Күз бен қыс мезгілі – қалалықтар үшін ең қолайсыз уақыт. Өйткені үйлерді жылыту үшін Жылу электр орталықтары толыққанды жұмысқа көшеді. Ал қазіргі таңда олар көмір жағып отырғандықтан, көк түтін жұтуға мәжбүрміз. Бұны болдырмау үшін не істеу керек? Әрине, газға көшу керек. Бұл қашан орын алады? Соған жауап іздеп көрдік.
Бұл сұраққа жауапты Нұр-Сұлтан қаласына газ құбырын жеткізу туралы өткен жиында айтылған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің сөзінен тапқандаймыз. Ол: «Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы негізінде, елордаға газ жеткізу мақсатында, былтырғы жылдың желтоқсан айында «Сарыарқа» магистральды газ құбырын салу басталды. Ал дәнекерлеу жұмыстары үстіміздегі жылдың наурыз айында қолға алынып, міне 1 061 шақырымдық газ құбырының жұмысы мәресіне жетті. Техникалық жұмыстары қалды, ол қараша айында аяқталып, желтоқсанда газ беріле бастайды. Одан әрі қала әкімдігі тиісті органдармен біріге отырып, елорданы толық газбен қамтуға мүмкіндігі бар. Бұл – елімізде жүзеге асырылған ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жобаның мақсаты – елордамен қатар, оған жақын облыстар мен елді мекендерді газбен қамтамасыз ету», – деді.
Сондай-ақ А.Есімов еліміздің басқа да өңірлерінде газдандыру процесінің одан ары кезең-кезеңмен және жоспарлы түрде дамыту көзделгенін айтып өтті. «Магистраль салуға 2 мыңнан астам адам атсалысты. Бұл ретте, барлық құрылыс жұмысы еңбекті қорғау талаптарына қатаң сәйкестікте жүргізілді. Бүгінгі таңда кестеге сәйкес, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау мен Нұр-Сұлтан қалаларында газ өлшеу стансасы мен 5 газ тарату стансасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов: «Газ жеткізу құбырының дәнекерлеу жұмысы аяқталды. Ендігі жердегі қала әкімдігінің міндеті газ құбырын қала ішіне жеткізу, бұл жұмыс басталып та кетті. Нақты айтқанда, қаладағы ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге жеткізу үшін барлығы 13,5 шақырымдық құбыр қажет, оның 10 шақырымы бүгінде қазылды. Яғни, елордаға газ берудің бірінші кезеңі бойынша ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге газ келеді. Сонымен бірге қала бойынша Көктал-1,2, Агроқалашық, Оңтүстік Шығыс және Интернационал елді мекеніне газ келеді. Ал қаланың қалған бөлігіне 2 кезеңде жеткізіледі. Елордаға газ жеткізу жалпы құны 45 млрд теңге қаражатты қажет етіп отыр», – деді.
Қала басшысының айтуынша, Нұр-Сұлтанға газдың келуі бірқатар мәселенің шешілуіне септігін тигізеді. Алдымен отын, көмір жағудың салдарынан туындайтын ауа мен экологияның ластануынан арыламыз. Екінші мәселе, газдандырудың нәтижесінде түрлі қалдықты тастау азаяды. Ресми деректерге сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласынан жыл сайын 40 мың тонна түрлі санаттағы қалдық шығарылады. «Сондай-ақ тұрғындардан да қала экологиясына қатысты келіп түсетін арыз-шағым аз емес. Мемлекет басшысы елорданың экологиясына қатысты ескерту жасап, тиісті тапсырма берді», – деді ол.
Мұндай жағдай тек астанада емес, Қарағанды мен Алматы сынды ірі қалалардың да «бас ауруы». Мысалы, Алматы жылу электр орталығының көмір жағып келе жатқанына сексен жылдан асып кеткен. Дегенмен экологияны жақсарту мақсатында қаладағы автопарк, тұрғын үйлер мен жылу орталықтары газға көшірілген болатын. Бірақ ЖЭО-лар газға көшу үшін миллиардтаған қаржы керек.
Әрине, қыруар қаржыны талап ететін ЖЭО-лар толыққанды газға көшсе, ауа тазарып қалатыны рас. Сонымен бірге әрбір үйге де газ жеткізуге күш салу керек. Өйткені орталық жылыту құбырына қосылмаған жеке үйлер де күз бен қыста көмір жағып ауаға түтін жіберіп ластауға «үлес» қосады. Ал көмірімен аты шыққан Қарағанды облысы көмірге жарымай отырғаны да тағы бар. Оларға қатты отынды ел ішінде сатқаннан экспорттаған ынғайлы. Қазір Қазақстанда ішкі нарықта көмірдің бір тоннасы орташа есеппен 10 000-15 000 теңге аралығында сатылса, әлемдік нарықта бір тонна көмірдің орташа бағасы шамамен 100 000 теңгеге жеткен. Қытайдағы экологиялық жағдайдың қиындауына байланысты көмір өндірісін азайтып, жақпа газға көшкені белгілі. Көмір АҚШ пен Еуропада 60 000 теңгеге дейін арзандап отыр. Бірақ қалай арзандаса да, әлемдік нарықтағы көмірдің бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 5-7 есеге қымбат.
Дегенмен ресми мәліметтерге сәйкес еліміздегі газ саласының ерекшеліктері шикізат қорының құрылымынан басталады. Каспий маңы ойпатын қосқанда Қазақстан газының жорамал ресурстары 6-8 триллион шаршы метрді құрайды. Бекітілген және қабылданған мемлекеттік баланс А+В+С1 категориялы газ қоры 3,001 триллион шаршы метр болып табылады. Каспий маңы ойпаты кен орындарының арасында бұл категорияға 227 миллиард шаршы метр бекітілген қоры бар Қашаған кен орны жатады. Еліміздің аумағында қойнаудағы газ қоры әркелкі таралған. Баланс қорының 64 проценті Қарашығанақ және Теңіз кен орындарында (30 миллиард шаршы метрден артық газ қоры бар), ал 16 процент яғни 100-300 миллиард шаршы метр газ қоры Қашаған, Имаш, және Жаңажол кен орындарында барланған. Республиканың табиғи және ілеспе газдың дәлелденген қорының 90 проценті Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында таралған. Қазақстанда табиғи газдың қоры 1,84 миллиард тоннаны құрайды. Иә, газ бар. Оны ілкімді пайдалану керек-ақ.
«Елордаға газ берудің бірінші кезеңі бойынша ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге газ келеді». Бұл – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің сөзі. Олай болса, алдағы күндері ауа сапасы жақсарып, тек астана ғана емес, басқа қалалардағы Жылу электр орталықтары да көгілдір отынға көшеді деп сендік.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