Бүгінде Еуропа елдері, жалпы батыс әлемі «Берлин қабырғасының» құлағанына 30 жыл толуын атап өтуде. Бұл революция да шеруден басталған: алдымен 1989 жылғы 4 қарашада ГДР-де сөз және жиналыс бостандығын талап еткен ірі митинг ұйымдастырылды. 9 қарашада 17.00-де жергілікті телеарна «Батыс Берлинге жол ашылатынын» хабарлады. Шығыс Берлиннің 20 мыңға жуық тұрғыны қабырғаға тұра ұмтылды. Оның арғы бетінде бульдозер, трактор мен экскаваторлар іске кірісіп, блокты конструкцияны бұзуға кірісіп кеткен-тін.
Сол күнгі кешкі 19.34-те тікелей эфирде сөз сөйлеген ГДР үкіметінің өкілі Гюнтер Шабовски елге кірудің және шетелге шығудың жаңа ережелерін жария етті. Оған сәйкес, ГДР азаматтары ГФР-ге сапарлағысы келсе, бұрынғыдай штазидің тексеруіне өтпей-ақ, лезде виза ала алады. Мұны естіген жүздеген мың адам 9 қараша түні шекараға шұбырды. Шекарашылар алғашқыда суатқыш көмегімен оларды кері қайтармаққа ниеттенді. Бірақ шығыстан келушілерді қарсы алуға ар жақтан – Батыс Берлиннен мыңдаған тұрғын ағылды. Шекара қақпалары ашылып сала берді. Шат-шадыман көңіл күй, бір-бірін құшақтаған адамдар, әуелете шырқалған ән – оқиға әлдебір мерекеге ұқсады. Біріккен елдің бақыты мен қуанышы барлық шекаралық кедергіні шайып кетті.
Ақыры 1990 жылдың қазанында ГДР аумағы ГФР-ге қосылды. «Берлин қабырғасы» күресінге жіберіліп, орнына Жапония сыйлаған сакуралар отырғызылды. DW саяси сарапшысы Линда Фиреке содан бері үш онжылдық өтсе де, екі тараптағы немістер бір үйдің баласындай бірігіп кете алмағанын айтады.
«Бір күннің ішінде құндылықтар өзгерді, күні кеше ғана қасыңда жүрген көрші-қолаң, дос-жаран өзге қалаларға көшіп кетті, зауыттар жабылды, Кеңес билігі бағалаған біліктілік пен мамандықтар жаңа Германияға қажет болмай шықты. 1990 жылы 3 қазанда Германия біріккенде менің әкем 37-де болыпты. Бұған дейін ол физик ретінде ГДР-дің болат құю кәсіпорнында жұмыс істеді. Кейін жұмыссыз атанды және өмірінің соңына дейін лайықты жұмыс таба алмады. Шығыс Германиядағы әрбір отбасының ұқсас тарихы бар. Сол кездегі өзгерістер ГДР тұрғындары үшін өте радикалды еді. Қаншама әйел мен ер жұмысынан айырылды, Батыс Германия қажет ететін біліктілікке қол жеткізу үшін көп рет қайта оқытудан өтті. Көбі жан сарайында пайда болған бос қуысты ішімдікпен «толтыруға» тырысты», – дейді Линда Фиреке.
Екі ел біріккен соң шығыс Германияда бала туу көрсеткіші 50 пайызға құлады. Мұндай кесапат тіпті Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстардан кейін де болмапты. Саясаткерлер Германияның шығысы мен батысы арасындағы алшақтық пен айырмашылық уақыт өте келе жойылады деп сенеді. Әйткенмен, әзірге олай болмай тұр. Мұны Германияға саяхаттаған қазақстандықтар да анық аңғарады. Мемлекет елдің шығыс аумақтарын дамыту үшін 1,6 триллион еуро шығындады. Дегенмен ГДР жұртында қалған қалалардың бейнесінен кеңестік сәулет табы сезіледі. Шығыс жерлердегі немістер батыстағы отандастарына қарағанда 17%-ға аз жалақы алады. Зейнетақыда да айырмашылық анық аңғарылады. Қарапайым немістер мұны әділетсіздік санайды.
Оларды тағы бір қамықтыратыны, Германияның басшылық лауазымдарында шығыс немістері жоқтың қасы. Еуропадан кіндігі ажырамаған ГФР элитасы әлемге «әйкәпір» кеңестің қанатының астында болып қайтқан шығыс немістер арасынан білікті басшы шығатынына сенбейтін секілді. Осыған қатысты сан-статистиканы білгенде сарапшылар жаға ұстады: қазіргі Германияның биік лауазымды тұлғалары арасында тек 1,7% ғана шығыс немістері бар екен. Ал судьялар, ректорлар, мемлекеттік хатшылар секілді шешім қабылданатын қызметтерде экс-ГДР тұрғындары жоқ.
Ол ол ма, бұрынғы ГДР-дің өзінде бүгінде негізінен батыс бөліктен келген топ-менеджерлер мен басшылар отыр. Олар ХХ ғасырдың соңында елді көтеру үшін уақытша жіберілген. Жерсініп қалып қойды, ізінен «орынбасарларын», командасын ерте келді, үстемдік алды. Бұл да шығыс немістердің өзін екінші сортты адамдай сезінуіне себеп.
Бұдан бөлек, бұрынғы ГДР-де болған оң тәжірибе де көпке дейін еленбей, іске алғысыз саналып келді. Оның құндысын енді ғана көруде. Мысалы, ГФР-де емхана деген болмаған: көз дәрігері бір жерде, лор-дәрігер қаланың басқа жерінде отыратын. «Берлин қабырғасы» күйреген соң ГДР-дегі мұндай емдеу тәсілін түсінбеген батыстық басшылар оны жаппай жаба бастады. Содан 1989 жылы болған 5 мың 248 емханадан 1992 жылы 433-і, тағы бес жылдан кейін тек екеуі ғана қалды.
«Тек бертінде ғана билік медициналық өзара іс-қимылдың мұндай құрылымы ұтымды екенін түсінді. Әсіресе, қарт және созылмалы сырқаты бар адамдарға қаланың бір шетінен екіншісіне жүгіру қиын. Ал емханада бір дәрігердің кабинетінен шыға сала екіншісіне кіре алады. Осылайша, 2004 жылы бүкіл Германия бойынша бұрынғы емхана үлгісінде жұмыс істейтін, яғни әртүрлі сала дәрігері бір жерде отыратын көпбейінді медициналық орталықтар ашыла бастады», – дейді ГДР-де емханаларға жауап берген үкімет өкілі Бернд Кёппль (Bernd Köppl).
Қос Германияның қосылу тәжірибесі бізге қандай сабақ? Елдің ешқашан бүтіндігін жоймағаны керек. Бөлінді екен, қайта бірігіп кету қиынға түседі. Бұған Оңтүстік және Солтүстік Корея, Молдова мен Румыния, Оңтүстік және Солтүстік Осетия секілді елдердің тағдыры дәлел.