Тегін баспана кімге беріледі?
Тегін баспана кімге беріледі?
469
оқылды

Баспанаға сұраныс көбеймесе, азаймасы анық. Болашақта үй тегін берілмейді. Пәтерден-пәтерге көшіп жүрген отбасының нарық бағасымен баспана сатып алуға қаржылық мүмкіндігі де жете бермейді. Жұмыссыз жүрген азаматтарға тегін баспана беруді қолға алған «Асыл адам» қайырымдылық қорының жетекшісі Көңілбай Шүкеновтен сұрап білдік. Бұған дейін үйсіз-күйсіз жүрген отбасыларға Астана, Қарағанда, Ақмола облысында тегін баспана салып беріп, кәсіп ашып берген бастамасын бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Ақмола облысы әкімдігі, Nur Otan партиясы қолдап отыр.

Мақсат – жақсылық істеп жарысу

«Асыл адам» қорының мақсаты – жанашыр азаматтардың басын қосып, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру. Бұл идея тек Қазақстанда ғана емес, әлемге ортақ дүние. Қордың негізгі екі мақсаты бар. Бірінші – еріктілер армиясын құру. Екіншісі – жақсылық істеуден жарысу. Мақсатымыз – тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен, жұмыспен қамту. Баспана салып беріп, жұмыс беріп тәжірибеден өттік. Кәсіп ашқан жігіттер бірінші бизнесті дамытудың қыр-сырын меңгеріп, арнайы оқыту курстарынан өтеді. «Даму» қорының бизнес-тренингтеріне қатысады.

Жалқаулардың қарасы көп…

Қазір енжарлық басым. Біздің қорға күнделікті қаншама адам көмек сұрап келеді. Еңбек етіп, кәсіп ашудың жолын көрсетсең, еңбек етуге ықылас танытпайды. Мысалы, «Дамудың» тегін 2 күндік курсына оқуға бармайтындар көп. Барған күнде де сол оқудан кәсіп ашудың қыр-сырын үйренбейтіндер бар. Талаптанған адамға жол көрсетсең, барлық тапсырманы мұқият орындап, кәсібін бастап кетеді. Кәсіп ашуға тек қана жігер керек. Бірде еден жуушы келіншек келді. Одан үлкен кәсіпкер шықты. Уәдесі көп адамнан кәсіпкер шықпайды.    

Бастықтың тапсырмасы болса, амалсыз келетіндер бар

Төрт жылда «Бақытты отбасы», «Арман үй» жобаларын жүзеге асырдық. Отбасыға үй салып беріп, оны бақытты ете алмайсыз. Бақыт деген үй, көлік, қымбат киім емес. Дүниедегі ең қымбат – адам және олардың арасындағы қарым-қатынас, сыйластық, мейірім. Қазіргі кезде бәрі ақылгөй, бәрі шешен, ақыл айтуға ұста. Кейде бізге бір күнге асарға келіп жұмыс істейтін адамдарды таппаймыз. Топан су басып, үйі өртеніп кеткен отбасылардың үйіне барып, асарлатып жұмыс істеуге барғанда көршісін тонап жатқан көршілерді де көрдік. Көмекке барғанда міндетті түрде көршілерінен сұраймыз. «Көршіңіздің үйі өртеніп, қиын жағдайға душар болды» деп күрек сұрап барсаң «Маған не дейсің?» дейтіндер де бар. Асарға адамдар екі мақсатта келеді. Бірі – өзіне тиімді болса, екіншісі – әкімшілік, «Нұр Отан» тапсырма берсе, мәжбүрліктен келеді. «Біздің бастық сұраса, келіп-кетті деп айта сал» дейтіндер де бар. Шын көңілден, жанашырлықпен көмектеспесе жасандылықтың қажеті шамалы. Осыдан төрт жыл бұрын көпбалалы, тұрмысы төмен, от пен судан зардап шегіп, баспанасынан айырылып қалған отбасыларға асарлатып үй салып беретінбіз. Кәсіп ашуға жол көрсетіп, қолғабыс жасаймыз. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған бірегей жаңа жоба – «Шаруа мекенін» қолға алдық. Бастама еңбекқор отбасыларға арналған. Жылыжайда жұмыс істейді. Үй құстарын асырауға мүмкіндік жасалады. Байқауда жеңімпаз болған отбасы осы үйді тегін алады. Жарты жыл бойы жылыжайда жаңа технологиямен жеміс-жидек өсіреді. Көмек қажет болса, агрономдар кеңес, бағыт-бағдар береді. Қойылатын ең басты талап – жобада еңбек еткен кезде отбасы мүшелеріне ұялы телефон ұстауға рұқсат берілмейді. Несиесі болса, банкке қарыз несиесін төлеу мерзімін уақытша тоқтата тұру туралы өтініш жазамыз.  

