Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстанның Сыртқы істер министрлері мемлекеттік шекаралардың Түйісу нүктесі туралы келісімді ратификациялау туралы хаттамаға қол қойды. Бұл тарихи рәсім сыртқы саясат ведомстволары басшыларының Ашхабадтағы кездесуі кезінде болды.
Құжатқа Қазақстан жағынан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Түркіменстан тарапынан осы елдің СІМ басшысы Рашид Мередов, ал Өзбекстаннан Сыртқы істер ведомствосының басшысы Абдулазиз Камилов қол қойды. Үшжақты кездесу ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысының қарсаңында өтті.
Тарихшылардың айтуынша, бұл үш елдің арасында ешқашан мемлекеттік шекара болмаған. Бағзы замандардан бері ел-жұртымыз төскейде малы, төсекте басы қосылып, араласып жатқан. Кезінде Еуропа және Ресей зерттеушілері бұл өңірдегі мемлекеттік бірлестіктердің саяси шекаралары халықтардың этникалық орналасу территорияларымен сәйкес келе бермейтінін жазып қалдырған екен.
Мәселен, Қазақ хандығы құрамына әр кезде Өзбекстан, Түркіменстан және басқа да көршілес ұлыстардың жерлері кірген. Қоқан хандығының аумағы заманауи Қазақстанның оңтүстігінде, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан жерлерінде жайылып жатқан. Бұқара әмірлігі Өзбекстанның қазіргі оңтүстігін, Түркіменстанның шығысын және Тәжікстанды қамтыған.
Азия, Еуропа, Америка мен Африка құрлықтарындағы өзге елдерден ерекшелігі сол, Орталық Азиядағы ірі өзендер – Сырдария, Әмудария, Іле, Зеравшан, Теджен, Мургаб та халықтарымызды бөле алмапты. Бұл өзендер мемлекеттеріміздің шынайы ішкі геосаяси шегіне айналмады. Тек Ресей және Британ империяларының өткен ғасырлардағы Орталық Азияға басқыншылығы ықпалымен дәстүрлі геосаяси кеңістіктің «компрессиясы» жүріп, ақыры ол Еуропаға тән құрылымданған жаңа аумақтардың пайда болуына әкелді.
Әйтпесе, ХХ ғасырдың басында Мұстафа Шоқай, одан кейін Тұрар Рысқұлов құрамына Қазақстанның оңтүстігі, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан мен Түркіменстан кіретін алып мемлекет – «Түркістан автономиясын» құруға күш салғаны, бірақ ол идея орталықазиялық мұсылман халықтардың бірігуінен шошынған Мәскеудің қуатты қарсылығымен басып-жаншылғаны мәлім.
Енді орталықазиялық үш мемлекет өз шекараларының түйісер тұсын ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы түгесілер тұста белгілеп отыр.
Аталған келісімге сәйкес, үш елдің арасындағы мемлекеттік шекара бір-бірімен Үстірт ауданында қабысады. Осылайша, үш елдің арасындағы делимитация үдерісі аяқталды. Және бұл мемлекеттеріміз арасында бұдан былай ешқандай жер дауы болмайтынын білдіреді.
Қазақстанның Өзбекстанмен арасындағы шекарасының ұзындығы – 2 351 шақырымнан асады, ал Түркіменстанмен ортақ шекарасының ұзындығы – 458,3 шақырымды құрайды.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қазақ-өзбек шекарасын шегендеу үдерісі 2000-2002 жылдар аралығында өтті. Оның бірінші кезеңінде шекара сызығының ұзына-бойының 96 пайызы бірден анықталған және тиісті келісім түрінде рәсімделді. Ал қалған даулы тұстар 2002 жылғы 9 қыркүйекте астанада Қазақстан мен Өзбекстан президенттері қол қойған «Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы шартпен» шешілді. Шекараны демаркациялау, яғни шекаралық белгілерді орнату жұмыстары 2004 жылы басталды. Қазіргі уақытта ол жұмыстар қорытынды кезеңіне шыққан.
Қазақ-түркімен шекарасында ешқандай даулы мәселе туындамапты, келіссөздер 2000-2001 жылдары аяқталды. Тараптар тіпті 1972 жылы Қазақ КСР-і мен Түркімен КСР-і арасында келісілген шекара сызығын өзгертуге қатысты ешбір ұсыныстар білдірмеді. Сөйтіп, 2001 жылғы 5 шілдеде елордамызда екі елдің мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау процесі туралы шартқа мемлекет басшылары қол қойды. Шекаралық белгілерді орнатуға елдеріміз 2005 жылы кірісіп, бірер жыл бұрын аяқтады. 450-ден астам шақырымда 330 қада қағылған.
СІМ дерегінше, Қазақстанның мемлекеттік шекарасында шектес елдердің шекараларымен төрт түйісу нүктелері бар. Соның ішінде Қазақстан – Қытай – Ресей, Қазақстан – Қытай – Қырғызстан, Қазақстан – Қырғызстан – Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімдер бекітіліп, күшіне еніпті.
Қазақ елінің айналасында достық пен қауіпсіздік белдеуін құру ісі осылай берік рәсімделіп, бақ-береке бастауына айналып отыр.