Қырғыз еліндегі жағдай: қай тарап кінәлі?
Қырғыз еліндегі жағдай: қай тарап кінәлі?
385
оқылды
Саясаткер Айдос Сарым: Қырғызстан
«Қырғыз Республикасындағы кешегі жағдай осыдан 10-15 жыл бұрын басталып аяқталмаған революцияның жыры. Бұған дейінгі төңкерістерде халықтың жағдайы жақсарады, бақытты өмір сүреді, жемқорлық түбімен жойылады деген сенім болды. Түптеп келгенде бірінші революция да, екіншісі де, үшіншісі де ешқандай нәтиже бермеді. Өйткені жемқорлық жойылмады, контрабанды тыйылмады. Қоғамның ішінде қордаланған мәселе жиналып қалды. Халықтың наразылығынан туындаған төңкеріс билікке, мемлекеттік құзырлы органдарға теріс пікір тудырады. Бұл «өзіміздің билік қой, керек болса төңкере саламыз ғой» деген пікірдің қалыптасуынан биліктің қадыр-қасиеті қалмайды. Сайлаудың қорытындысы белгілі болмай тұрып Атамбаевтың жақтастары  алаңға шығамыз деп жар салған болатын. Екіншіден, қырғыз еліндегі ішкі-сыртқы мәселелер де ықпал етіп отыр. Кедендік одаққа қосылғаннан кейін бюджеті тұралап қалды. ­Қырғыз азаматтарының көбі шетелде жұмыс істейді. Пандемия бұл елдің жағдайына артық ұпай қосқан жоқ. Керісінше сайлаудың ушығып кетуіне белгілі бір деңгейде әсері болды. Шекаралар жабылған соң өзге мемлекетте жұмыс істейтін қырғыздар елдеріне оралып жарты жылдай табыс көзінсіз қалды. Ашуға булығып отырған халыққа сайлаудың дұрыс өтпеуі, дәстүрлі партиялардың тағы да мүмкіндіктерін асыра пайдаланғаны, дауыс сату феноменінің пайда болуы теріс әсер етті. Өзгерісті сезінбеген халық көшеге шықты. Барлығы элитаның сапасына байланысты. Бүгінгі революциялық билік деп жүргендері кешегі премьер, вице-премьер болған азаматтар. Қырғыз елінің негізгі трагедиясы биліктің ру мен кландардың қолына өтіп кетуі. Сайлауға елуге жуық партия қатысамыз деген еді. Соның басым көпшілігі рулық, қаржылық тіпті, криминалдық топтардың айналасына біріккен партиялар. Бұлар ортақ жау шыққанда ғана бір мәмілеге келетін шығар. Қалған уақытта басы бірікпейді. Алдағы уақытта Президент және Парламент сайлауы өтуі мүмкін. Қырғыз ағайындардан көріп түсінгеніміз, көшенің ықпалында жүрген биліктің қауқары болмайды. Бұл билік өз мойнына жауапкершілік алмайды».

Халық сайлаудың өтуіне қарсы болды

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Санат Көшкімбаев: Қырғызстан 2n
«Қырғыз Республикасында осыдан екі күн бұрын азаматтар Ақ үйге басып кіреді деп ешкім ойлаған жоқ. Парламент сайлауының нәтижесі оқиғаның шиленісуіне негізгі себеп болып отыр. Сайлауға түскен 16 партияның 12-cі өткен жоқ. Көшеге шығып наразылық білдіргендер осы партиялардың жетекшілері мен жақтастары. Бұл сайлаушылардың 34%-ы. Яғни, 2 млн адам. Мәселе бұл азаматтардың заңсыз әрекет етуінде. Бұл жағдай қырғыз елінің болашақта дамуына кері әсер етеді. Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков халыққа жасаған үндеуінде елдегі жағдайдың тұрақталуы жеңілген партиялардың келісімге келуіне байланысты болатынын айтты. Расымен де солай. Жасыратыны жоқ, жағдайдың ушығуына елдегі экономикалық ахуал тікелей әсер етті. Пандемия белең алғалы бері халық қаржылық қиындыққа тап болды. Негізі наразы топ 4-ші қазандағы сайлаудың өтуіне қарсы болды. Қырғыз елінде наразылық шарасына қатысушылар уақытша премьер тағайындайтынын айтты. Ешқандай елде мұндай болмайды. Заңға қайшы. Қырғыз елінің болашағы қалай болатыны президенттің жағдайды қалпына келтіруге күш салуына байланысты болмақ».

Халық билікке сенім артпаса жағдай ушығады

Қырғызстан 3 Саяси сарапшы Замир Каражанов:
«Сайлауға қатысты халықтың күмәні туындаса Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков қайтадан тексеріс жүргізілетінін айтты. Енді оның қаншалықты ашық, қоғам үшін түсінікті болатыны маңызды. Меніңше жағдайдың  революциялық деңгейге жетуіге әлі ерте. Президент ешқайда қашып кеткен жоқ. Қырғыз елі саяси тәсіл арқылы барлығын қалпына келтіруге күш салады. Атамбаевтың босатылуы құқықтық тұрғыдан ақылға қонымсыз. Соттың шешімі қайда қалды? Азаматтардың өзі заңды белшеден басып отыр. Бұған дейінгі сарапшылар қырғыз еліндегі халықтың жағдайы қиындап, кедейленіп кеткенін айтты. Расымен солай. Тек бұл елде емес бұрынғы Кеңес үкіметінің құрамында болған мемлекеттердің дағдарысқа тап болғаны белгілі. Қырғыз азаматтары нан табу үшін шетел асуға мәжбүр. Бұл елдегі еңбек ресурсының дұрыс жүргізілмегенін, экономиканы әртараптандыру үшін жұмыс көзін ашуға бағытталған бағдарламалардың «тірі» емес екенін көрсетіп отыр. Дұрыс бағытта дамып келе жатқан елдің азаматтары шетелге қашпайды. Халық билікке сенім артпаса жағдай осылай ушығады. Өйткені жоғарыдағылардың нақты немен айналысып жатқанын білмеген қоғам әр дағдарыстың есебін биліктен сұрайды. Бұл жағдай Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы қарым-қатынасқа еш кері әсер етпейді. Билік ауысқанымен мемлекеттің алдындағы міндет өзгермейді. Әрине ішкі саяси жағдайлар елдің сыртқы абыройына нұқсан келтіретіні сөзсіз».