1,72 коэффициентке ұлғайтылуда. Сонда да бұл шара жабдықтау мен сапа мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Бұл мәселеде дау көп, Үкіметте бірлік жоқ: біреуі қолдайды, ал біреу қарсы. Өйткені бюджеттің шығыс бөлігін арттырады деп санайды. Пікір бірлігі жоқ. Сондықтан осы түзетуді қарауды кейінгі кезеңге қалдыру туралы шешім қабылданды, – деді Сенат басшысы.
Дариға Назарбаева талқылауды аяқтай келе, мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді парламенттік тыңдауда көтеруді ұсынды.
Отырыста сенаторлар елді мазалаған көкейкесті мәселелерді ортаға салып, оларды депутаттық сауал түрінде жария етті. Мысалға, Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаевқа жүгінген Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп дәрігерлерді тек қана сол салаға маманданған университеттерде оқытуды ұсынды.
«Күнделікті өмірде науқас адамды емдеуден бұрын диагнозды дәл қою мәселесінің өткір тұрғанын көріп жүрміз. Диагноз дұрыс қойылмағандықтан, оның арты қаншама қайғылы жағдайға душар етуде. Жыл сайын ЖОО бітірген жүздеген жас маман келеді. Солардың көбісінің қажетті білімі мен дағдысы, дәрігерлік машығы нашар. Тиісті салаға маманданбаған ЖОО-ларда дәрігерлерді даярлау ісіне жол беріп отырмыз. Елдегі бірқатар педагогикалық, жекеменшік университеттер дәрігер кадрларын оқытуға көшті», – деді сенатор. Басқа салада тәжірибе жасауға болар, бірақ дәл медицина саласында мұндай сынақ қауіпті.
Сенатор Марат Тағымов Премьерге жолдаған депсауалында шетелдік инвесторлардың Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» қорығы аумағын бұрғылап, ластағалы отырғанына дабыл көтерді. Көкжиде құмды алқабының астындағы ауызсумен Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстары тұрғындарын жабдықтау жоспарланған. Бірақ соңғы жылдары зерттеулер «Көкжиде» жерасты суларының мұнай өнімдерімен мықты ластанғанын көрсетуде.
Ақтөбе облысы Экология департаментінің дерегінше, көмірсутек шикізатын барлап өндіретін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Фирма Ада Ойл» ЖШС және «Қазақ Ойл Ақтөбе» ЖШС секілді мұнай компаниялары Көкжиде жерасты суының сапалық құрамына теріс әсерін тигізуде. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлар да 3-5 жыл аралығында 300-ден асатын қазіргі барлау ұңғымаларына қосымша жүзге жуық ұңғыма жасауды көздеп отыр. Сенатор пікірінше, олардың ісін қатаң бақылауға алу керек. Әйткенмен, бұл салада да қожайын жоқ.