Түркістан облысында 73 мыңға жуық партия мүшесі дауыс берді
Түркістан облысында 73 мыңға жуық партия мүшесі дауыс берді
5,262
оқылды
Түркістан облысында праймериздің дауыс беру кезеңі аяқталды. «Nur Otan» партиясының бұл іріктеуіне өңірде қызығушылық өте жоғары болды. Жалпы 78262 партия мүшесінің 72973-і (93,2%) өз таңдауын жасады, - деп хабарлады Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. Олардың 62 990-ы онлайн режимде, ал 10 мыңға жуық адам қағаз бюллетенмен дауыс берді. Праймеризге бастапқыда 1144 үміткер тіркеліп, шешуші кезеңге 1076 үміткер қатысты. Дауыс берудің үшінші күні, яғни, 3 қазанда облыста 209 дауыс беру орны ашылды. Оның 170-інде онлайн, 39-ында қағаз бюллетеньмен таңдау жасалды. Барлық орындарда карантин талаптары қатаң сақталып, сайлаушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына баса мән берілді. Праймеризде үміткерлерге облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Ө.Шөкееев пен барлық аудан, қала әкімдері дауыс берді. Әрбір дауыс саны «Праймериз» ақпараттық жүйесінде сәт сайын жарияланып тұрды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша бұл праймериз қоғамға жаңа көшбасшылардың, жаңа есімдердің танылуына ықпал етті.
«Түркістан облысының 16 аудан, қаласында да жергілікті партия филиалдары, ұйымдастыру комитеттері аянбай еңбек етті. Партияның облыстық филиалы тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды. Барлық үміткердің үгіт-насихат жасауына, дебатқа қатысуына жағдай жасалды. Жаңа есімдер пайда болды. Праймериз қоғамды демократияландыруға, елдегі өзекті мәселелерді талқылауға, азаматтық қоғамды дамытуға өз септігін тигізіп жатыр деп ойлаймын», – дейді ол.
Праймериздің толық қортындысы, дауыс бергендер саны мен үміткерлердің рейтингі бойынша шешуші мәліметтер алдағы уақытта анықталады. Қазіргі таңда республикалық деңгейде нақтылау жұмыстары жүріп жатыр.