Алты ай бойы күн сайын тапсырма беріледі. Видеоға түсіріп, өзгелерге үлгі болсын деп телевизиялық нұсқаны «Асыл адамның» YouTube каналынан көрсетеміз. Желтоқсанда  «Шаруа мекені» парақшасын ашамыз. Қатысамын деушілер өтінішін қалдырады. Комиссия мүшелері іріктеп, келер жылдың наурыз айынан бастап Ақмола облысындағы Аршалыдағы үйде кәсібін бастайды. Жобаға қатысқан отбасы сол үйді өз меншігіне аудара алады. Тегін баспанаға ие болу үшін отбасы мүшелері күн сайын берілетін тапсырманы орындауға міндетті. Жалқауларға орын жоқ. Мұқтаж отбасыларды арнайы комиссия анықтайды. Комиссия құрамында қоғам қайраткерлері, депутаттар бар. Комиссия мүшесі болсам деген белсенді азаматтарға есігіміз әрдайым ашық. 

Жылыжайда өскен жеміс-жидекті сатып ай сайын 600 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Айына 600 мың теңге пайда тапса, үй сыйға беріледі. Болашақта бір отбасы жылыжайда жеміс-жидек өсірсе, ендібірі мал бағады, үшіншісі қолөнермен шұғылданады. 

«Арман үйге» кез келген адам атсалыса алады

Апат айтып келмейді. Өрт пен судан, кез келген табиғи апаттан тұруға жарамсыз болып қалған үйлерді жөндеуге қол ұшын созған жанашыр азаматтарға арнайы сертификат береміз. Сертификат арқылы бағалы сыйлыққа ие болады. Біздің мақсатымыз – кедейлікпен күресу. Бала кезден «Адамдарға қайырымдылық жасаумен айналысамын» деп армандайтынмын. Сол арманым орындалғанына тәубе деймін. Аршалыдағы бес үйге байқау жариялаймыз. Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындары қатыса алады.

Асарға «айфон береміз» десең ғана келеді

Жылу жинау, асар қазақта бұрыннан бар. Шалғай ауылдарда мешіт, көпір, мектеп салынып жатса, ауыл тұрғындары көмектеседі. Сол үрдіс қалаларда жалғасын тапса екен. Асарға келетін адамдар көбінесе, «Асыл адам» қоры маған не береді?» деп сұрайды. Қазір асарға «айфон береміз» деп шақырамыз. Келісім бойынша сыйлықтарын алады. Асарға он бес жастағы азаматтар келгенде, «бала еңбегін қанадың, үстіңнен арыз жазамыз» дегендер де кездесті. Мектепте 2-сынып оқып жүргенде қой қырқуға баратынбыз. Қой қырқуға шамамыз келмесе де, қойды ұстап әкеліп, аяғын байлап береміз. Бізді бала кезден еңбекқорлыққа баулыды. Фермер әр балаға бір-бір қозы береді. Сол қозыға ерекше қамқорлықпен қарайтынбыз. Бүгінде ата-ана баласына айтқан затын алып береді. Баласы жалқау болып өссе, себебін қоғамнан іздейді.

«Мешіт асырауға міндетті» деген түсінік қате

Тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық қорлары көбіне сөмке-сөмке азық-түлік апарып береді. Біз әдейі азық-түлік, киім-кешек апармаймыз. Тұрмысын түзеуге жағдай жасаймыз. Күнделікті азық-түлікті бір-екі күн апарып, үшіншіде апармасаң «неге тамақ әкелмейсің?» деп ренжиді. Ол – масылдық психология. «Мешіт асырайды, қайырымды жандар азық-түлік әкеліп беруге міндетті» деген түсініктен арылу керек.